Іздеу

Құқықтық актілер туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) әзірлеуші орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген құзыретіне сәйкес нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар;

      2) ереже – қандай да бір мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;

      3) жеке-дара қолданылатын құқықтық акт – жеке-дара айқындалған тұлғалар тобына (жеке және (немесе) заңды тұлғаларға) қолданылатын, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және құқық нормаларын қамтымайтын, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;

      4) заң – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық акт;

      5) заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлер – заңнамалық және сатысы бойынша өзге де жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiлердің негiзiнде және (немесе) оларды орындау үшін және (немесе) одан әрі іске асыру үшін шығарылатын, заңнамалық актілер болып табылмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;

      6) заң жобасының тұжырымдамасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесін, оны қабылдау мақсаттарын және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де ережелерді қамтитын құжат;

      7) заңнамалық акт – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң, конституциялық заң, кодекс, шоғырландырылған заң, заң, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжiлiсiнің қаулылары;

      8) заң сараптамасы – нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеру;

      9) заң техникасы – құқықтық актілерді ресімдеу тәсілдерінің, талаптары мен қағидаларының жиынтығы;

      10) заң ұқсастығы – ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдардың нормаларын реттелмеген қоғамдық қатынастарға қолдану;

      11) кодекс – осы Заңның 8-бабында көзделген бiртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн құқық нормалары бiрiктiрiлген және жүйеге келтiрiлген заң;

      12) конституциялық заң – Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен, Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша қабылданатын заң;

      13) қағидалар – қандай да бір қызмет түрін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;

      14) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi – нормативтiк құқықтық актiлердiң деректемелерiн және осы актiлер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәлiметтердi қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк есепке алудың бiрыңғай жүйесi;

      15) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi – Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне олар туралы мәлiметтер енгiзiлген, қағаз жеткізгіштегі нормативтік құқықтық актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы нормативтік құқықтық актілердің электрондық жүйесі;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасы – белгіленген тәртіппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлер жиынтығы;

      17) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заң – Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 3-тармағында және 91-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң;

      18) құқық нормасы – реттелетін қоғамдық қатынастар шеңберiнде көп мәрте қолдануға арналған, жеке-дара айқындалмаған тұлғалар тобына қолданылатын, тұрақты немесе уақытша сипаттағы жалпыға мiндеттi мінез-құлық қағидасы;

      19) құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкілетті органдар қабылдаған, құқық нормаларын немесе жеке-дара билік ететін құқықтық нұсқамаларды қамтитын, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат;

      20) құқықтық мониторинг – осы Заңның 50 және 51-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасы заңнамасының жай-күйі және оны қолдану практикасы туралы ақпаратты үнемі бақылау, жинау, талдау жүйесі;

      21) құқық ұқсастығы – заңнаманың мәнін, құқықтың жалпы қағидаттарын және құқықтың нақты салаларының қағидаттарын реттелмеген қоғамдық қатынастарға қолдану;

      22) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті – мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талапты белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілердің қызмет ету тәртібін, оның ішінде өзге де көрсетілетін қызметтерді берушілермен, халыққа қызмет көрсету орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету процесінде ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;

      23) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт;

      24) нормативтік емес құқықтық акт – құқық нормаларын қамтымайтын, уәкілетті орган өз құзыреті шегінде шығарған (қабылдаған), жеке-дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын не нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін жазбаша ресми құжат, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер;

      25) нормативтiк құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкiлеттi орган қабылдаған, құқық нормаларын белгiлейтiн, өзгертетiн, толықтыратын, олардың қолданысын тоқтататын немесе тоқтата тұратын, белгiленген нысандағы, қағаз жеткізгіштегі жазбаша ресми құжат және сонымен бірдей электрондық құжат;

      26) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      27) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімі – осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен деректемелері қамтылған жазбаша тізбе;

      28) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейi – нормативтiк құқықтық актiнiң нормативтiк құқықтық актiлер сатысында өзiнiң заңдық күшiне қарай алатын орны;

      29) нормативтік құқықтық актінің заңдық күші – нормативтік құқықтық актінің тиісті қоғамдық қатынастарға қолданылу міндеттілігін, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге қатысты басымдығын немесе қоса бағыныстылығын айқындайтын сипаттамасы;

      30) нормативтік құқықтық актіні ресми жариялау – осы Заңда көзделген жағдайларда, нормативтiк құқықтық актiнiң толық мәтінін жалпыға бірдей мәлімет үшін электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде, ресми баспасөз басылымдарында, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялау;

      31) нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісі – осы Заңның 13-тарауында көрсетілген талаптар мен шарттарға сай келетін, нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;

      32) нұсқаулық – қоғамдық қатынастардың қандай да бір саласында заңнаманың қолданылуын тиянақтайтын нормативтік құқықтық акт;

      33) техникалық регламент – Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзірленетін және қолданылатын, өнімге және (немесе) олардың өмірлік циклі процестеріне қойылатын міндетті талаптар белгіленетін нормативтік құқықтық акт;

      34) уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ осы мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өздерінің құзыретiне сәйкес құқықтық актiлерді қабылдауға құқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен лауазымды адамдары (Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Парламент Палаталары, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, әкімдер, өзге де мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар);

      35) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      36) шоғырландырылған заң – осы Заңның 9-бабында көзделген салалардағы (аядағы) сипаты жағынан кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заң.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілері жүйесін айқындайды, нормативтік құқықтық актілердің және нормативтік емес құқықтық актілердің құқықтық мәртебесінің аражігін ажыратады.

      2. Осы Заң:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау, өзгерту, толықтыру және оның қолданылуын тоқтату тәртібін;

      2) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қабылдау, өзгерту, толықтыру және олардың қолданылуын тоқтату тәртібін;

      3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту, толықтыру және тоқтату тәртібін;

      4) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік және азаматтық процестік заңнамасында белгіленген жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау, өзгерту, толықтыру және олардың қолданылуын тоқтату тәртібін;

      5) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген стандарттау жөніндегі құжаттарды жоспарлау, әзірлеу, бекіту, тіркеу, есепке алу, жариялау, мониторингілеу және жаңартып отыру тәртібін реттемейді.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-бап. Құқықтық актілерге қойылатын жалпы талаптар. Құқықтық актілердің түрлері

      1. Құқықтық актілер мынадай жалпы талаптарға сай келуге:

      1) нормативтік немесе жеке-дара билік ететін құқықтық нұсқамаларды қамтуға;

      2) республикалық референдумда не осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен қабылдануға;

      3) айқындалмаған тұлғалар тобына немесе жеке-дара айқындалған тұлғаларға арналуға;

      4) қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталуға;

      5) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің туындауына, оларды өзгертуге, толықтыруға немесе тоқтатуға бағытталуға тиіс.

      2. Құқықтық актілер мынадай түрлерге:

      1) нормативтік құқықтық актілерге;

      2) нормативтік емес құқықтық актілерге бөлінеді.

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАСЫ

4-бап. Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесі, оның тұтастығын қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесін Қазақстан Республикасының Конституциясы, оған сәйкес келетін заңнамалық актілер, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер, оның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары құрайды.

      2. Қазақстан Республикасы заңнамасы жүйесінің тұтастығы:

      1) нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, оларға Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін сақтау;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Заңда бекітілген нормативтік құқықтық актілер сатысын сақтау;

      3) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау арқылы қамтамасыз етіледі.

5-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана негізделеді және барлық өзге де нормативтік құқықтық актілер оларға қайшы келе алмайды.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары оларды қабылдауға негіз болған Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының заңдық күшіне ие болады.

      3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірмелер қамтылады.

6-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту, толықтыру және тоқтату тәртібі арнайы заңмен айқындалады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдары алдында басым болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде тікелей қолданылады.

2-БӨЛІМ. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
3-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

7-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi және туынды түрлерi

      1. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi және туынды болып бөлiнедi.

      2. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi түрлерiне мыналар жатады:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары, Қазақстан Республикасының кодекстері, Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, Қазақстан Республикасының заңдары;

      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;

      2-1) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтік құқықтық актілері;

      3) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк құқықтық қаулылары;

      4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;

      5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары;

      6) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық қаулылары;

      7) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

      8) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

      9) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.

      3. Нормативтiк құқықтық актiлердiң туынды түрлерiне мыналар жатады:

      1) ереже;

      2) техникалық регламент;

      3) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

      4) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті;

      5) қағидалар;

      6) нұсқаулық.

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде туынды түрдегі нормативтік құқықтық актілердің өзге де нысандары көзделуі мүмкін.

      4. Туынды түрдегі нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiлер арқылы қабылданады немесе бекiтiледi және олармен бiртұтастықты құрайды.

      5. Уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын, әкім уәкілеттік берген жергілікті атқарушы органдар нормативтік құқықтық актілер шығаруға құқылы емес.

      6. Орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының басшылары құрылымына осы ведомство кіретін мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде нормативтік құқықтық бұйрықтарды бекіту жөнінде тікелей құзырет болған кезде нормативтік құқықтық бұйрықтарды қабылдайды және олар адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қозғай алмайды.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Қазақстан Республикасының кодекстерiмен реттелетiн қоғамдық қатынастар

      Қазақстан Республикасының кодекстерi мынадай:

      1) бюджеттiк;

      2) азаматтық;

      3) азаматтық процестік;

      4) неке-отбасы;

      5) экологиялық;

      6) су;

      7) жер;

      8) орман;

      9) салық;

      10) кеден;

      11) еңбек;

      12) қылмыстық жазаларды орындауға байланысты;

      13) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға байланысты;

      14) қылмыстық жауаптылыққа тартуға байланысты;

      15) қылмыстық-процестік;

      16) денсаулық сақтау саласындағы;

      17) кәсіпкерлік саласындағы;

      18) жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы біртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қабылданады.

9-бап. Шоғырландырылған заңдармен реттелетін қатынастар

      Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары заңнаманың құрылымын жетілдіру мақсатында қабылданады және:

      1) мемлекеттік мүлік;

      2) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару;

      3) білім және ғылым;

      4) азаматтық қорғау;

      5) тұрғын үй қатынастары;

      6) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау;

      7) көлік;

      8) рұқсаттар және хабарламалар;

      9) оңалту және банкроттық;

      10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;

      11) адвокаттық қызмет және заң көмегі саласындағы (аясындағы) өзінің сипаты жағынан кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды біріктіреді.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2018 № 177-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Нормативтік құқықтық актілер сатысы

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар.

      2. Қазақстан Республикасының Конституциясын қоспағанда, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдық күшiнiң арақатынасы мынадай төмендей беретiн деңгейлерге сәйкес болады:

      1) Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;

      2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары;

      3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;

      4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, заңдары;

      5) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк қаулылары;

      6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;

      7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;

      8) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары;

      9) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

      10) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.

      3. Төмен тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары тұрған деңгейлердегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс.

      4. Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтiк құқықтық актілер сатысындағы орны негізгі түрдегі актінің деңгейімен айқындалады.

      5. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары нормативтiк құқықтық актiлердің осы бапта белгіленген сатысынан тыс тұрады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тiкелей қолданылуы

      1. Егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады.

      2. Қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi.

      3. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде оның қандай да бiр құқық нормасы қосымша нормативтiк құқықтық акт негiзiнде қолданылатындығы көрсетiлсе, онда бұл норма негiзгi және қосымша нормативтiк құқықтық актiге сәйкес қолданылады.

      Қосымша нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн тиiстi қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер қолданылады.

12-бап. Әртүрлi нормативтiк құқықтық актiлердiң құқық нормаларының қайшылықтары

      1. Әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.

      2. Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда, олар кодекстерге тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.

      3. Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кешірек енгізілген акт нормалары қолданылады.

13-бап. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын пайдалану тәртібі

      1. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған кезде заң ұқсастығы немесе құқық ұқсастығы қолданылуы мүмкін.

      2. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, заң ұқсастығы қолданылады.

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаған кезде құқық ұқсастығы пайдаланылады.

      4. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану процесінде жеке немесе заңды тұлғалардың жаңа міндеттерін белгілеуге немесе құқықтарын шектеуге жол берілмейді.

      Заңнаманың нақты салаларымен реттелетін қатынастарда заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану мүмкіндігі тиісті заңнамалық актілермен айқындалады.

14-бап. Мерзімдерді есептеу

      1. Заңнамада белгіленген мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе басталуы сөзсiз болатын оқиға көрсетiле отырып айқындалады. Мерзiм жылдармен, тоқсандармен, айлармен, апталармен, күндермен (тәуліктермен) немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.

      2. Жылдармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.

      Айлармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде (күні) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.

      Апталармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде (тиісті тәулігінде) аяқталады.

      Күндермен (тәуліктермен) есептелетiн мерзiм Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және белгіленген кезеңнің соңғы күнiнде (тәулігінде) аяқталады.

      Сағаттармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған оқиға басталған минуттан басталады және белгіленген кезеңнің соңғы минутында аяқталады.

      3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің өтуі Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға басталғаннан кейінгі келесі күні басталады.

      Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, мерзімнің аяқталу күні сол күннен кейінгі таяудағы келесi жұмыс күні болып есептеледі.

4-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН
ДАЙЫНДАУДЫ ЖОСПАРЛАУ

15-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарлары

      1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау жоспарлары бiр жылға жасалатын ағымдағы және неғұрлым ұзақ мерзiмге жасалатын перспективалық болып бөлiнедi.

      Перспективалық жоспарларда неғұрлым маңызды нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ оларды дайындау бiр жылдан астам мерзiмге жоспарланатын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу көзделедi.

      2. Дайындау жоспарларында:

      1) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейiн, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін атауы;

      2) дайындау мерзiмдерi;

      3) жобаны әзiрлеуге жауапты органдар мен ұйымдар көрсетiледi.

      3. Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасында өзгеше көзделмесе, нормативтiк құқықтық актiлердi дайындау жоспарларын тиiстi актiлердi қабылдауға құзыреттi уәкілетті органдар жасап, бекiте алады.

      4. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтық мониторинг қорытындылары бойынша дайындалған ұсыныстары ескеріледі.

      5. Нормативтiк құқықтық актiлердің жобаларын дайындау жоспарларын жасайтын және бекiтетiн уәкілетті органдар жоспарларға осы актiлердiң дайындалуын көрсететiн басқа көрсеткiштерді де енгiзе алады.

      6. Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

16-бап. Заңнамалық актiлердің жобаларын дайындауды жоспарлау

      1. Заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды перспективалық жоспарлау Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.

      2. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламентінің кезекті сайланымы кезеңіне қабылданады және Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиялары бөлінісінде заңнамалық актілердің жобаларын (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) дайындау солардың шеңберінде болжанатын заңнама салаларын (аясын) көрсетеді.

      3. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоғырландырылған ұсыныстары негізінде жасалады.

      4. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен келісуге енгізеді және Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      5. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бір жылға жасалатын заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын бекітеді.

      6. Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді және олар Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.

      7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарлары:

      1) әзірленуі алдағы жылы болжанатын, оның деңгейін, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін заң жобасының атауын;

      2) заң жобасын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсыну мерзімдерін;

      3) заң жобасын әзірлеуге жауапты органдар мен ұйымдарды қамтуға тиіс.

      8. Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Парламент және оның Палаталары Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 3-тармағында белгіленген өз құзыреттеріне сәйкес айқындайды.

      9. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларын дайындауға қолданылмайды.

5-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ РЕСІМДЕУ

17-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеушілер

      1. Президент Әкімшілігі, Үкімет, өзге де мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына негізделген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша, олармен келісу бойынша – ұйымдар мен азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері бола алады.

      Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.

      Орталық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына оның Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар енгізе алады.

      3. Өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдар өз бастамасымен немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.

      4. Өзге де органдар, ұйымдар мен азаматтар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуге немесе мұндай актілердің бастамашылық жобаларын әзірлеуші органдардың қарауына беруге құқылы. Әзірлеуші органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдауы немесе олардың одан әрі әзірленуін және жобалардың қабылдануын орынсыз деп тануы мүмкін.

18-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу тәртібі

      1. Әзірлеуші орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз бөлімшелеріне тапсырады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, әзірлеуші орган нормативтiк құқықтық актінің жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлiнген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, оны дайындауға шарттық негiзде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға және ұжымдарға, оның iшiнде шетелдiктерге, тиісті салалардағы сарапшыларға тапсыра алады.

      Уәкiлеттi орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын дайындауды бiрнеше мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, бiрнеше ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруға құқылы.

      Нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.

      Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.

      Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.

      2. Уәкілетті орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін оның тұжырымдамасын әзірлейді.

      Осы талап заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеу жағдайларына қолданылмайды.

      Заң жобалары тұжырымдамаларын қарау тәртібі және оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларымен айқындалады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасының тұжырымдамасы осы Заңның 19-бабында көзделген тәртіппен сараптама қорытындысын алу үшін заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келетін, әзірлеуші мемлекеттік органның жанынан Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған сараптама кеңесіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілуге тиіс.

      3. Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының жобаларын және басқа да уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылуы мүмкін.

      Уәкілетті органдар нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті ұйым жүргізген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін пайдалануға құқылы.

      4. Уәкілетті органдардың бір деңгейдегі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын бірнеше уәкілетті орган әзірлеуі, ал қажет болғанда – қабылдауы мүмкін.

      Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын олар осы Заңда көзделген тәртіппен бірлесіп әзірлейді және уәкілетті органдардың басшылары қол қоятын бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылдайды.

      Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері туынды нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі.

      5. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді бір ай мерзімде жүзеге асырады.

      6. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша заң сараптамасын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүргізеді.

      7. Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі нормативтік құқықтық актінің жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.

      8. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобалары түсіндірме жазбаларымен және оларға салыстырма кестелерімен (заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына көпшілік талқылауы үшін орналастырылады.

      Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына заң жобалары тұжырымдамаларының жобалары мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыру және оларды көпшілік талқылауы тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен келісу бойынша белгілейді.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.

      9. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы құқығымен байланысты қатынастарға қолданылмайды.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

19-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері

      1. Әзірлеуші органдар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.

      Сараптама кеңестерінің мүшелері және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сараптама қорытындысын белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.

      Бұл ретте тиісті жобаларды келісу кезінде мемлекеттік органдарға әзірлеуші мемлекеттік органдардан тиісті мемлекеттік орган айқындаған, бірақ сараптама кеңесінің мүшесі және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарламаларды алған күннен бастап он жұмыс күнінен аз емес мерзімдерде сараптама қорытындысын ұсынбаған сараптама кеңестерінің мүшелерінен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан сараптама қорытындыларын алуды талап етуге тыйым салынады.

      1-1. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сараптама қорытындысын алу жөніндегі талап орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.

      2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

      3. Сараптама қорытындылары сараптама кеңесі мүшесінің немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жазбаша ұстанымын білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде міндетті қосымшалар болып табылады.

      Сараптама қорытындылары қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

      4. Әзірлеуші органдар сараптама қорытындыларын қарауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырады.

      5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға сәйкес қызметін жүзеге асыруға дайындалу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті мерзімдер негізге алынып белгіленуге тиіс.

      Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.

      6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.

      7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды сараптама кеңесі және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарағанға дейін, интернет-ресурстарда орналастыруды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.

      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау ерекшеліктері

      1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.

      2. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобасын "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жібереді.

      Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдарды беру үшін белгіленетін мерзім ол Қоғамдық кеңеске келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауы керек.

      Қоғамдық кеңес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынымдар бермеген жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.

      Ұсынымдар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен осы жобаны әрбір келесі келісу кезінде оған міндетті қосымша болып табылады.

      Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

      3. Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган Қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда, тиісті Қоғамдық кеңеске он жұмыс күні ішінде келіспеуінің себептерін негіздей отырып, жауап жібереді. Негіздемесі бар мұндай жауаптар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

21-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу

      1. Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуге жіберіледі.

      Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есеп-қисаптар қоса беріледі.

      Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдау қажет болса (егер ондай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын әзірлеуші органға ұсынады.

      2. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен енгізетін заңнамалық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге жататын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіледі.

      4. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген әзірлеуші органға хабарлауға тиіс.

      Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының келісілу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзге, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспауы керек.

      Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, негізделген және тиянақты болуға, жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.

      5. Әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасын алынған ескертулер бойынша пысықтап, қабылданған және қабылданбаған ескертулер, ескертулерді қабылдамау уәждері туралы анықтама жасайды.

      6. Жұмыс тобын құрған әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасына жұмыс тобында талқылануға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізе алады немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын жұмыс тобына пысықтауға қайтара алады.

      7. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

22-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң деректемелері

      Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай деректемелері болуға тиiс:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы;

      2) акт нысанына нұсқау: Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасының кодексi; Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңы; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы; Министрдiң бұйрығы; орталық мемлекеттiк орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттiк органның қаулысы; мәслихаттың шешiмi; әкiмдiктің қаулысы; әкiмнің шешiмi; текс