Іздеу

Магистральдық құбыр туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 22 маусымдағы № 20-V Заңы.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 32-б. қараңыз.

      Осы Заң магистральдық құбырды жобалау, салу, пайдалану, консервациялау және жою кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және магистральдық құбырды тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) алушы – өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың талаптарына сәйкес өнім қабылдауды жүзеге асыратын тұлға;

      2) жедел-диспетчерлік басқару – өнімді тасымалдау үшін магистральдық құбырды пайдаланудың технологиялық режимдерін орталықтандырылған басқару;

      3) жөндеу – магистральдық құбырдың желілік бөлігінің және (немесе) оның объектілерінің толық немесе ішінара пайдалану ресурсының жарамдылығын немесе жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар (операциялар) кешені;

      4) жөнелтуші – өнім өндіруші болып табылатын тұлға немесе оны заңды негіздерде сатып алған тұлға не олар уәкілеттік берген, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарт негізінде магистральдық құбырмен тасымалдау үшін өнімді ұсынатын тұлға;

      5) магистральдық құбыр – өнімді қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін желілік бөліктен және объектілерден тұратын, техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес келетін бірыңғай өндірістік-технологиялық кешен;

      6) магистральдық құбырды жою – магистральдық құбырды бөлшектеу және (немесе) қайта бейіндеу және қоршаған ортаны адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз және одан әрі пайдалану үшін жарамды күйге келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      7) магистральдық құбырды консервациялау – магистральдық құбырды пайдаланудан шығару кезінде оның жарамды техникалық күйде сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешені;

      8) магистральдық құбырдың желілік бөлігі – өнімді тікелей тасымалдау жүзеге асырылатын жерасты, суасты, жербеті, жерүсті құбырлары;

      9) магистральдық құбырдың күзет аймағы – магистральдық құбыр объектілеріне іргелес жатқан және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құбыр объектілерін қауіпсіз және іркіліссіз пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасауға арналған, оның шегінде аумақты белгілеу мақсаттарына сай келмейтін қызмет түрлеріне шектеу қойылатын немесе тыйым салынатын айрықша күзет және пайдалану жағдайларындағы (құрлықтағы және (немесе) судағы) аумақ;

      10) магистральдық құбырдың меншік иесі – Қазақстан Республикасы, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі немесе магистральдық құбырға меншік құқығында иелік ететін заңды тұлға;

      11) магистральдық құбырдың физикалық қауіпсіздігі – тұлғалардың құқыққа қарсы іс-әрекеттерінен туындайтын қатерлерден магистральдық құбырдың қорғалу жай-күйі;

      12) магистральдық құбырды пайдалану – магистральдық құбырдың үздіксіз, тиісінше және тиімді жұмыс істеуі үшін қажет, оның ішінде техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді, техникалық диагностикалауды және жедел-диспетчерлік басқаруды қамтитын қызмет;

      13) магистральдық құбырды реконструкциялау – магистральдық құбырдың сапалық көрсеткіштерін жақсартуды көздейтін, оны қайта орналастыру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      14) магистральдық құбырды физикалық қорғау – тұлғалардың зақымдауға әкеп соқтыратын құқыққа қарсы іс-әрекеттерінен туындайтын магистральдық құбырға қатысты қатерлерді болдырмауға бағытталған құқықтық нормалардың, ұйымдастырушылық шаралар мен инженерлік-техникалық шешімдердің жиынтығы;

      15) оператор – өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауды және (немесе) оны пайдалануды жүзеге асыратын магистральдық құбырдың меншік иесі немесе магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін заңды тұлға не олар уәкілеттік берген, операторлық қызметтер көрсететін ұйым;

      16) операторлық қызметтер – магистральдық құбырдың меншік иесінің не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның атынан жөнелтушілерге оператор ұсынатын өнімді тасымалдау жөніндегі және (немесе) магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаға оператор ұсынатын магистральдық құбырды пайдалану жөніндегі қызметтер;

      17) өнім – тасымалдауға дайындалған және тиісті өнім түрі бойынша техникалық регламенттерге сәйкес келетін, тұрақты (тұрақты емес) газ конденсатын, табиғи газды, ілеспе газды, басқа да сұйық және газ тәріздес көмірсутектерді, мұнай өнімдерін қоса алғандағы мұнай;

      18) өнімді тасымалдау – өнімді жөнелтушіден қабылдау пунктінен бастап алушыға тапсыру пунктіне дейін оны магистральдық құбыр бойынша қабылдау, тапсыру, айдау, өнімді басқа да магистральдық құбырларға қотару, құю, беру, басқа көлік түріне ауыстырып тиеу, сақтау, араластыру процесі;

      19) өнім сапасы банкі – өнімнің сапасы мен саны жөніндегі деректер негізінде магистральдық мұнай құбырымен тасымалданатын өнім сапасының көрсеткіштеріндегі айырмашылықтарға байланысты жөнелтушілер арасында өтемақылар және (немесе) төлемдер төлеу арқылы өзара ақшалай есеп айырысулар жүргізу тетігі;

      20) өнім транзиті – өнімді Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі өнім жөнелтуші мен алушы арасында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізу;

      20-1) терминал меншік иесі – магистральдық мұнай құбыры объектілерінің құрамына кірмейтін, резервуарларды білдіретін, өнім сақтауға арналған өнеркәсіптік объектіге, сондай-ақ мұнайды қабылдауға және (немесе) көлікке (теміржол цистерналары, автоцистерналар, танкерлер және басқалары) немесе мұнай құбырына тиеп-жөнелтуге арналған платформаға иелік ететін жеке немесе заңды тұлға;

      21) техникалық дәліз – магистральдық құбыр немесе қатар салынған магистральдық құбырлар мен коммуникациялар жүйесі өтетін аумақ;

      22) техникалық диагностикалау – магистральдық құбырдың техникалық жай-күйін айқындауға арналған жұмыстар мен ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар кешені;

      23) трансшекаралық магистральдық құбыр – екі және одан да көп мемлекеттің аумағы арқылы өтетін магистральдық құбыр;

      24) уәкілетті орган – магистральдық құбыр саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      25) ұлттық оператор – акцияларының (қатысу үлестерінің) бақылау пакетінің меншік иесі мемлекет не ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық компания немесе Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін компания болып табылатын, бір немесе бірнеше магистральдық құбырға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде иелік ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;

      26) үлестес тұлға – шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) магистральдық құбырдың меншік иесі немесе өнім өндіруші қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде кез келген мәмілеге байланысты ықпал етуге құқығы бар заңды тұлға, сондай-ақ магистральдық құбырдың меншік иесінің немесе өнім өндірушінің оған қатысты осындай құқығы болатын кез келген заңды тұлға.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заңның күші магистральдық құбыр саласындағы қоғамдық қатынастарға қолданылады.

      2. Осы Заңның күші:

      1) магистральдық құбырларға жатпайтын құбырды, магистральдық су құбырын салу және пайдалану кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарға, сондай-ақ магистральдық құбырдың әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы объектілерін салуға, олардың жұмыс істеуіне және оларды жоюға байланысты қатынастарға;

      2) 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанға дейін трансшекаралық құбыр мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жасасқан үкіметаралық келісімдер және олармен байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі қатысқан кейінгі шарттар шеңберінде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

      3. Осы Заң "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында реттелмеген бөлігінде магистральдық газ құбыры саласындағы қатынастарға қолданылады.

3-бап. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Магистральдық құбыр саласындағы қызметтің негізгі қағидаттары

      Магистральдық құбыр саласындағы қызметтің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

      1) өнімді тұтынушыларға тасымалдау кезінде адам мен мемлекет қауіпсіздігінің, қоршаған ортаны қорғаудың басымдығы;

      2) магистральдық құбыр саласындағы қатынастардың барлық субъектілерінің мүдделерін сақтау және магистральдық құбырға кемсітусіз қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      3) магистральдық құбырды жобалау, салу, пайдалану, реконструкциялау және жою кезінде тиімді әдістер мен технологияларды пайдалану;

      4) магистральдық құбыр мен оның объектілерін салу, олардың жұмыс істеуі және оларды жою кезінде қоршаған ортаға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, олардың мүлкіне, сондай-ақ заңды тұлғалардың мүлкіне келтірілген зиянды толық өтеудің міндеттілігі;

      5) Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігінің басымдығы.

2-тарау. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫР САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) магистральдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларды әзірлейді;

      2) магистральдық құбыр салу туралы шешім қабылдайды;

      3) өнім түрлері бойынша ұлттық операторларды айқындайды, сондай-ақ олар туралы ережелерді бекітеді;

      4) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      5) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      6) магистральдық құбыр саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;

      7) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      8) магистральдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      9) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      10) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) магистральдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

      2) магистральдық құбыр саласындағы мемлекеттік бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;

      3) өнім түрлері бойынша ұлттық операторлар туралы ережелерді әзірлейді;

      4) магистральдық мұнай құбырларын пайдалану қағидаларын және магистральдық газ құбырларын пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      5) магистральдық құбырларды күзетуді ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      6) магистральдық құбыр саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді;

      6-1) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарауды, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;

      7) мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      8) жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      9) мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау кестесін жасау тәртібіне сәйкес мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау кестесін бекітеді;

      10) өз құзыреті шегінде магистральдық құбыр саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды бекітеді;

      11) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      12) өнім сапасы банкін қолдану қағидаларын бекітеді;

      13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Магистральдық құбыр саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган:

      1) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес магистральдық құбырды пайдаланған кезде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;

      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:

      1) магистральдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) магистральдық құбыр мұқтаждары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерін беруді қамтамасыз етеді;

      3) магистральдық құбырдағы авариялар мен төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жоюға жәрдемдеседі;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес өнімді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы магистральдық құбыржолмен өткізуді кедендік реттеуді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау

      Ескерту. 8-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

      2. Алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес магистральдық құбыржолдың меншік иесі не магистральдық құбыржолға өзге заңды негізде иелік ететін тұлға уәкілетті органға ведомстволық статистикалық байқау немесе әкімшілік есепке алу үшін қажет мұнай тасымалы жөніндегі деректерді ұсынады.

      4. Мұнай тасымалдау кестесінің нақты орындалуы туралы есеп ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті орган жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Магистральдық құбыр саласындағы қызметті лицензиялау

      Магистральдық құбыр саласындағы жекелеген қызмет түрлері Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Ұлттық оператор

      1. Ұлттық оператор:

      1) меншік иесінің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі, өнімнің тиісті түрі бойынша магистральдық құбыр арқылы Қазақстан Республикасының аумағында операторлық қызметтерді көрсету құқығына ие;

      2) ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық құбыр арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тасымалданатын өнімді басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету (бірыңғай маршруттау бойынша операторлық қызмет) құқығына ие.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген құқық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыру мақсатында дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тиесілі басқа заңды тұлғаға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен берілетін жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтарды өзге де тұлғалардың жүзеге асыруына жол берілмейді.

3-тарау. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫР. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫР
МҰҚТАЖДАРЫНА АРНАЛҒАН ЖЕРЛЕР

11-бап. Магистральдық құбыр

      1. Магистральдық құбырларға магистральдық мұнай құбырлары, газ құбырлары және мұнай өнімдері құбырлары жатады.

      2. Магистральдық құбыр желілік бөліктен және осы баптың 3-тармағында көрсетілген объектілерден тұрады.

      3. Магистральдық құбыр объектілерінің құрамына бірыңғай технологиялық процеспен байланысты жер учаскелерін алып жатқан құрылғылар, жабдықтар, құрылыстар, үйлер және басқа да ғимараттар кіреді.

      Магистральдық құбыр объектілерінің құрамы мен техникалық параметрлері жобалық құжаттамада айқындалады.

      4. Магистральдық құбырларға кәсіпшілік, технологиялық және ішкі шаруашылық мақсаттар үшін өнімнің меншік иесінің немесе өзге құқық иеленушісінің аумағы шегінде, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт аумағы шегінде өнімді тасымалдауға арналған өзге де құбырлар, сондай-ақ өнімді тұтынушыларға тасымалдауға арналған тарату құбырлары жатпайды.

12-бап. Магистральдық құбырға меншік

      1. Магистральдық құбыр бөлінбейтін мүліктік кешен болып табылады және мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.

      2. Магистральдық құбыр, сондай-ақ меншігінде магистральдық құбыр бар заңды тұлғалардағы акциялар пакеттері (қатысу үлестері), меншігінде магистральдық құбыр бар заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама түрде айқындауға немесе олардың қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке және заңды тұлғалардың акциялар пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар стратегиялық объектілерге жатады, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етуі мүмкін.

      3. Магистральдық құбырдың жеке тұлғалардың, сондай-ақ шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың меншігінде болуына тыйым салынады.

13-бап. Магистральдық құбыр мұқтаждарына арналған жерлер

      1. Магистральдық құбыр мұқтаждарына арналған жерлерге магистральдық құбыр алып жатқан жерлер, сондай-ақ магистральдық құбырдың күзет аймақтары жатады.

      2. Магистральдық құбырдың меншік иесінің не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның магистральдық құбыр объектілеріне кедергісіз кіруін қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары магистральдық құбырдың меншік иесінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес қауымдық сервитут белгілеуі мүмкін.

      3. Магистральдық құбыр объектілерін күрделі жөндеу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау және ол арқылы өткелдер салу жөніндегі жұмыстарды орындау үшін магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаға Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскелері уақытша жер пайдалануға беріледі.

      4. Жер пайдалану құқығын сатып алған меншік иелерінен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың иелігінен жер учаскелерін магистральдық құбыр салу үшін мәжбүрлеп шығару "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

14-бап. Магистральдық құбырдың күзет аймағы

      1. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау және магистральдық құбырды қауіпсіз пайдалану үшін жағдайлар жасау мақсатында төселім түріне қарамастан оның трассасы бойында, сондай-ақ магистральдық құбыр объектілерінің төңірегінде магистральдық құбырдың қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламент талаптарына сәйкес жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленетін күзет аймақтары орнатылады.

      Бір техникалық дәлізде бірнеше магистральдық құбыр орналастырылған кезде барлық магистральдық құбыр үшін бірыңғай күзет аймағы орнатылады.

      2. Магистральдық құбырдың күзет аймақтары:

      1) мұнайды, мұнай өнімдерін, табиғи газды, мұнай және жасанды көмірсутек газдарын тасымалдайтын магистральдық құбыр трассалары бойында – құбыр осінің әрбір жағынан елу метр жерден өтетін шартты сызықтармен шектелген жер учаскесі түрінде; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде магистральдық құбырдың күзет аймағы құбыр осінің әрбір жағынан жиырма бес метр жерден өтетін шартты сызықтармен шектеледі;

      2) сұйытылған көмірсутек газдарын, тұрақсыз бензин мен конденсатты тасымалдайтын магистральдық құбыр трассалары бойында – құбыр осінің әрбір жағынан жүз метр жерден өтетін шартты сызықтармен шектелген жер учаскесі түрінде;

      3) бір техникалық дәлізде төселген көпжелілі құбырлар трассалары бойында – тасымалданатын өнім түріне байланысты шеткі құбырлар осьтерінен осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қашықтықтарда өтетін шартты сызықтармен шектелген жер учаскесі түрінде;

      4) суасты өткелдері бойында – өткелдердің шеткі желілері осьтерінің әрбір жағынан жүз метрге кейін қалатын қатар жазықтықтар арасында орналасқан су бетінен түбіне дейінгі су кеңістігі учаскесі түрінде;

      5) конденсатты сақтауға және газсыздандыруға арналған сыйымдылықтар, өнімді авариялық шығаруға арналған жер қамбалары төңірегінде – аталған объектілер аумақтары шекарасынан барлық жаққа елу метрге кейін қалатын тұйықталған сызықпен шектелген жер учаскесі түрінде;

      6) өнімді тасымалдауға дайындаудың технологиялық қондырғылары, бас және аралық айдау және құю сорғы станциялары, резервуар парктері, компрессорлық және газ тарату станциялары, өнім өлшеу тораптары, құю және қотару эстакадалары, газды жерасты сақтау станциялары, мұнайды, мұнай өнімдерін қыздыру пункттері төңірегінде – аталған объектілер аумақтарының шекараларынан барлық жаққа жүз метрге кейін қалатын, тұйықталған сызықпен шектелген жер учаскесі түрінде орнатылады.

      3. Магистральдық құбырдың күзет аймақтарына: орман қорғау аймақтары, ғимараттардың, құрылғылар мен басқа да объектілердің сақталуын, төзімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті жер учаскелері, қызметтік жолдар, сондай-ақ сел қаупі, көшкін қаупі бар аймақтарда және басқа да қауіпті әсерге ұшырауы ықтимал жерлерде орналасқан, магистральдық құбырдың бөлу белдеуіне іргелес жер учаскелері кіреді.

      4. Магистральдық құбырлардың күзет аймақтары шегіндегі жерлер жер пайдаланудың ерекше режиміне ие және олар жер учаскелерінің меншік иелерінен, жер пайдаланушылардан алынбайды.

      5. Магистральдық құбырдың күзет аймағында:

      1) өткелдерді, қара жолдарды және магистральдық құбыр трассасы мен оның күзет аймағын өзге де уақытша немесе тұрақты көлікпен кесіп өтудің орналасу орындарын, салу, жайластыру және пайдалану тәртібін магистральдық құбырдың меншік иесімен келіспей, орнатуға;

      2) бағбандыққа және орман өсіруге, сондай-ақ жер жырту тереңдігі отыз бес сантиметрден аспайтын далалық ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін агротехникалық жұмыстар кешенінен басқа, магистральдық құбырдың меншік иесімен келісілмеген кез келген жұмысты орындауға;

      3) магистральдық құбырдың меншік иесі не оператор жайластырған, магистральдық құбырға қызмет көрсету мен оның физикалық қорғалуын қамтамасыз етуге арналған жолдарды рекультивациялауға, сондай-ақ магистральдық құбырда өртке қарсы және күзет функцияларын орындайтын қызметкерлердің осы жолдармен қозғалысына, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедергі келтіруге;

      4) кез келген құрылыстар мен ғимараттар салуға;

      5) автомобиль көлігі құралдарының, тракторлар мен механизмдердің тұрақтарын ұйымдастыруға;

      6) мелиоративтік жер жұмыстарын жүргізуге, суару және құрғату жүйелерін салуға;

      7) магистральдық құбырдың меншік иесінің келісімінсіз тау-кен, құрылыс салу, монтаждау және жару жұмыстарын жүргізуге, жерді тегістеуге;

      8) ұңғымалар, тікқазбалар орнатуға және топырақ сынамаларын (топырақ үлгілерінен басқа) алуға байланысты геологиялық түсіру, іздеу, геодезиялық және басқа да іздестіру жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.

      6. Магистральдық құбырдың меншік иесіне не операторға магистральдық құбырдың күзет аймағы шекараларының шегіндегі жер және су учаскелерін меншікке немесе пайдалануға сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейді.

      7. Оператордың магистральдық құбырдың күзет аймақтары шегінде магистральдық құбырды жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ жердің меншік иелерін (жер пайдаланушыларды) алдын ала хабардар етіп және оларға келтірілген залалдың орнын кейіннен толтыра отырып, ал төтенше жағдайды жою кезінде – алдын ала хабарлаусыз, келтірілген залалдың орнын кейіннен толтыра отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге құқығы бар.

      8. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға жатпайтын кез келген объектіні құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген ең аз қашықтық шегінде салуға тыйым салынады.

4-тарау. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫРДЫ ЖОБАЛАУ, САЛУ, ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ
ПАЙДАЛАНУДАН ШЫҒАРУ

15-бап. Магистральдық құбырды жобалау, салу және пайдалану

      1. Магистральдық құбырды жобалау, салу, реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу, авторлық қадағалау және техникалық қадағалау, магистральдық құбырды пайдалануға қабылдау осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Қазіргі бар магистральдық құбырларды кеңейту жағдайларын қоспағанда, жаңа магистральдық құбырды салу уәкілетті органның осы Заңның 16-бабының 6-тармағында көзделген жазбаша хабарламасы алынғаннан кейін не осы Заңның 16-бабының 3-тармағында көзделген коммерциялық ұсынысты уәкілетті орган алған күннен бастап қырық бес жұмыс күні өткеннен кейін жүзеге асырылады.

      3. Іске қосу-жөндеу жұмыстары басталғанға дейін жобалау ұйымы магистральдық құбыр салуға арналған жобалық құжаттаманың құрамына кірмейтін магистральдық құбырды пайдалану жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді.

      4. Салынған магистральдық құбырды және (немесе) оның бөліктерін пайдалануға қабылдау алдында мамандандырылған ұйым бекітілген нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес құбырішілік диагностикалауды жүргізеді.

      Құбырішілік диагностикалау процесінде табылған ақауларды жоюды магистральдық құбыр салуды жүзеге асырған құрылыс-монтаж ұйымы жүргізеді.

      5. Құрылыс-монтаж ұйымдары кепілдік мерзімі, бірақ магистральдық құбыр пайдаланылуға берілгеннен кейін кемінде үш жыл ішінде пайдалану процесінде табылған құрылыс-монтаж жұмыстарының кемшіліктерін өз қаражаты есебінен жоюға тиіс.

      6. Магистральдық құбырды пайдалану сенімділік пен қауіпсіздіктің нормативтік критерийлерін сақтап, өнімнің қажетті көлемде тасымалдануын қамтамасыз етуді ескере отырып, жүзеге асырылуға тиіс.

16-бап. Жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына қатысуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібі

      1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына елу бір пайыздан кем емес мөлшерде қатысудың басым құқығына (бұдан әрі – мемлекеттің басым құқығы) ие болады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттің басым құқығын іске асырады.

      3. Магистральдық құбыр салуды жүзеге асыру ниеті бар тұлға уәкілетті органға магистральдық құбыр салу жобасына мемлекеттің қатысуына коммерциялық ұсыныс (бұдан әрі – коммерциялық ұсыныс) жолдайды.

      Уәкілетті орган коммерциялық ұсынысты алған кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына береді.

      4. Коммерциялық ұсыныста:

      1) магистральдық құбыр салудың негізделген есептерін қамтитын, іске асырылатын жобаның құны туралы мәліметтер;

      2) салынуға жататын магистральдық құбырдың техникалық сипаттамалары қамтылуға тиіс.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның коммерциялық ұсынысы берілген кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мемлекеттің басым құқығын іске асыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      6. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің қабылдаған шешімі туралы магистральдық құбыр салуды жүзеге асыру ниеті бар тұлғаны шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша түрде хабардар етеді.

      7. Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттің басым құқығынан бас тартқан не уәкілетті орган осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімде жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда, магистральдық құбыр салуды жүзеге асыру ниеті бар тұлға өзге тұлғаларға жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына қатысуды ұсынуға не магистральдық құбыр салуды өз бетінше жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте өзге тұлғалардың магистральдық құбыр салуға қатысу шарттары оның Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынған шарттарынан неғұрлым тиімді бола алмайды.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына елу бір пайыздан кем мөлшерде қатысу туралы шешім қабылдауға құқылы.

      9. Осы баптың ережелері қазіргі бар магистральдық құбырды кеңейту жағдайларына қолданылмайды.

17-бап. Құбырды жұмыс істеп тұрған магистральдық құбырға жалғау

      1. Құбырды жұмыс істеп тұрған магистральдық құбырға жалғау магистральдық құбырдың меншік иесі мен жалғанатын құбырдың меншік иесі арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады. Егер магистральдық құбыр оператордың басқаруында болған жағдайда, оператор магистральдық құбырдың меншік иесінің келісімімен осындай шарттың тарапы бола алады.

      2. Құбырды магистральдық құбырға жалғауға байланысты шығыстарды жалғанатын құбырдың меншік иесі көтереді.

      3. Жалғанған құбырды жедел-диспетчерлік басқаруды оның меншік нысанына қарамастан, ол жалғанған магистральдық құбырдың операторы орталықтандырылған түрде жүзеге асырады.

      4. Жалғанған құбырдың меншік иесі оны пайдаланудан шығару немесе оның жұмыс режимін өзгерту қажет болған жағдайда, магистральдық құбырдың меншік иесін бұл туралы кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын алдын ала жазбаша хабардар етуге міндетті.

      5. Магистральдық құбырдың меншік иесінің немесе осы баптың 1-тармағына сәйкес ол уәкілеттік берген оператордың, егер:

      1) магистральдық құбырдың өткізу қабілеті жалғанатын құбырдың меншік иесі мәлімдеген өзінің сапа параметрлері бойынша пайдалану талаптарына сәйкес келетін өнім көлемін тасымалдауға мүмкіндік берсе;

      2) тасымалдануға жататын өнім техникалық регламенттер талаптарына сай келсе;

      3) жалғанатын құбырдың меншік иесі тасымалданатын өнімді есепке алу және бақылау талаптарының, сондай-ақ осындай жалғану үшін магистральдық құбырдың меншік иесі белгілеген техникалық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге міндеттенсе, құбырды жалғау туралы шарт жасасудан бас тартуына жол берілмейді.

18-бап. Жедел-диспетчерлік басқару

      1. Жедел-диспетчерлік басқаруды оператор жүзеге асырады.

      2. Трансшекаралық магистральдық құбырды жедел-диспетчерлік басқару Қазақстан Республикасының халықаралық шартының және (немесе) трансшекаралық магистральдық құбырдың меншік иелері арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

19-бап. Магистральдық құбырды пайдаланудан шығару

      1. Магистральдық құбырды пайдаланудан шығару магистральдық құбырды күрделі жөндеу, консервациялау немесе жою мақсатында оны пайдалануды тоқтату жөніндегі іс-шаралар кешенін білдіреді.

      2. Пайдаланудан шығару кезінде магистральдық құбырдың меншік иесі оны қауіпсіз күйге келтіруге міндетті.

20-бап. Магистральдық құбырды жобалау және салу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Магистральдық құбырды жобалау, салу, реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу кезінде мынадай талаптар сақталуы қажет:

      1) магистральдық құбыр конструкцияларының өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      2) магистральдық құбыр салу және оның жұмыс істеуі бойынша жоспарланатын қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізу;

      3) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, экологиялық мониторинг жүргізу жөніндегі шараларды әзірлеу;

      4) магистральдық құбырды жобалауға қажетті материалдық, қаржылық және еңбек ресурстары бар жобалау ұйымдарын конкурстық негізде тарту;

      5) магистральдық құбырды пайдалану барысында жобалық шешімдерді өзгерту мақсатында жобалау ұйымдарын тарту кезінде, оның ішінде магистральдық құбырды реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу кезінде бірінші кезекте магистральдық құбыр жобасының авторы болып табылатын жобалау ұйымын тарту;

      6) авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыру;

      7) трассаны аумақтың табиғи ерекшеліктерін, елді мекендердің орналасуын, топырақтың құрылымдық-механикалық қасиеттерін және коррозиялық белсенділігін, сондай-ақ магистральдық құбырға оң немесе теріс ықпал етуі мүмкін көлік жолдарын және коммуникацияларды ескере отырып таңдау;

      8) магистральдық құбырды пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ететін сертификатталған технологиялық жабдықты қолдану;

      9) құбырды коррозиядан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

      10) жобаның құрамы бойынша жүйелер мен жабдықтардың ықтимал істен шығуының және олардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі ұсынылатын іс-қимылдардың тізбесін жасау;

      11) магистральдық құбырдың физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ техникалық нығайту және инженерлік-техникалық құралдармен және қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру жөніндегі шараларды әзірлеу;

      12) магистральдық құбырды сыртқа ағып кетуге және үшінші тұлғалардың құқыққа қарсы іс-әрекеттеріне байланысты зақымданулардан қорғау үшін жобалық техникалық шешімдерді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптар.

      2. Елді мекендерде, мемлекеттік табиғи қорықтарда, мемлекеттік қорық аймақтарында, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде, ауыз сумен қамтамасыз ету көздерінің санитариялық қорғау аймақтарында магистральдық құбыр салуға тыйым салынады.

      3. Инженерлік-техникалық басқару, қорғау және олардың өнеркәсіптік, өрт, экологиялық және физикалық қауіпсіздігін бақылау құралдарымен жабдықталмаған магистральдық құбырды пайдалануға қабылдауға тыйым салынады.

21-бап. Магистральдық құбырды пайдалану, консервациялау және жою кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Магистральдық құбырды пайдалану басталғанға дейін оның меншік иесі ықтимал аварияларды жоюдың авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен келісілген жоспарын әзірлейді және бекітеді.

      2. Магистральдық құбырдың авариялық қызметтерінің қызметкерлерін, авариялық және арнаулы техникасын авариялар мен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жұмыстардан бөлек, басқа да жұмыстарға тартуға жол берілмейді.

      3. Магистральдық құбыр салуға арналған жобалық және атқарушылық құжаттама, сынақ актілері, техникалық қызмет көрсетуге арналған жұмыс құжаттамасы, сондай-ақ авариялар мен оқыс оқиғаларды тергеу материалдары магистральдық құбырдың меншік иесінде оны пайдаланудың барлық мерзімі ішінде сақталуға тиіс.

      Магистральдық құбырды пайдалану мерзімі жобалық құжаттамада айқындалады. Диагностикалық тексерулер нәтижелері бойынша мамандандырылған ұйымдардың қорытындылары негізінде магистральдық құбырды пайдалану мерзімін ұзартуға жол беріледі.

      4. Теңіз айдынында тартылған магистральдық құбырда авариялардың алдын алу құралдары, сондай-ақ авария болған жағдайда немесе жөндеу жұмыстары кезінде теңіз айдыны арқылы тартылған магистральдық құбырды өнімді теңізде өндіру объектілерінен ажыратуға мүмкіндік беретін бекіткіш арматура орнатылуға тиіс.

      5. Магистральдық құбыр объектілері Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясымен қамтамасыз ету жүзеге асырылатын, авариялық броні бар үздіксіз энергиямен жабдықтау объектілері болып табылады.

      6. Үшінші тұлғалардың құқыққа қарсы іс-әрекеттерін болдырмау, аварияларды, төтенше жағдайларды жою жөнінде шұғыл шаралар жүргізу мақсатында магистральдық құбырдың меншік иесінің не оператордың оған іргелес жер учаскелерін Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңнамасына сәйкес белгіленген қауымдық сервитут негізінде, келтірілген залалды кейіннен өтей отырып, пайдалануына жол беріледі.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары магистральдық құбырдағы авариялар мен төтенше жағдайлар орнына арнайы көлік құралдарының кедергісіз өтуін және техниканың жеткізілуін қамтамасыз етеді.

      8. Магистральдық құбыр немесе оның объектілері жойылған жағдайда, магистральдық құбырдың меншік иесі қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде жерді рекультивациялау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

5-тарау. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫРДЫҢ МЕНШІК ИЕСІНІҢ ЖӘНЕ ОПЕРАТОРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

22-бап. Магистральдық құбырды өз бетінше пайдалануды жүзеге асыратын магистральдық құбырдың меншік иесінің құқықтары мен міндеттері

      1. Магистральдық құбырды өз бетінше пайдалану кезінде, сондай-ақ оны консервациялаудың барлық кезеңі ішінде магистральдық құбырдың меншік иесі:

      1) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсету, оны жөндеу, қорғау, техникалық диагностикалау және тексеру бойынша жұмыстардың орындалуын бақылауға;

      2) жобалау ұйымдарын қате жобалық шешімдері үшін жауапкершілікке тартуға бастамашылық жасауға;

      3) құрылыс ұйымдарынан магистральдық құбырда іске қосу алдындағы диагностикалау мен атқарушылық суретке түсіру жүргізуді талап етуге;

      4) жөнелтуші беретін өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауға дайындау туралы мәліметтердің анықтығын, оның сапасының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге құқылы.

      2. Магистральдық құбырды өз бетінше пайдалану кезінде, сондай-ақ оны консервациялаудың барлық кезеңі ішінде магистральдық құбырдың меншік иесі:

      1) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау мақсатында оның үздіксіз, тиісінше және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;

      2) магистральдық құбырдағы өнімнің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауға;

      3) авариялар мен оқыс оқиғаларды болдырмау, жою жөнінде шаралар қолдануға;

      4) магистральдық құбырды техникалық жарамды күйде ұстау мақсатында оған техникалық диагностикалау мен тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге;

      5) өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;

      6) пайдаланылатын магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жүргізуді қамтамасыз етуге;

      7) төтенше жағдайлардың алдын алу, өнеркәсіптік, экологиялық және өрт қауіпсіздігі, магистральдық құбырды физикалық қорғау жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;

      8) аварияларды оқшаулау және олардың зардаптарын жою үшін материалдық және қаржылық ресурстар резервтеріне ие болуға;

      9) бірыңғай техникалық дәлізбен өтетін инженерлік коммуникацияларды пайдаланатын ұйымдармен келісілген іс-әрекеттерді жүргізуге;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де іс-шараларды орындауға міндетті.

23-бап. Операторлық қызметтерді көрсететін оператордың құқықтары мен міндеттері

      1. Операторлық қызметтерді көрсету кезінде оператор:

      1) операторлық қызметтерді көрсету үшін өзіне магистральдық құбырдың меншік иесі берген мүлікті пайдалануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға;

      2) өзіне магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға операторлық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес берген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Операторлық қызметтерді көрсету кезінде оператор:

      1) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау мақсатында оның үздіксіз, тиісінше және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;

      2) өнімді талап етілетін технологиялық параметрлерді сақтай отырып, сенімділік пен қауіпсіздіктің нормативтік критерийлерін ұстанып, қажетті көлемде тасымалдауды жүзеге асыруға;

      3) магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға атынан оператор жасасқан шарттардың талаптарына сәйкес жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтер ұсынуды қамтамасыз етуге;

      4) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсету, ағымдағы жөндеу және диагностикалық тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге;

      5) төтенше жағдайлардың алдын алу, өнеркәсіптік, өрт және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;

      6) бірыңғай техникалық дәлізбен өтетін инженерлік коммуникацияларды пайдаланатын ұйымдармен келісілген іс-әрекеттерді жүргізуге міндетті.

6-тарау. ӨНІМДІ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫРМЕН ТАСЫМАЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ҰСЫНУ

24-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге қол жеткізу тәртібі

      1. Магистральдық құбырдың еркін өткізу қуаты бар кезінде магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге уәкілеттік берілген оператор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып, барлық жөнелтушілерге өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге қолжетімділікті ұсынудың тең жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Магистральдық құбырдың шектеулі өткізу қуаты кезінде мынадай кезектілік тәртібімен:

      1) Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу үшін тікелей көзделген көлемде оларға мұнай беруді жүзеге асыратын жөнелтушіге;

      2) өз өнімін немесе үлестес тұлғалардың өнімін тасымалдау үшін магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаға;

      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімдерінің және (немесе) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық келісімдер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін жөнелтушіге;

      4) магистральдық құбыр салуды инвестициялау және (немесе) магистральдық құбырдың немесе оның жекелеген объектілерінің өткізу қуатын кеңейту үшін инвестициялар салынған сол магистральдық құбыр учаскесі немесе оның объектісі шегінде тартылған жөнелтушіге;

      5) магистральдық құбырдың меншік иесімен не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғамен жасалған шартқа сәйкес тасымалдау үшін міндетті ең төменгі жылдық көлем шегінде міндетті ең төменгі жылдық мұнай (мұнай өнімдері) көлемін ұсыну міндеттемесін өзіне алған жөнелтушіге;

      6) мұнайды басқа мемлекеттердің құбыр жүйелерімен тасымалдау кезінде нормативтік-техникалық құжаттарда белгіленген мұнай сапасы жөніндегі техникалық талаптарға тасымалданатын мұнай қоспасын сәйкес келтіруге мүмкіндік беретін мұнай сапасы мұнайды тасымалдау үшін ұсынатын жөнелтушіге мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну жүзеге асырылады.

      3. Осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасының күші ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық құбырға қолданылмайды.

      4. Осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасы жасалған шарт талаптарына сәйкес магистральдық құбырдың меншік иесі инвестицияларды толық өтегенге дейін қолданылады.

      5. Бір магистральдық құбырдың (магистральдық құбыр учаскесінің) өткізу қуаты бар болған және екінші магистральдық құбырдың (магистральдық құбыр учаскесінің) еркін өткізу қуаты болмаған кезде, мұнайды Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына, сондай-ақ газды Қазақстан Республикасының ішкі нарығына және (немесе) оның шегінен тысқары жерлерге беруді қамтамасыз ету мақсатында жөнелтуші магистральдық құбырдың меншік иесінің не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның және уәкілетті органның жазбаша келісімімен айырбастау-операцияларын (своп) жүзеге асыруы мүмкін.

      Осы тармақтың мақсаты үшін айырбастау-операциялары (своп) деп бір жөнелтушінің өнімін екінші жөнелтушінің өніміне олардың арасында жасалған жазбаша келісім негізінде жүзеге асырылатын айырбастау түсініледі.

      6. Магистральдық газ құбырының еркін өткізу қуаты болмаған кезде газды ол арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

25-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұтыну немесе қайта өңдеу, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспортқа транзиттеу және тасымалдау үшін өнімді магистральдық құбыржолмен тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну магистральдық құбыржолдың меншік иесі не магистральдық құбыржолға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан осындай қызметтер көрсетуге уәкілеттік берілген оператор мен өнімді жөнелтуші арасындағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтер жөнелтушілерге магистральдық құбырлар жүйесінде мұнай тасымалдаудың қолданыстағы маршруттары бойынша мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау кестесіне сәйкес ұсынылады.

      3. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау кезінде есепке алу өнім тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартқа, оператордың ішкі құжаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      3-1.Мұнай тасымалдауға арналған магистралдық құбырлар Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандырылуға тиіс.

      4. Оператор магистральдық құбырмен тасымалданатын өнімді маршрут соңындағы алушыға өнім тасымалдау кезіндегі техникалық шығындарды шегере отырып тапсырады.

      5. Алушы табиғи зілзалалармен, апаттармен және алушыға тәуелді емес өзге де жағдайлармен байланысты жағдайларды қоспағанда, өнімді алудан бас тартуға құқылы емес. Газдың экспорты мен транзиті жағдайларын қоспағанда, егер өнімді тасымалдау кезінде алушы оны толық көлемде қабылдай алмаса немесе егер жөнелтуші түпкілікті алушыны көрсете алмаса, онда техникалық мүмкіндік бар болған кезде, өнім операторға жауапкершілікпен сақтауға берілуі мүмкін. Бұл ретте алушы немесе жөнелтуші өнімді сақтауға байланысты шығыстарды өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта ескертілген талаптарға орай төлеуге міндетті.

      Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 271-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 05.05.2015 № 312-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

25-1-бап. Терминал меншік иелерінің өнімді сақтау, қабылдау және (немесе) тиеп-жөнелту бойынша қызметтер көрсетуі

      1. Терминал меншік иелері мұнайды сақтау, қабылдау және (немесе) тиеп-жөнелту бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа, терминал меншік иесінің ішкі құжаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жөнелтушілерге резервуарларды білдіретін, өзінің өнім сақтауға арналған өнеркәсіптік объектілерінде, сондай-ақ мұнайды қабылдауға және (немесе) көлікке (теміржол цистерналарына, автоцистерналарға, танкерлерге және басқаларына) немесе мұнай құбырына тиеп-жөнелтуге арналған платформаларда мұнай тасымалдаудың жұмыс істеп тұрған маршруттары бойынша мұнайды сақтау, қабылдау және (немесе) тиеп-жөнелту бойынша қызметтер көрсетеді.

      2. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес терминал меншік иелері өздерінің өнеркәсіптік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандырады.

      3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес терминал меншік иесі магистральдық құбыржол саласындағы уәкілетті органға ведомстволық статистикалық байқау немесе әкімшілік есепке алу үшін қажет мұнай қозғалысы жөніндегі деректерді ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 6-тарау 25-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2017 № 126-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

26-бап. Өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты жасасудан бас тарту негіздері

      Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге уәкілеттік берілген оператор жөнелтушімен мынадай:

      1) өнім техникалық регламенттердің және (немесе) ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;

      2) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаған;

      3) жөнелтуші ұсынатын өнім және магистральдық құбырмен тасымалданатын өнім магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға белгілеген сапа мен басқа да сипаттамалар бойынша сәйкес келмеген;

      4) жөнелтушіде немесе алушыда жеткізілетін өнімнің сапасы мен оны есепке алуды бақылау пункттері бар жеткізгі құбыр болмаған, сондай-ақ егер жеткізгі құбырдың техникалық жай-күйі өнімді қауіпсіз тасымалдау талаптарына жауап бермейтін жағдайда;

      5) магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға берген жеткізгі құбырды қосуға арналған техникалық талаптарды жөнелтуші орындамаған;

      6) жөнелтуші магистральдық құбырды толтыру үшін өнімді беруден бас тартқан;

      7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда, өнім тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты жасасудан бас тартады.

27-бап. Өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұру және оны біржақты тәртіппен бұзу негіздері

      1. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсететін оператор, егер:

      1) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген мөлшерде және мерзімде өнімнің тапсырылуын қамтамасыз етпесе;

      2) жөнелтуші өнім сапасының өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етпесе;

      3) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу мерзімдері мен тәртібін бұзса;

      4) жөнелтуші тасымалдау маршрутының соңындағы тапсыру пунктінде өнімді қабылдаудан бас тартса немесе магистральдық құбырлар жүйесінде бар ресурстарды өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың талаптарына сәйкес бөлмесе;

      5) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген ілеспе құжаттарды ұсынбаса;

      6) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаса;

      7) еңсерілмейтін күш жағдаяттары және магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге заңды негізде иелік ететін тұлғаға байланысты емес, өнімді магистральдық құбырмен қауіпсіз тасымалдауға кедергі келтіретін өзге де жағдайлар пайда болса;

      8) магистральдық құбырда өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін авария немесе оның туындау қатері пайда болса;

      9) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсетуге, оны жөндеуге немесе реконструкциялауға байланысты өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін жұмыстарды орындау қажеттілігі пайда болса;

      10) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауды тоқтату немесе шектеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың шешіміне негізделсе, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұрады.

      2. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын бір жақты тәртіппен тоқтата тұрған кезде бұл туралы жөнелтушіні:

      1) осы баптың 1-тармағының 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда – осы оқиғалар туындаған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде;

      2) осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайда – жұмыстарды жүргізуді бастаудан күнтізбелік он күн бұрын хабардар етуге міндетті.

      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер жойылған кезде өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындау қайта басталады.

      4. Жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындауды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкелген себептерді жоюдан бас тартқан жағдайда не тараптармен келісілген мерзімдерде осы себептерді жоймаған кезде, магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға мұндай шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.

28-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу

      1. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспорттау мақсатында оны тасымалдауды қоспағанда, Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

29-бап. Өнім сапасы банкі

      1. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға өнім сапасы банкін қолдану қағидаларына сәйкес өнім сапасы банкін қолдана отырып, өнімді магистральдық мұнай құбырымен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсына алады.

      2. Өнім сапасы банкі магистральдық мұнай құбырының жекелеген маршруттарына немесе учаскелеріне қатысты өнімді магистральдық мұнай құбырының осы маршруттары немесе учаскелері бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын барлық жөнелтушілердің келісімі ескеріле отырып, белгіленуі мүмкін.

      3. Өнім сапасы банкі сапа банкіне барлық қатысушылар арасында көпжақты шарт жасалғаннан кейін енгізіледі.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Магистральдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Магистральдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

31-бап. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ