Ұмытып қалдым!

Ұмытып қалдым!

Қазіргі уақытта адам баласы күнделікті көріп, естіп, оқып қабылдайтын ақпараттың мөлшері тым көп. Оның көбісі қажет емес болса, арасында әр уақыт есте сақтап тұру керек маңыздысы да бар. Қажетті телефон нөмірі, емхананың мекен жайы, анаңыздың "сатып алу керек" тізімі, жұмыс бабымен кездесу уақыты мен сүйікті құрбыңыздың туған күні... Осының арасында біреуін болса да, ұмытып қалып, артынан "қап!" деген кездеріңіз болды ма? Жалпы осыншама ақпаратты қалай есте сақтауға болады?

Қазірде кең қолданысқа ие заманауи смартфондар мен планшеттер күнделіктің орнын басып, бізге күнтізбемізді жоспарлауға көмектеседі. Алайда ол "темір" жұмыс естімей, қуаты отырып не жоғалып қалатын кездері болады. Сол себепті еш күнделік, смартфон мен күнтізбелерсіз өзіңіз-ақ есте маңызды ақпаратты сақтай алатындай жадыңызды қалай жаттықтыруға болады?

Бірнеше қарапайым бірақ әсерлі жаттығуларды орындау есте сақтау қасиетін жақсартуға көмектеседі. 

1. Маңызды ақпарат пайда болғанда, оны есте сақтау үдерісіне үлкен көңіл бөліңіз. Ақпаратты бірнеше рет қайта оқып, тыңдап, ол жайлы ойланып, соған байланысты ассоциацияларды ойлап табыңыз. Осы ақпарат ағымына барлық сезім мүшелеріңізді қосып, оны барынша сезініп көріңіз. Сезініп қабылданған ақпарат есте қалып, ертең сезім мүшелері арқылы есіңізге түседі.

2. Бір нәрсе есіңізден шығып кетсе, оны күнделіктен не интернеттен қарап, таныстарыңыздан сұрағанның орнына бірнеше минут тыныштықта отырып, өзіңіз еске алып көріңіз. Қажет болса көзіңізді жұмып, бар назарыңызды соған бөліңіз. Табылмады дегенде ғана басқалардың көмегіне жүгінуге болады. Осылайша миыңызды жұмыс істетіп, жадыңызды жаттықтырасыз.

3. Әрине есті жаттықтырудың ең оңтайлы жолы – кітап оқу. Өмір бойы көп кітап оқып, бірақ кейін оның сюжетін, кейіпкерлерін ұмытып қаласыз ба? Кезекті кітапты аяқтағаннан кейін оның сюжетін қысқартып жазып алыңыз. Кейіпкерлердің есімдерін жібермей жазған дұрыс. Артынан жазып алған шағын әңгімеңізді қайта оқып, кітапты толықтай еске алуға тырысыңыз.

4. Егер расында маңызды бір ақпаратты есте сақтау керек болса, оны жаттағанның орнына көзіңіздің алдына елестетіп көріңіз. Жатталған ақпарат келесі күні-ақ естен шығып кетеді, ал көз алдына бейне болып сақталған ақпарат әлі ұзаққа ұмытылмайды. 

5. Бірінші рет көрісіп, біреумен танысқан кезде, адамның есімін есте сақтау өте қиын. Ал оны қайта-қайта сұрай берген де ыңғайсыз. Мұндай кездерде оның есімін іштей бір танымал жұлдызбен байланыстырыңыз немесе сол есімді бір нәрсемен ассоциациялаңыз. Осылайша осы кісінің атын мәңгілікке есте сақтайсыз.

6. Маңызды ақпаратты қайталап есте сақтауға болады. Бірақ бірден он рет қайталағанша ақпаратты 10 күн бойы бір реттен қайталап отырған дұрыс.

7. Спортпен айналысып, дұрыс тамақтану керек. Иә, денсаулыққа байланысты кез келген кеңестер осы тұжырымға келіп тіреледі. Салауатты өмір тәртібін ұстану қашан болса да қажет. Мамандар спорттық жаттығулар мен дұрыс тамақтану қан айналымын реттеп, мидың жұмысына үлкен әсерін тигізеді деп айтады. Нәтижесінде есте сақтау қабілеті де дұрысталады. Сондай-ақ, балық, дәнді дақылдар мен көкөністер есте сақтау қасиетіне тікелей әсер етеді екен.

8. Сүйікті ақындардың өлеңдерін жаттап жүріңіз. Мысалға демалыста, қол бос кезде, тамақ даярлап не үй жинағанда бір өлеңді жаттап алуға болады. Ал оны апта бойы қайталасаңыз, ол ұзаққа есте сақталады. Нәтижесімен достарыңыз жиналған әдеби кештерінде мақтана аласыз.

9. Шет тілдерін меңгеріңіз. Психолог мамандардың айтуынша, шет тілдерін үйрену мидың ерте қартаюынан сақтайды, есті жақсартып, жадыны жаттықтырады. Ал қазіргі кезде шет тілдерді жетік білу мансап үшін де қажет.

10. Еріншек болмаңыз. Еріншектік ең бірінші миға әсер етіп, оны да еріншек етіп, есте сақтау қабілетіне зақым тигізетінін мамандар баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Былайша айтқанда, өмірде белсенді адамның миы жақсырақ жұмыс істейді.

Осындай қарапайым күнделікті жаттығулар қажетті ақпаратты есіңізде сақтауға көмектесіп, келесіде маңызды кездесулер мен телефон нөмірлерді ұмытпайтын боласыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: alarab.net

С. А