Түскі астан кейін ұйықтап қалмаудың әдістері

Түскі астан кейін ұйықтап қалмаудың әдістері

Архимед заңы бойынша түскі астан кейін ұйықтап алу керек екен. Расында да өзіңді түсте тамақтанып алған соң ойлау қабілетің төмендегендей сезінесің.

Көптеген психолог маман түскі астан кейін ұйықтап алуға кеңес береді. Түсте ағзамыздың шаршайтын себебі тамақтанып алғаннан емес, негізінде, сағат 13.00 мен 14.00 арасында қызметте жүрген адамның ұйқысы келеді екен. Алғашқы кеңесіміз – ұйықтап алу. Алайда, сағаттап емес, креслоңызға жайғасып алып, 15 минутқа ұйықтап алыңыз. Мұның арқасында миыңыз демалып, ағзаңыз қабылдаған асты қорытып алады. Содан соң жұмысыңызды ары қарай жалғастыра беруіңізге болады. Айтпақшы, осындай түскі уақыттағы 15 минуттық ұйқы сіздің жұмыс істеу қабілеттілігіңізді 40%-ға арттырады.

Тіпті кейбір ірі компанияларда қызметкерлерге арналған дивандары мен креслолары бар арнайы бөлмелер жасалған. Себебі, расында да, 8-12 сағат бойы жұмыс орнында қозғалмай отыру мүмкін емес, мүмкін болғанда да арты ауруға немесе күйзеліске апарып соғады.

Егер сіздің жұмыс орныңызда демалып алуға мүмкіндік болмаса, назарыңызды басқа жаққа аударыңыз. Мәселен, әріптестеріңізбен бір шыны кофе ішіп, әңгімелесіп, соңғы жаңалықтарды талқылап, не болмаса жақындарыңызға телефон шалып, қал-жағдайларын сұрастырып қойсаңыз болады. Ал егер сіздің жұмысыңыз бір орында отыратын емес, үнемі қозғалыста жүретін болсаңыз, керісінше, отырып, демалуыңыз керек. Саябақтағы орындыққа отырып, деміңізді басып немесе жерге кішігірім көрпеше төсеп, демалып алсаңыз болады. Егер күн суық болса жақын жердегі кофеханаға барып, кофе ішіп алыңыз. Ағзаңыз да, өзіңіз де біраз босаңсып, демалып аласыз. Оқушы, студенттерге университет, колледж, мектеп ауласына шығып, сергіп қайтқан дұрыс.

Сонымен қатар егер сіз түскі асқа тойып, тамақтанып алсаңыз, ағзаңыз қорыту үшін көп күш жұмсайды да, сіздің жұмыс істеу қабілетіңіз азаяды. Әсіресе, оқуда жүргеніңде түстен кейін ұйықтағың келіп, шаршап, сабақта әрең отырасың. Сондықтан түскі асқа жеңіл тамақтанған дұрыс. Жұмыс уақытында бірнеше рет 5 минуттық үзіліс жасап, жеміс-жидек, жаңғақ, тіпті, шоколад жеп алып тұруыңыз керек.

Осындай әдістерді пайдалансаңыз жұмыс күні жеңілірек өтетініне күмән жоқ! Сәттілік тілейміз!

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: content.ru, st.gdefon.com

Ф. Абилова