Есімде жоқ...

Есімде жоқ...

"Ессіз ғашық болу" ессіз сөзінің ең жағымды қолданысы. Ал ессіз өмір сүру, ессіз жұмыс жасау мүмкін емес. Сондықтан есімізді жаттықтырып, миымыздың жадысын "кеңейтейік".

Қазірдің өзінде есте сақтау адам миының мүмкіндіктерімен шектеліп, компьютер технологияларына ауысты. Ғылымның жетістіктеріне толықтай сеніп, қазірде бар керек ақпарат, құжат пен естеліктерді интернет пен компьютердің жадысында ғана сақтамай, өзіңіздің есіңізді де жақсартып, жаттықтыруға тырысыңыз.

Тарихта феноменалды ес иегерлері белгілі: біреулер қиын математикалық кестелерді есте сақтаса, басқалары географиялық атауларды жатқа айта алады. Наполеон мен Суворов әскерлеріндегі сарбаздарының есімдерін жатқа білген деседі. Әрине есті осылайша жаттықтыру қиын болмақ, қазіргі заманда ол қажет те емес, алайда қандай да бір жаттығулар жасап, таныс кісілердің есімдерін, телефон нөмірлерін бірден есте сақтай алу сізге өмірде пайдалы болады. Сондықтан келесі кеңестерді біліп жүргеніңіз абзал.

Ұйқыға жатар алдында өткен күнді еске түсіріп, баста бір айналдырып шығыңыз. Қолыңыздан келсе, уақытты керісінше айналдырыңыз, яғни кештен бастап таңға дейін. Барынша көп ұсақ-түйектерді еске алуға тырысыңыз.

Бір нәрсені есте сақтау керек болса, оған үлкен мән беріңіз. Ойыңыздың барлығын сол нәрсеге шоғырландырып үйреніңіз. Ол үшін бір уақытта бірнеше іс жасап көріңіз. Және сол істеген әр іске назар салуға тырысыңыз. Бірініші рет бұл қиын болса да, уақыт өте жаттығып кетесіз.

Есте сақтаудың тағы да бір жақсы амалы - қайталау. Қажет ақпаратты мейлінше көп рет, арасына уақыт салып қайталаңыз. Сабақтарды оқудың да ең оңтайлы жолы осы. 

Керекті ақпарат есіңізге түспей тұрғанда бірден интернеттің көмегіне жүгінбей, өзіңіз еске алуға тырысыңыз.

Контекст арқылы оқиғаны еске түсіру оңай. Мысалы алдыңғы күні болған ауа-райын еске алу үшін сол күні не киіп, қайда барғаныңызды еске түсіріп көріңіз.

Тізімдер құрау есте сақтау үшін жақсы жол деп ойлап келдіңіз бе? Бұл тек еске түсіруге көмектеседі, алайда есіңіз осылайша демалып, "жалқау" болып кете алады. Өте маңызды заттарды жазып жүріңіз, бірақ маңыздылығы аз заттарды, мысалы дүкеннен сатып алу керек азық-түліктер тізімін жазбай-ақ есте сақтауға тырысыңыз.

Құрамында омега-3 май қышқылдары мен антиоксиданттар бар грейпфрут, грек жаңғақтары, бал, балық жеп жүріңіз. Спорт пен жақсы ұйқы жайлы да ұмытпаңыз.

 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: travel.cnn.com

С. А