Іздеу

Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы N 6-I Заңы.

      ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!
      Қазақстан Республикасының 2005.11.22. № 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген (2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректер базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.

      МАЗМҰНЫ

I ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Реттелетiн мәселелер

      Осы Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) автор - шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;

      2) авторлық құқық - автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары;

      3) авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралы - туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткізуді бақылайтын, автор, сабақтас құқықтар иесі немесе өзге де айрықша құқықтар иесі туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты рұқсат етпеген іс-әрекеттерді жүзеге асыруды болғызбайтын не шектейтін техникалық (бағдарламалық-техникалық) құрылғы немесе оның компоненттері;

      4) авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiсiнiң контрафактiлiк данасы – жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелерiне не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына орай авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертiлген не авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын айналып өтуге мүмкiндiк беретiн заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегiмен жасалған авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерi де контрафактiлiк болып танылады;

      5) авторлық шарт – нысанасы бір немесе бірнеше авторлық құқық объектілерін пайдалануға мүліктік құқықтарды беру болып табылатын шарт. Авторлық шарт лицензиялық шарттың бір түрі болып табылады;

      6) айрықша емес құқық - осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, автордың немесе өзге құқық иеленушінің тиісті рұқсатымен басқа адамдардың құқық иеленушімен бір мезгілде туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын пайдалана алатын құқығы;

      7) айрықша құқық – автордың және (немесе) өзге де құқық иеленушінің туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектісін белгіленген мерзім ішінде кез келген тәсілмен пайдалануды жүзеге асыруға, оған рұқсат беруге және тыйым салуға мүліктік құқығы;

      8) аккредиттеу - ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың осы Заңда белгіленген заңды құқықтарын уәкілетті органның ресми тану рәсімі;

      8-1) алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      9) деректер базасы - деректер электронды-есептеу машинасының (бұдан әрі - ЭЕМ) көмегімен табылатындай және өңделетіндей етіп жүйеге түсірілген материалдардың іріктелуі және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесін білдіретін деректер (мақалалар, есептер, фактілер және басқалар) жиынтығы. Деректер базасы ұғымы оның көмегімен деректер базасының материалдарына электрондық қол жеткізуді жүзеге асыруға болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға қолданылмайды;

      10) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиісті техникалық құрылғылардың көмегімен көріп және естіп (дыбыспен берілетін жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердің (дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей) түсірілген сериясынан құралатын туынды. Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейінгі түсірілу тәсіліне қарамастан, кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың барлығын (телефильмдерді және бейнефильмдерді, диафильмдер мен слайдфильмдерді және сол сияқты туындыларды) қамтиды;

      11) дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы - осындай туындыны жасаудың бастамасы мен жауапкершілігін мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдемелер болмаған кезде, осы туындыда есімі немесе атауы белгіленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады;

      12) жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелерді техникалық құралдардың көмегімен оларды бірнеше қайтара қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкіндік беретін қандай да бір материалдық нысанда жазып алу;

      13) жалпы жұрттың назарына жеткізу - авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін көпшілік оларға өзінің жеке қалауы бойынша кез келген жерден және кез келген уақытта (интерактивтік режимде) қол жеткізуді жүзеге асыра алатын сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен хабарлау;

      14) жариялау - автордың не авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілеріне өзге құқық иеленушінің келісімімен туындының, орындаушылық жазбасының немесе фонограмманың даналарын көпшіліктің орынды қажеттіліктерін қанағаттандыратын мөлшерде көпшілікке ұсыну;

      14-1) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиовизуалдық немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;

      15) кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдары хабарын жалпы жұрттың назарына кәбіл, сым, оптикалық талшық арқылы немесе соған ұқсас құралдардың көмегімен хабарлау;

      16) көпшілік алдында орындау - туындыны мәнерлеп оқу, ойнау, билеу немесе қандай да бір өзге жолмен, соның ішінде техникалық құралдардың көмегімен отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда орындау;

      17) көпшілікке көрсету - туындының түпнұсқасын немесе данасын тікелей немесе слайд, кино-, телекадр түрінде экранда, басқа кез келген техникалық құралдың көмегімен немесе кез келген өзге әдіспен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - олардың реттілігінен тыс жеке кадрларды көрсету) отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда көрсету;

      18) көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару) – туындыларды кез келген техникалық құралдардың көмегімен, баспа мақсатынсыз жүзеге асырылатын факсимильдік қайта шығару. Техникалық құралдардың көмегімен көшірмелеуді жүзеге асыруға арналған уақытша көшірмелерді жасау жағдайларынан басқа, көшірмелеуге туындыны қайта шығару немесе оның көшірмелерін электрондық (оның ішінде цифрлық), оптикалық немесе машинамен оқылатын өзге де нысанда сақтау кірмейді;

      19) қайта шығару – туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектiлерiнiң бiр немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген әдiспен және кез келген нысанда, толық немесе iшiнара, тiкелей немесе жанама түрде дайындау. Қайта шығару түрлері дыбыс- немесе бейнежазбаны дайындау, екi өлшемдiк немесе үш өлшемдiк туындының бiр немесе одан да көп даналарын дайындау, көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару), сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау болып табылады;

      20) құқық иеленуші - авторлық құқыққа қатысты автор (оның мұрагерлері), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлері), фонограммаларды жасаушы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе осы Заңда көзделген өзге де негіз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға айрықша құқық алған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар;

      21) құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат - туындыны, туынды авторын, орындаушыны, орындаушының орындаушылығын, фонограмма жасаушыны, фонограмманы, туындыға, орындаушылыққа не фонограммаға не туындыны, орындаушылықты немесе фонограмманы пайдалану шарттары туралы ақпаратқа қайсыбір құқық иеленушіні бірдейлендіретін ақпарат. Ақпараттың кез келген элементі туындының, жазып алынған орындаушылықтың немесе фонограмманың данасына қоса берілетін, не жалпы жұрттың назарына туындыны хабарлауға немесе жазып алынған орындаушылықты немесе фонограмманы хабарлауға және (немесе) жеткізуге байланысты пайда болатын кезде осындай ақпарат берілген кез келген цифрлар немесе кодтар да құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат деп ұғынылады;

      22) құрамдас туынды - материалдарды іріктеп алу және (немесе) орналастыру бойынша шығармашылық қызметтің нәтижесін білдіретін туындылар мен басқа да материалдардың жинағы (энциклопедия, антология, деректер базасы);

      23) орындау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды тікелей орындалатын ойын, ән, би арқылы немесе қандай да бір техникалық құралдардың (телерадио хабарлары, кәбілдік телевизия және басқалары) көмегімен көрсету, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысының кадрларын реті бойынша дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей көрсету;

      24) орындаушы - актер, әнші, музыкант, биші немесе рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын, интерпретациялайтын немесе әдебиет және (немесе) өнер туындыларын (соның ішінде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмірлерін) немесе халық шығармашылығы туындыларын өзгедей жолмен орындайтын басқа адам, сондай-ақ спектакльді қоюшы-режиссер және дирижер;

      25) пайдаланушы - авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын жеке немесе заңды тұлға;

      26) прокатқа (жалға) беру - туындының немесе фонограмманың данасын тікелей немесе жанама коммерциялық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беру;

      27) сабақтас құқықтар - орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының мүліктік құқықтары және орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары;

      28) сәндік-қолданбалы өнер туындысы - көркем кәсіпшілік туындысын немесе өнеркәсіптік әдіспен дайындалған туындыны қоса алғанда, іс жүзінде пайдаланылатын заттарға көшірілген екі өлшемді немесе үш өлшемді өнер туындысы;

      29) спектакльді қоюшы-режиссер - театр, цирк, қуыршақ, эстрада спектаклін немесе өзге де спектакль (көрсетілім) қойылымын жүзеге асырған адам;

      30) туындыны аудару - шығарманы түпнұсқа шығарманың тілінен басқа тілде білдіру. Бұл ретте аударма дұрыс және түпнұсқа туындының мазмұнын да, стилін де бұрмаламайтын болуға тиіс;

      31) туындының данасы – туындының кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде дайындалған көшiрмесi;

      32) туындыны жариялау - туындыны жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, жалпы жұрттың назарына жеткізу арқылы және өзге де әдістермен оған көпшіліктің алғаш рет қолын жеткізетін іс-әрекетті автордың келісімімен жүзеге асыру;

      33) туындыны өңдеу - түпнұсқа туындыны бір жанрдан екінші жанрға өзгерту. Бұл ретте түпнұсқа туындыны сахналау, қою және аранжировка жасау туындыны өңдеу түрлері болып табылады;

      34) туынды шығарма - басқа туындыны шығармашылықпен өңдеу нәтижесінде жасалған туынды;

      35) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      36) фонограмма - орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру;

      37) фонограмманың данасы – фонограммадан тiкелей немесе жанама түрде дайындалған және осы фонограммада жазылған барлық дыбыстарды немесе дыбыстардың бір бөлiгiн қамтитын кез келген материалдық жеткізгіштегі, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желілердегі фонограмма көшiрмесi;

      38) фонограмма шығарушы - қайсыбір орындаушылықты немесе өзге де дыбыстардың тұңғыш дыбыс жазбасы үшін бастамашылық пен жауапкершілікті мойнына алған жеке немесе заңды тұлға;

      39) халық шығармашылығы туындысы - дәстүрлі көркемдік мұраларға (халық ертегілері, халық поэзиясы, халық әндері, халық аспаптық музыкасы, халық билері мен пьесалары, халықтық салт-жоралғылардың көркемдік нысандары және басқалар) тән элементтерді қамтитын туынды;

      40) ЭЕМ-ге арналған бағдарлама - табиғатына орай ЭЕМ-ге арналған бағдарлама олардың неғұрлым кейінірек кезеңдегі нәтижесі болып табылатын дайындық материалдарын қоса алғанда, машинада оқылатын материалдық жеткізгішке жазу кезінде ЭЕМ-мен белгілі бір міндеттерді орындау немесе нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілетін сөздер, схемалар немесе бейнелеудің өзге де кез келген түрінде бейнеленген командалар жиынтығы;

      41) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны қайта құрастыру - ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның құрылымын зерттеу және кодын белгілеу мақсатында объектілік кодты бастапқы мәтінге өзгертуді қамтитын техникалық тәсіл;

      42) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны бейімдеу - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның пайдаланушының нақты техникалық құралдарында немесе пайдаланушының нақты бағдарламаларының басқаруымен жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ғана жүзеге асырылатын ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаға өзгерістер енгізу;

      43) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны түрлендіру (өңдеу) - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның бейімделуге жатпайтын кез келген өзгерістері;

      44) эфирге беру - туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын (көрсетуді немесе орындауды қоса алғанда) радио немесе телевизия арқылы (кәбілдік телевизияны қоспағанда) беру жолымен жалпы жұрттың назарына хабарлау. Туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жерсерік арқылы эфирге беру кезінде жердегі станциядан жерсерікке сигналдар қабылдау және жерсеріктен сигналдар беру эфирге беру деп түсініледі, солар арқылы туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын көпшіліктің нақты қабылдауына қарамастан жалпы жұрттың назарына жеткізу мүмкін болады. Егер көпшілікке кодты ажырату құралдарын эфирлік хабар тарату ұйымы берсе немесе соның рұқсаты бойынша берілсе, код белгіленген сигналдарды беру эфирге беру болып табылады;

      45) эфирге кейінгі беру - бұрын эфирде берілген немесе кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарланған шығармаларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін қайталап беру;

      45-1) эфирлiк және кабельдік хабар тарату ұйымдары – туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы қамтитын теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды (теле-, радио хабарларды) эфирге және (немесе) кабель арқылы хабарлауды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар. Эфирге және (немесе) кабель арқылы хабарлау ұқсас эфирлік, көпарналы хабар тарату (цифрлық эфирлік, спутниктік, кабельдік телерадио хабарларын тарату) арқылы жүзеге асырылады.

      46) эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының хабары - эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының өзі жасаған, сондай-ақ соның қаражаты есебінен соның тапсырысы бойынша басқа ұйым жасаған хабар.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.10 № 179-IV Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және соларға сәйкес шығарылатын басқа да нормативтiк актiлерден тұрады.

4-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiтетiн халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

II ТАРАУ. АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

5-бап. Авторлық құқықтың қолданылу аясы

      1. Осы Заңға сәйкес авторлық құқық:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ авторлардың немесе олардың құқықтық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болсын объективтi нысанда болатын туындыларға қолданылады;

      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының азаматтары - авторлары және олардың құқықтық мұрагерлерi деп танылады

      3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және авторлардың (олардың құқықтық мұрагерлерiнiң) - шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқығы бар деп танылады.

      2. Егер туынды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алғаш жарияланған күннен кейiнгi отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол Қазақстан Республикасында жарияланды деп саналады.

      3. Қазақстан Республикасы аумағында туынды халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын болған жағдайда туындының авторы авторлық құқықты алуға негiз болған iс-әрекет немесе мән-жай орын алған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.

      4. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес, егер ол Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын туындының шыққан елiнде авторлық құқықтың осы елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан қоғам игiлiгiне айналмаса және авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан Қазақстан Республикасында қоғамның игiлiгiне айналмаса, туындыға қорғау берiледi.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

6-бап. Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер

      1. Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.

      2. Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған:

      1) жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты);

      2) ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық және сол сияқты);

      3) үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық және сол сияқты);

      4) бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне - немесе фотокадрлар және сол сияқты);

      5) көлемдi - кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты);

      6) өзге де нысанда жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшiлiк алдында орындалған, көпшiлiк алдында көрсетiлген), жарияланбаған да туындыларға қолданылады.

      3. Заңның осы бабының 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес қолдануға болатын туынды бөлiгi (оның атауымен, кейiпкерлердiң атауларымен қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.

      4. Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.

      5. Туындыға деген авторлық құқық туынды жасалған материалдық объектiнi меншiктену құқығымен байланысты емес.

      Қандай да болсын материалдық объектiге меншiк құқығын немесе иелену құқығын беру, осы Заңда көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, осы объектiде көрсетiлген туындыға авторлық құқықтың берiлуiне әкеп соқпайды.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586, 2005.11.22. № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

7-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар

      1. Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:

      1) әдеби туындылар;

      2) драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;

      3) сценарий туындылары;

      4) хореография және пантомима туындылары;

      5) мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;

      6) дыбыс-бейнежазу туындылары;

      7) кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;

      8) қолданбалы өнер туындылары;

      9) сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары;

      10) суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;

      11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;

      12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;

      13) өзге де туындылар.

      2. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың (соның iшiнде операциялық жүйелердiң) бастапқы мәтiн мен объектiлiк кодты қоса алғанда, кез-келген тiлде және кез-келген нысанда жасалуы мүмкін барлық түрiне қолданылады.

      3. Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:

      1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);

      2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.

      Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. № 586, 2005.11.22. № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар

      Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды:

      1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;

      2) мемлекеттiк нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк нышандар мен белгiлер);

      3) халық шығармашылығы туындылары;

      4) оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.

9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың презумпциясы

      Ескерту. 9-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.

      Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:

      1) қоршауға алынған латынша "С" әрпi;

      2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);

      3) туындының алғаш жарияланған жылы.

      Автор жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн авторлық құқықтың қорғалатын мерзiмi iшiнде кез келген уақытта қажетті мәліметтерді осы Заңға сәйкес Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тiзiлiміне (бұдан әрі – Тізілім) енгізуге құқылы.

      1-1. Алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2. Өзге де дәлелдеме болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы – авторлықтың презумпциясы деп есептеледі.

      Авторлықтың презумпциясы тек автордың өзіне қатысты ғана қолданылады.

      3. Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.

      4. Алып тасталды - ҚР 20.06.2018 № 161-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 № 586, 2005.11.22 № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-1-бап. Мәліметтерді Тізілімге енгізу

      1. Мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, автордың өтініші алынған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.

      Тізілімде автордың өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде енгізілген мәліметтердің тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.

      2. Мәліметтерді Тізілімге енгізу туралы өтінішке туындының бір данасы және осы көрсетілген қызметке ақы төленгендігін растайтын құжаттың көшірмесі және қажет болған жағдайда ақы төлеу мөлшерін азайту негізін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

      Туындының бір данасының орнына өтінішке – эскиздер, сызбалар, суреттер немесе фотосуреттер, ал ЭЕМ-ге немесе дерекқорға арналған бағдарламаларға қатысты бағдарламаның немесе дерекқордың атауын, автордың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, бастапқы кодын (бастапқы мәтінді), негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін қамтитын реферат қоса берілуі мүмкін.

      Діни мазмұндағы туындыларға қатысты дінтану сараптамасының оң қорытындысының көшірмесі қосымша ұсынылады.

      Құрамдас туындыға немесе туынды шығармаға қатысты төл туындының авторымен немесе құқық иеленушісімен жасалған авторлық шарттың көшірмесі қосымша ұсынылады.

      3. Бөлек тең авторлықпен шығарылған туындыларға авторлық құқықтар туралы мәліметтер тең авторлардың кез келгені оны өзінің өтінішінде көрсеткен жағдайда Тізілімге бөлек енгізілуі мүмкін.

      4. Тізілімге бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсететін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерінен) ажыратуға қызмет ететін (арналған) туындыларға құқықтар туралы мәліметтер енгізілмейді.

      5. Автор құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда сараптама ұйымы өтінішті қабылдаудан бас тартады.

      Сараптама ұйымы осы баптың талаптары сақталмаған жағдайда қызметтерді көрсетуден бас тартады.

      6. Уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша куәлік беру тиісті мәліметтерді Тізілімге енгізуді растау болып табылады.

      7. Тізілімнен алынған мәліметтердің күшін жою автордың өтініші бойынша, сондай-ақ соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.

      8. Құжаттардың көшірмелері, тиісті туындының бір данасы және (немесе) оның сипаттамасы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға автордың келісімімен беріледі.

      Ескерту. Заң 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, жаңа редакцияда көзделген - ҚР 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-2-бап. Сараптама ұйымы

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, өз қызметінде уәкілетті органға ведомстволық бағынысты сараптама ұйымы:

      1) мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізеді;

      2) өз қызметі шеңберінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) Тізілімді жүргізеді және оған қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

      2. Сараптама ұйымы мәліметтерді Тізілімге енгізгені үшін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу кезінде:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдарға;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

      мүгедектерге, сондай-ақ бала кезінен мүгедектің ата-анасының біреуіне;

      оралмандарға;

      кәмелетке толмағандарға жеңілдіктер береді.

      Жеңілдіктер жоғарыда санамаланған адамдар санаттарының кез келгеніне жататындығы туралы растайтын құжаттар ұсынылған кезде мәліметтерді Тізілімге енгізу жөнінде көрсетілген қызмет үшін бағаның 95 пайызы мөлшерінде беріледі.

      3. Уәкілетті органмен келісу бойынша сараптама ұйымы қызметтер көрсеткені үшін осы ұйым шеккен шығындарды толық өтеу, оның қызметінің шығынсыздығы және өз кірістері есебінен қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда, көрсетілетін қызметтердің бағаларын бекітеді.

      Ескерту. II-тарау 9-2-баппен толықтырылды - ҚР 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Тең авторлар

      1. Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады.

      Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.

      Егер тең авторлар арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

      2. Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келiсiм арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.

      3. Тең авторлардың әрқайсысы өз атынан, соның iшiнде, басқа тең авторлардың рұқсатын алмастан, егер олардың арасында келiсiммен өзгеше көзделмесе, өз құқықтарын қорғауға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген шараларды қолдануға құқылы.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

11-бап. Құрамдас туындыларға авторлық құқық

      1. Жинақтың және басқа да құрама туындылардың авторына (құрастырушысына) шығармашылық (құрастырушылық) еңбек нәтижесi болып табылатын материалдарды iрiктеудi және (немесе) орналастыруды жүзеге асырғандығы үшiн авторлық құқық берiледi.

      Құрастырушының өзi құрама туындыға енгiзiлген әрбiр туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда авторлық құқықты пайдаланады.

      Егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, құрама туындыға енгiзiлген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан пайдалана беруге құқылы.

      Құрастырушысының авторлық құқығы басқа адамдардың сол материалдарды басқа құрама туындылар жасау үшiн дербес iрiктеуiне және (немесе) орналастыруына кедергi жасамайды.

      2. Энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, мерзiмдi және шығуы жалғаса беретiн ғылыми еңбектер жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жарыққа шығаратын баспагерге мұндай басымдарды тұтас пайдалануға айрықша құқық берiледi. Баспагер мұндай басылымдарды кез-келген жағдайда пайдаланса да өзiнiң атауын көрсетуге немесе оны көрсетудi талап етуге құқылы.

      Мұндай басылымдарға енгiзiлген туындылардың авторлары жалпы басылымға қарамастан өз туындыларын пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

12-бап. Туынды шығармаларға авторлық құқық

      1. Аудармашыларға және басқа да туынды шығармалардың авторларына өздерiнiң жасаған аудармасына, қайта жасағанына, музыкалық әуендерден немесе басқа да өңдеуден өткiзгенiне авторлық құқық берiледi.

      Аудармашы және басқа да туынды шығарма авторы өзi аударатын, қайта жасайтын, музыкалық әуендейтiн немесе басқа да өңдеуден өткiзетiн туынды авторының авторлық құқығын сақтаған жағдайда өзi жасаған туындыға авторлық құқықты пайдаланады.

      2. Аудармашылардың және басқа да туынды шығарма авторларының авторлық құқығы сол туындыларды өзге адамдардың аударуына және өңдеуiне кедергi болмайды.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

13-бап. Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқық

      1. Дыбыс-бейнежазу туындысының авторлары (тең авторлары):

      1) сценарий авторы;

      2) дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының (мәтiнi немесе мәтiнсiз) авторы (сазгер);

      3) қоюшы-режиссер;

      4) қоюшы-оператор;

      5) қоюшы суретшi болып табылады.

      Бұрын шығарылған, қайта өңделген немесе дыбыс-бейнежазу туындысының құрамдас бөлiгi ретiнде енгiзiлген туынды авторы да дыбыс-бейнежазу туындысының тең авторы болып саналады.

      2. Дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға немесе бұрын жасалған туындыға құқық беруге авторлық шарттың жасалуы, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы туынды авторларының (немесе бұрын жасалған туынды авторларының және өзге де авторлық құқықтар иелерiнiң) дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушыға, егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалануға айрықша құқық беруiне әкеп соғады.

      Дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушы бұл туынды кез келген жағдайда пайдаланылса да өз есiмiн немесе атауын көрсетуге, не солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.

      3. Дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы шығарылған музыкалық туындының (мәтiнмен немесе мәтiнсiз) авторы осы музыкалық туындының дыбыс-бейнежазу туындысы ретiнде көпшiлiк алдында әрбiр орындалуы жағдайында оның көпшiлiкке хабарланғаны, сондай-ақ дыбыс-бейнежазу туындысы данасының прокатқа (жалға) берiлгенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.

      4. Дыбыс-бейнежазу туындысына құрамдас бөлiк ретiнде енген, бұрыннан бар (сценарий негiзiне алынған роман авторы және басқалар), сондай-ақ жұмыс процесiнде туған (қоюшы-оператор, қоюшы-суретшi және басқалар) туындылар авторларының әрқайсысы өз туындысына авторлық құқықты пайдаланады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586, 2005.11.22. № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

14-бап. Қызметтiк туындыларға авторлық құқық

      1. Қызмет бабында мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртiбi бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авторы иеленедi.

      2. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік (айрықша) құқықтарға жұмыс беруші ие болады.

      3. Қызметтiк туынды кез келген жағдайда пайдаланылса, жұмыс берушi өз атауын көрсетуге немесе солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.

      4. Алып тасталды - ҚР-ның 2009.07.10. № 179-IV Заңымен.

      5. Қызмет бабындағы мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмаларын орындау тәртiбiмен энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, ғылыми еңбектердiң мерзiмдi және жалғастырыла беретiн жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды (осы Заңның 11-бабының 2-тармағы) жасауға бұл баптың ережелерi қолданылмайды.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. № 179-IV Заңымен.

15-бап. Мүлiктiк емес жеке құқықтар

      1. Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:

      1) туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);

      2) туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);

      3) туындының атауымен қоса, оған қол сұғылмаушылық құқығы, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың абыройына немесе беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).

      4) қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).

      2. Бұрын қабылданған шешiмнен пайдаланушыға келтiрiлген зиян, соның iшiнде оның айрылып, қалған пайдасы өтелген жағдайда автордың туындыны жариялау туралы ондай шешiмнен бас тартуға құқығы бар (керi қайтарып алу құқығы). Егер туынды жарияланып кеткен болса, автор оны керi қайтарып алатыны туралы жария түрде хабарлауға мiндеттi. Бұл ретте ол туындының бұрын дайындалған даналарын өз есебiнен қайтып алуға құқылы.

      Қызметтiк туындыларды жасаған кезде бұл тармақтың ережелерi қолданылмайды.

      3. Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөнiндегi айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады.

      4. Авторды оның осы бапта көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.

      5. Автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтары осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 № 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Мүлiктiк құқықтар

      1. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap.

      2. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:

      1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);

      2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық телекоммуникациялар желісінде операциялар жасауына (тарату құқығы);

      3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);

      4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);

      5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);

      6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);

      7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);

      8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);

      9) туындыны аудару (аудару құқығы);

      10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);

      10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы)

      11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.

      3. Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.

      Туындының түпнұсқасын немесе даналарын жалға беру (және көпшiлiкке жалға беру) арқылы тарату құқығы, ол даналарға меншiк құқығына қарамастан:

      1) ноталық мәтiн түрiндегi музыкалық туындының;

      2) фонограммаға түсiрiлген туындының;

      3) дыбыс-бейнежазу туындысының;

      4) деректер базасының;

      5) ЭЕМ бағдарламаларының авторына немесе авторлық құқық иесiне берiледi.

      4. Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.

      5. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi.

      6. Осы баптың 2-тармағында көзделген мүлiктiк құқықтарды шектеулер, егер мұндай шектеулер туындыны дұрыс пайдалануға зиян келтiрмей, автордың немесе өзге де құқық иеленушінің заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамайтын болса, осы Заңның 18-26-баптарымен белгiленедi.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 № 586, 2005.11.22 № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 № 179-IV, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-1-бап. Авторлық сыйақының ең төмен ставкалары

      Туындының сипатына немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және телевизияда орындауға, туындыны механикалық, магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, туындыны автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi авторлық сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.

      Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым пайдаланушылармен шарттар жасасқан кезде авторлық сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген сыйақының ең төменгі мөлшерлемелерінен төмен етіп белгілеуге құқылы емес.

      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.07.09. № 586 Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Бейнелеу өнерi туындыларын еркiн пайдалану құқығы. Қадағалау құқығы

      1. Бейнелеу өнерi шығармасының авторы туындының меншiк иесiнен өз туындысының көшiрмесiн жасау құқығын жүзеге асыруға мүмкiндiк беруiн талап етуге құқылы (қол жеткiзу құқығы). Бұл орайда туындыны меншiк иесiнен туындыны авторға жеткiзiп берудi талап етуге болмайды.

      2. Бейнелеу өнерi туындысының түпнұсқасын жария түрде (аукцион, бейнелеу өнерiнiң галереясы, көркемдiк салоны, дүкен және сол сияқтылар арқылы) қайталап сатқан әрбiр жағдайда мұндай бейнелеу өнерi туындысын меншiктену құқығынан бiрiншi рет айырылғаннан кейiн автордың немесе оның мұрагерлерiнiң сатушыдан қайталап сату бағасының бес процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқығы бар (қадағалау құқығы). Авторды тiрi кезiнде аталған құқықтан айыруға болмайды және ол заң бойынша немесе қалдырған өсиетi бойынша авторлық құқық мерзiмiнде тек қана автордың мұрагерлерiне көшедi.

      3. Бейнелеу өнерi туындысына меншiк құқығының автордан басқа тұлғаға ауысуы (өтеулi немесе өтеусiз) осы туындының бiрiншi рет иелiктен айырылуын бiлдiреді.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

18-бап. Туындыны жеке мақсатта автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеу

      1. Заңды түрде жарияланған туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей жеке тұлғаның тек өз мақсаты үшiн және табыс алмай, осы Заңның 26-бабында көзделген реттердi қоспағанда, жалғыз дана етiп көшiрмелеуiне жол берiледi.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережесi:

      1) үйлер және солар сияқты ғимараттар түрiндегi сәулет өнерi туындыларын көшiрмелеуге;

      2) деректер базаларын немесе олардың елеулi бөлiктерiн көшiрмелеуге;

      3) осы Заңның 24-бабында көзделгендерден басқа реттердi қоспағанда, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды көшiрмелеуге;

      4) кiтаптарды (толығымен) және нота мәтiндерiн репродукциялауға (репрографиялық қайта шығаруға) қолданылмайды.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586, 2005.11.22. № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10. № 179-IV Заңдарымен.

19-бап. Туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану

      Автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдалынатын автордың есiмiн және қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, шығарманы пайдалануға мынадай жағдайларда жол берiледi:

      1) заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;

      2) заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде кіріс алмастан пайдалану;

      3) ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмелеуге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнауы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;

      4) көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;

      5) ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру немесе кинематография құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;

      6) заңды түрде жарияланған туындыларды бедерлi-нүкте жазумен немесе зағип адамдарға арналған басқа да арнайы тәсiлдермен, осылайша көшiрмелеу үшiн арнайы жасалған туындыларды қоспағанда, пайда таппай көшiрмелеу;

      7) кітапханалардың және мұрағаттардың туындының жоғалған немесе бүлінген даналарын ауыстыру мақсатында құқыққа сыйымды жарияланған туындыларды пайда алмастан цифрлық форматқа ауыстыру арқылы туындының жалғыз данасын қайта шығаруы, сондай-ақ өздерінің қорларынан туындыны қандай да бір себептермен жоғалтқан басқа да кітапханаларға туындының даналарын беру.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. № 586, 2009.07.10. № 179-IV; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Туындыларды репродукциялау арқылы пайдалану

      Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдаланылатын автордың есiмi мен қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, туындының жалғыз данасын:

      1) заңды түрде жарияланған туындыны кiтапханаларда және архивтерде қалпына келтiру, жоғалып кеткен немесе бүлiнген даналарды ауыстыру, өз қорындағы туындыны белгiлi бiр себептермен жоғалтып алған басқа кiтапханаларға туындының даналарын беру үшiн;

      2) кiтапханалар мен архивтердiң жинақтарда, газеттерде және басқа мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жеке мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардан қысқаша үзiндiлердi (суретпен немесе суретсiз) жеке тұлғалардың оқып-үйрену және зерттеу мақсатындағы сауалдары бойынша;

      3) жинақтарда, газеттерде және басқа да мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жекелеген мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардың қысқаша үзiндiлерiн (суретпен немесе суретсiз) білім беру ұйымдары дәрiсханалардағы сабаққа пайдалану үшiн, пайда алмай репродукциялауына жол берiледi.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586, 2007.07.27. № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

21-бап. Еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған туындыларды еркiн пайдалану

      Туындыны бейнелеу қайта шығарудың, эфирге берудiң және (немесе) кәбiл бойынша жалпыжұрттың назарына хабарлаудың негiзгi объектiсi болатын немесе туындыны бейнелеу коммерциялық мақсат үшiн пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған сәулет, суретке түсiру, бейнелеу өнерi туындыларын автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей қайта шығаруға, эфирге беруге және (немесе) кәбiл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлауға жол берiледi.

      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586, 2009.07.10. № 179-IV Заңдарымен.

22-бап. Туындыларды ресми және өзге де рәсiмдер кезiнде көпшiлiк алдында орындау

      Заңды түрде жарияланған музыкалық туындыларды ресми және дiни рәсiмдер, сондай-ақ өлiктi жерлеу кезiнде көпшiлiк алдында сол рәсiмдердiң сипатына сәйкес келетiн көлемде автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей орындауға жол берiледi.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

23-бап. Туындыларды сот және әкiмшiлiк мақсаттар үшiн көшiрмелеу

      Туындыларды сот және әкiмшiлiк iс жүргiзу үшiн осындай мақсатқа белгiленген көлемде автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеуге жол берiледi.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

24-бап. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды және деректер базасын еркiн көшiрмелеу. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды керi жазып шығу

      1. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге айрықша құқықтар иесiнiң рұқсатын алмай және қосымша сыйақы төлемей туындыны пайдалануға:

      1) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына оны пайдаланушының техникалық құралдарында жұмыс iстеу мақсатында ғана жүзеге асырылатын өзгерiстердi енгiзуге, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының жұмыс iстеуiне қажеттi оның мақсатына сәйкес кез-келген iс-әрекеттi, соның iшiнде ЭЕМ-нiң (бiр ЭЕМ немесе жүйенi бiр пайдаланушы) зердесiне жазу мен сақтауды, сондай-ақ автормен жасалған шартта өзгеше көзделмесе, көрiнеу қателердi түзетудi жүзеге асыруға;

      2) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының көшiрмесiн тек қана архивтiк мақсатқа және ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының түпнұсқасы жоғалып, жойылып кеткен немесе пайдалануға жарамай қалған жағдайларда заңды түрде алынған дананы ауыстыру үшiн ғана жасауға немесе жасауды тапсыруға құқылы. Бұл орайда ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының көшiрмесiн осы тармақтың 1)-тармақшасында көрсетiлгеннен басқа мақсаттарға пайдалануға болмайды және ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының данасын иелену заңды деп тану тоқтатылған жағдайда ол жойылуға тиiс.

      2. ЭЕМ-ге арналған бағдарлама данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге де айрықша құқықтар иесiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей объект кодын көшiруге және бастапқы мәтiнде өзгертуге (ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны керi жазып шығуға) немесе, егер олар осы адамның ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасаған бағдарламасының керi жазылып шыққан бағдарламамен өзара iс-әрекет жасай алатын өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажет болса, мынадай шарттарды сақтаған жағдайда ол бұл iс-әрекеттi жүзеге асыруды өзге адамдарға тапсыруға құқылы:

      1) өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажеттi, бұл адам бұрын басқа деректерден ала алмаған ақпарат;

      2) аталған әрекеттер ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның керi жазылып шыққан, өзара iс-әрекет қабiлетiне жету үшiн қажеттi бөлiктерi жөнiнде ғана жүзеге асырылады;

      3) керi жазып шығу нәтижесiнде алынған ақпаратты ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн ғана пайдалануға болады, ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның басқа бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн қажет болатын жағдайларды қоспағанда, оны өзге адамдарға беруге болмайды, сондай-ақ оны өзiнiң түрi жағынан ЭЕМ-ге арнап керi жазылып шыққан бағдарламаға едәуiр ұқсайтын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны әзiрлеу үшiн немесе авторлық құқықты бұзатын басқа да кез-келген әрекеттi жүзеге асыру үшiн пайдалануға болмайды.

      3. Бұл баптың ережелерiн қолдану ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны немесе деректер базасын қалыпты пайдалануға орынсыз залал келтiрмеуге тиiс және автордың немесе ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына айрықша құқықтың өзге де иесiнiң заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамауға тиiс.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586 Заңымен.

25-бап. Туындыларды қысқа мерзiмге пайдалану үшiн эфирге хабар тарату ұйымдары жүзеге асыратын жазбалар

      Эфирге хабар тарату ұйымы автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей осы ұйым эфирге беруге құқық алған туындыны қысқа уақытқа пайдалану үшiн жазбасын мынадай жағдайларда:

      1) жазбаны эфирге хабар тарату ұйымы өз жабдықтарының көмегiмен және өз хабарлары үшiн дайындаған;

      2) егер жазылған туынды авторымен немесе өзге де құқық иеленушiсiмен неғұрлым ұзақ мерзiмге келiсiлмесе, мұндай жазбаны ол әзiрленгеннен кейiнгi алты ай iшiнде жойылған жағдайларда жазуға болады. Егер жазбаның құжаттық мәнi ерекше болса, мұндай жазба туынды авторының немесе өзге де құқық иеленушiсiнiң келiсiмiнсiз-ақ ресми мұрағаттарда сақталуы мүмкiн.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586, 2009.07.10. № 179-IV Заңдарымен.

26-бап. Туындыны авторлық сыйақысын төлеп, автордың келiсiмiнсiз жеке мақсатта көшiрмелеу

      1. Туынды авторының, орындаушының, дыбыс-бейнежазу туындысын шығарушының және фонограмма жасаушының келiсiмiнсiз, бiрақ оларға сыйақы төлеп, дыбыс-бейнежазу туындысын немесе туындының дыбыстық жазбасын жеке мақсатта және табыс алмай көшiрмелеуге жол берiледi.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қайта шығару үшiн сыйақыны осындай қайта шығару үшiн пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткiзгiштердi дайындаушы немесе импорттаушы тұлғалар төлейдi.

      Осындай жабдық пен материалдық жеткiзгiштердiң тiзбесiн уәкілетті орган бекiтедi.

      3. Бұл сыйақыны жинау мен бөлудi авторлардың, фонограмма жасаушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың бiреуi осы ұйымдар арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырады (осы Заңның 43-бабы).

      4. Егер бұл келiсiмде өзгеше көзделмесе, аталған сыйақы мынадай шамада бөлiнедi: авторларға - қырық процент, орындаушыларға - отыз процент, фонограмма жасаушыларға - отыз процент.

      5. Сыйақының мөлшерi және оны төлеудiң шарттары, бiр жағынан аталған дайындаушылар мен импорттаушылардың және екiншi жағынан авторлардың, фонограмма жазушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдар арасындағы келiсiмде белгiленедi, ал тараптар мұндай келiсiмге келе алмаған жағдайда - Қазақстан Республикасының уәкiлдiк берiлген органы белгiлейдi.

      6. Осы баптың 2-тармағында аталған, экспортқа шығаруға болатын жабдықтар мен материалдық жеткiзгiштер, сондай-ақ үй жағдайында пайдалануға арналмаған кәсiптiк жабдықтарға сыйақы төленбейдi.

      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. № 586, 2005.11.22. № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

27-бап. Туындыларды жеке мақсатта шет елге шығару

      Шетке шығарылған жағдайда республиканың ұлттық мүдделерiне зиян келтiрiлетiн, тiзбесi белгiленген тәртiп бойынша анықталатын туындыларды қоспағанда, туындының данасын автордың немесе өзге де құқық иесiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей тек қана жеке адамның өз мақсаттары үшiн шет елге шығаруына жол берiледi.

28-бап. Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi

      1. Авторлық құқық автордың бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

      2. Авторлық құқығын, оның есiмнiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.

      3. Алып тасталды - ҚР-ның 2009.07.10. № 179-IV Заңымен.

      4. Жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған туындыға авторлық құқы ол туынды заңды түрде жарияланған күннен кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Егер аталған мерзiм iшiнде жасырын немесе бүркеншiк атпен шығарылған туындының авторы өзiнiң шын есiмiн немесе оның кiм екенi ендiгi жерде күмән туғызбаса, осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылады.

      5. Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

      6. Автор қайтыс болғаннан кейiн отыз жыл iшiнде бiрiншi рет жарыққа шығарылған туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

      7. Егер автор қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталса, онда құқық қорғаудың осы бапта көзделген мерзiмi ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.

      8. Осы бапта көзделген мерзiм сол мерзiмнiң басталуы үшiн негiз болып табылатын заңды факт болған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептеле бастайды.

      9. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес туындыға қорғау берiлген кезде, осы Заңның 5-бабының 4-тармағына сай авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiн туындының шыққан елінде белгiленген мерзiмнен асыруға болмайды.

      Осы бапта көзделген мерзiмдер мерзiмнiң өтуiнiң басталуына негiз болып табылатын заңдық факт осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiнгi жетпiс жылдан әрi емес мерзiмде орын алған барлық жағдайларда қолданылады.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. № 586, 2005.11.22. № 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10. № 179-IV Заңдарымен.

29-бап. Туындылардың қоғамдық игiлiкке айналуы

      1. Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуi олардың қоғамдық игiлiкке айналғандығын бiлдiредi.

      2. (алып тасталды)

      3. Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды кез-келген адам авторлық сыйақы төлемей еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiнiң құқығы мен оның беделiн қорғау құқығы сақталуға тиiс.

      4. Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды пайдаланушылар авторлардың шығармашылық қызметiне ықпал ету, олардың материалдық-тұрмыстық ж