Ауырмаудың жолдары

Ауырмаудың жолдары
Фото: pixabay.com

"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дейді қазақ. Болмысты зерттей, зерттей түбіне жетпеген ғалымдар мен дәрігерлер бәрі адамның өзіне байланысты деген қорытындыға келіп отыр.

Сонымен, ауырмаудың жолдары:

1. Ағзаңызды барынша тануға тырысыңыз. Денсаулыққа ненің пайдалы, ненің зиян екенін біліңіз. Тамаққа аса ұқыптылықпен қараған жөн. Жеткілікті түрде көкөністерді қолдануға тырысыңыз. Тамақты асықпай, шайнап жеңіз. Кешкі 6-7-ден кейін, тамақтанбауға тырысып, ағзаңызды үйретсеңіз, нұр үстіне нұр. Ал тәбетіңіз жоқ болса, өзіңізді қинап, тамақ жемегеніңіз дұрыс.

2. Табиғатпен етене жақын болыңыз. Қолыңыз қалт еткенде, көрікті жерлерге барып, саябаққа серуендеңіз. Жылы күндері табаныңызға топырақты сезіндіріп, жиірек жалаңаяқ жүруден қорықпаңыз. 

3. Мейірімділік пен ниеттің тазалығы. Төңірекпен тату-тәтті өмір сүру адамның жанын ғана емес, тәнін де сау қылады екен. Сізге бәрінің де жылы жүзбен сөйлегенін қалайсыз ғой? Ендеше, алдымен өзіңіз айналаңызға шуақ шашып, күлім қағыңыз...Қоғаммен келісімде өмір сүру жанға ерекше рақат сыйлайтыны анық.

4. Үнемі он екі мүшем сау деп өзіңізді сендіріңіз. Әрбір мүшеміз мимен тікелей байланысты. Осы ретте бір әңгіме айтып өтейік. Шетелдік бір әйел өзін-өзі өлтірмек болыпты дейді. Артына өсиетін айтып, хат қалдырыпты да, дәрі ішіп, бірнеше минуттан соң, о дүниеге аттанып кетіпті. Кейін талдау жасаған дәрігерлер әйелдің ағзасынан ешқандай да улы нәрсені таппай, оның ішкені у емес, кәдімгі дәрілердің бірі екенін анықтаса керек. Әйелді өлтірген - у емес, сенім екен...

5. Ұйқы. Күніне 6-7 сағаттан кем ұйықтамаңыз. Ұйқы кезінде адам өсіп, ағзаның қалпына келу үрдісі жүреді. Ұйқыңызды қандырып алудан қорықпаңыз...

"Басты байлық - денсаулық". Ал денсаулықтың бірінші байлығы - адамның ішкі күші екенін ұмытпаңыз...

М. Оңғарова