Түскі асқа дейін шыдай алмасаңыз...

Түскі асқа дейін шыдай алмасаңыз...

Көптеген қызметкерлер таңғы ас пен түскі астың арасында қолайсыз жағдайларға ұшырасып жатады. Бірі таңғы асын дұрыс емес немесе мүлде ішпегендіктен түскі асқа дейін шыдамсызданып кетеді. Ал асқазан риза емес кезде дұрыс жұмыс жасау мүмкін емес. Осындайда есімізге жеңіл-желпі тағамдар түсе бастайды.

Кеңседе желінетін жеңіл тағамдар қандай болуы керек? Біріншіден, бұл тағамдардың калориясы аз болу керек, мұндайды ашығуды сезінген сайын қорықпастан ауызға аласыз. Екіншіден, олар тоңазытқышта сақталмаса да бұзылмайтын тағамдар болсын. Үшіншіден, қолымен желінгені дұрыс.

Сонымен қатар, жеңіл тағамдар жұмыс өнімділігін арттыра түседі. Берлиндегі Гумбольдт университетінің қызметкерлері кеңседе тамақтану күні бойы ақыл-ой белсенділігін қалыпты ұстап тұра алатындығын дәлелдеп шығарды. Неміс ғалымдары жүргізген тәжірибеге жұмыс үстелінде отырып тамақтанатындар мен сырттағы дәмханаға баратындар қатысқан. Соңғылары түстен кейін әлсіреп, миы тапсырмаларды шешіп, қателіктерді сараптауға дәрменсіз болып қалса, орнында отырып тамақтанғандар белсенділігін жоғалтпаған.

Жоғарыда көрсетілген талаптарға сай келетін жеңіл тағамдардың бірнеше нұсқасын ұсынып көрмекпіз.

Кесілген жеміс-жидектер

Тым шырынды жемістерді таңдамаңыз, қолыңыз, киіміңіз, жұмыс үстеліңіз былғанады. Алма, банан, сәбіз, қияр, асқабақ және жидектер жарай береді. Оларды пластикалық контейнерге салып әкелсеңіз болады.

Дәнді нан өнімдері

Олардың құрамында дәрумендер мен микроэлементтер және жасұнық көптеп кездеседі. Тез сіңеді әрі артық калорияларымен қауіп төндірмейді.

Лаваштағы кішкентай роллдар

Салындының нұсқалары көп: майсыз ірімшік пастасы, аскөк, көкөніс, уылдырық қосылғандары да жарайды. Бастысы жеуге ыңғайлы болсын, әдеттегі роллдардан кішірек болғаны абзал.

Жаңғақ

Жаңғаққа келгенде талас туып қалуы мүмкін. Бір жағынан ақуыз бен пайдалы майларға бай, екінші қырынан калориясы көп. Жүз грамм жаңғақта 600 калория бар. 

Кептірілген жемістер

Диетолог мамандар кептірілген жемістерді де көп пайдалануға рұқсат бермейді. Олардың бойында тым көп қант шырыны болғандықтан абай болғаныңыз жөн.

Сүт өнімдері

Ең жақсы нұсқа! Жолда келе жатып дүкенге соғыңыз да, өзіңіз ұнататын айран түрін немесе йогурт ала келіңіз. Олар сізді түскі асқа дейін құтқарып қалады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: aif.ru, vk.com