"Әй, саусағыңды қытырлатпа!"

"Әй, саусағыңды қытырлатпа!"

"Әй, саусағыңды қытырлатпа! Бұл сенің буындарыңа зиян!" – деген сөздерді ата-аналарымыздан жиі естіп өстік, әлі де айтады.

Алайда, бұл сөздердің байыбына барған емеспіз, айтылған жерде қалып қойды. Қалай ойлайсыз, саусақты қытырлатудың шыныменде қандай зияны бар екендігін, сүйектерге қалай әсер ететіндігін біліп алудың кезі келген жоқ па?

Саусақты қытырлату – көпшілігіміздің әдетімізге айналып кеткен, әңгіме айтсақ та, сабақ үстінде де, жұмыс жасап отырып та, жатып та, жүріп келе жатып та саусақтарымыздың мазасын аламыз. Бүгінгі мақаладан кейін бұл әдетіңізді жалғастырасыз ба, әлде, тоқтатасыз ба, өзіңіз шешесіз.

Физиологиялық тұрғыдан айтатын болсақ, саусақтың қытырдауы – газдың көпіршіктері шығаратын дыбыс. Ал саусақты қытырлату сіңірлердің жұмысын жақсартып, буындарды, бұлшық еттерді босатып, әлсіретіп жібереді.

Калифорниялық дәрігер Дональд Унгер өте қызықты тәжірибелік жұмыс жасап көрген екен. Бұл зерттеуді жүргізуге бала кезінен бері "әй, саусағыңды қыртылдатпа" деумен келген анасы себепкер болды. Жас Дональд күн сайын сол қолының сүйектерін қытырлатып, оң қолына мүлде тиіспеген. 83 жылдан кейін, яғни 60 жыл бойғы зерттеу нәтижесі "Қолдағы саусақ сүйектерін қытырлату зиян ба?" деген сауалдың нақты жауабын бере алады.

Сонымен дәрігер, екі қолдың да біркелкі жағдайда екендігін айтып отыр. Қытырлатқан сол қол да, зиян тимеген оң қол да аман-есен. Яғни, саусақты қытырлатудың ешқандай зияны жоқ!

Егер сіздің ондай әдетіңіз болса, қам жемеуіңізге болады. "Әй, саусағыңды қытырлатпа!" деген сөзді әлі талай еститін боласыз, тіпті оларды сендірудің өзі қиынның-қиыны. Бірақ, саусақтарыңызға келер ешқандай қауіптің жоқ екендігін біле жүріңіз. Көптеген ғылыми, медициналық еңбектерде бұл әдеттің зиян екендігі жазылады, ал Дональдтің 60 жыл бойғы зерттеуін қалай жоққа шығарасыз? Ол осы жаңалығы үшін медицина саласында үлкен марапатқа ие болған.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:doctorvlad.com