Massaget.kz-тің енді өз подкасты бар

Massaget.kz-тің енді өз подкасты бар
Фото: Yernar Almabek

Massaget.kz жастар порталы сайттың 10-жылдық мерейтой құрметіне Ottegi подкастар легін дайындады. 

Адам ағзасы қалыпты жұмыс істеуі үшін ауаның құрамында 21% таза оттегі болуы керек. Бүгінгі күні инфо ауадай приоритетке ие. Бұл подкаст миға таза оттегі беруді мақсат тұтты. 

Ottegi – белгілі бір межеге жетуді көздеген, тың толғамы бар жандардың ағынан жарылатын алаңы. Миды оттегімен байытып, ой-сананы таза ақпаратпен қоректендіретін орта.

Подкаст қонақтарымен сұқбаттасқан – Ербол Молдажан, саунд дизайнері – Ернар Алмабек.

"Бейнематериалдарды өңдегенге қарағанда аудионы монтаждаған әлдеқайда жеңілірек. Аудиоматериалмен жұмыс істеу оңайырақ: тез жүктейсің, тез жолдайсың, тез өңдейсің" дейді Ернар Алмабек, – "Қиын тұсы – ұзақтығы. Оның үстіне бейне болмағаннан кейін жалығасың да. Жаңа тәжірибе болғандықтан, арасына инфошум қосу керек пе, қалай қосу керек деп біраз талқыладық". 

"Қазақ тілді айтар ойы бар, күрескер жолы бар білімді жастарға алаң ұсынамыз. Әр сала бойынша, тұлғалық даму, шетелде білім алу, жаңа тіл үйрену, әлемді аралау, жүгіруді бастау, өмір сапасын арттыру туралы жүйелі ақпаратты подкаст арқылы тыңдарманға жеткізгіміз келеді. Жобаға күрескер, ішкі-ерік жігері мықты жандар келеді. Оттегіні тыңдасаңыз, сіз басқаша ойлай бастайсыз" дейді жоба авторы Ербол Молдажан.

Ендеше құлаққабыңызды дайындаңыз.

“Оттегіні” тыңдап, текті ойдан тағылым алыңыз. 

Г. Берік