SPA (СПА) дегеніміз не?

SPA (СПА) дегеніміз не?

СПА сөзі бельгиялық Спа курортының атауынан шыққан. XVI ғасырдан бері Спа бельгиялық туристердің сүйікті мекені. XVII ғасырдан Британияның минералды сумен емдейтін емханаларын Спа деп атай бастады, тек XX ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл сөз жаңа мәнге ие болып, СПА деп қонақүйлердің Wellness-алқаптарын атайтын болды.

Spa сөзі латынның sanus per aquam – «су арқылы денсаулық» сөз тіркесінен шыққан дегенді жиі кездестіруге болады. Бірақ бұл мағына дұрыс емес. Латын тілінің грамматикасында мұндай тіркес қате болып саналады, өйткені sanus сөзі «денсаулық» емес, «дені сау» дегенді білдіреді және «су арқылы денсаулық» тіркесі латыншаға aquae vi sanus, aqua sanatus деп аударылады.

SPA (СПА) – бұл теңіз суы, жылы су, минералды немесе тұщы су, теңіз балдырлары, дәрілік өсімдіктер мен шипалы балшықпен емдеу бағдарламаларынан құралған кешенді сауықтыру шаралары. Мақсаты – денеңізге, жаныңыз бен рухыңызға жаңа дем беріп, сауықтыру. Сонымен қатар, SPA-ға фитнесс-бағдарламалар, диеталық, регенерациялау мен дене мен бет терілерін жасарту бағдарламалары да кіреді. SPA (СПА) деп тағы сумен емдейтін шипажайларды атайды.

Азия елдерінің тынық мұхиттық жағалауында орналасқан СПА-кешендерді атап өту керек. Бүгінде дәл солар үлкен танымалдылыққа ие.

SPA-ға сонымен қатар:

  • сауналарды (классикалық фин саунасы, бу ванналары, мұзды үңгірлер, биосауналар);
  • шомылуды (ваннада, ашық бассейнде, жабық бассейнде, джакузиде, тұзды ваннада);
  • фитнесті (күш түсірмейтін жаттығулар, кардиожаттығулар, гимнастика, бұлшық етті созуға арналған жаттығулар, буындарға арналған жаттығулар);
  • классикалық емдеу шараларын (массаж, бет массажы, нүктелі массаж, түрлі майлар мен тұздар қосылған ванна және педикюр мен маникюр) жатқызуға болады.

Қазіргі таңда SPA қызметінің аясына алуан түрлі ұсыныс кіреді. Жоғарыда аталып өткен бағдарламалармен қатар, диеталық бағдарламалары да қоса жүретін емдеу шаралары бар. SPA түрлі категорияға бөлінеді: SPA-клиника, SPA-орталық, SPA-қонақүй, SPA-косметика. Тәжірибелі мамандар сіздің талабыңызға сай бағдарламаны таңдап бере алады.

SPA емдеу шараларының мақсаты ағзаны релаксациялау, сауықтыру болып табылады. Емдеу шаралары кезінде қолданылатын амалдар тері қабаты арқылы адамның ағзасына әсер етіп, зат алмасу процесін, қан айналымын жақсартады, ағзадан токсиндер мен боқаттардың (шлак) шығуына ықпал етеді. SPA-дан шыққан адамның жалпы жағдайы жақсарып, өзін сергек сезініп, көңіл-күйі көтеріледі.

Сурет: ladysview.net

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina