Іздеу

Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 223 Заңы.

      РҚАО-ның ескертуі. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 13-баптың 1-тармағынан қараңыз.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң жеке, заңды тұлға (филиал мен өкiлдiк) үшiн сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың негiзiнде сәйкестендiру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң мақсаттарын, мiндеттерiн, принциптерi мен құқықтық негiздерiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      1. Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) бақылау разряды – жеке сәйкестендіру нөмірін құрайтын цифрлық символдардың реттілігін аяқтайтын, оның қалыптастырылуының дұрыстығын бақылауға арналған цифрлық символ;

      1-1) бизнес-сәйкестендiру нөмiрi – заңды тұлға (филиал мен өкiлдiк) және қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк түрiнде жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;

      2) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi – құрылған және қызметін тоқтатқан заңды тұлғалар (филиалдар мен өкілдіктер), қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер туралы мәліметтерді есепке алуға және сақтауға, берілген бизнес-сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтерді қалыптастыруға және сақтауға арналған ақпараттық жүйе;

      3) жеке сәйкестендiру нөмiрi - жеке тұлға, соның iшiнде өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;

      4) Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi - жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң тiркеу есебiн жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйе;

      5) мемлекеттiк уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - сәйкестендiру нөмiрлерiн қалыптастыруды және сәйкестендiру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      6) сәйкестендiру нөмiрi - сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде белгiлi бiр тұлғаға қатысты мәлiметтер туралы жазбаны жүргiзуге мүмкiндiк беретiн сандық нышандар кезектiлiгi түрiнде көрсетiлген жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;

      7) сәйкестендiру нөмiрi бар құжат - тiркеу органы беретiн, сәйкестендiру нөмiрiнiң бар екендiгiн растайтын құжат;

      8) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру - нәтижесiнде сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер) туралы мәлiметтердiң негiзiнде уәкiлеттi орган сәйкестендiру нөмiрiн құратын процесс;

      9) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi - жеке және бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң тiркеу есептерiн жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйелер;

      10) тiркеушi органдар – мәлiметтердi тiркеудi және сәйкестендіру нөмiрi бар құжаттарды берудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы.

      2. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасының осы бапта көрсетiлмеген арнайы ұғымдары осы Заңның тиiстi баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

      3. Құжаттарда сәйкестендiру нөмiрлерiн көрсеткен кезде:

      1) ЖСН - жеке сәйкестендiру нөмiрi үшiн;

      2) БСН - бизнес-сәйкестендiру нөмiрi үшiн ресми қысқарту болып танылады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасаудың, жүргiзудiң және сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың мақсаты мен мiндеттерi

      1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң мақсаты Қазақстан Республикасында сәйкестендiру нөмiрiн енгiзу негiзiнде белгiлi бiр тұлғаға қатысты мәлiметтердi тiркеудiң бiрыңғай жүйесiне көшу болып табылады.

      2. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң мiндеттерi:

      1) мемлекеттiк органдардың ақпараттық дерекқорларына өзектi сипат беру және ақпараттың қайталануын болғызбау;

      2) электрондық ақпараттық ресурстарды басқару мен пайдалану тетiгiн жетiлдiру;

      3) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдармен өзара қарым-қатынасын олардың жүгiнуi кезiнде рәсiмдердi жеделдету және оңайлату арқылы жетiлдiру болып табылады.

      3. Жеке немесе заңды тұлға (филиал мен өкiлдiк) үшiн сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiндегi және мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң ақпараттық жүйелерiндегi белгiлi бiр жеке немесе заңды тұлғаға (филиал мен өкiлдiкке) қатысты мәлiметтердi сақтау үшiн жүзеге асырылады.

      4. Сәйкестендiру нөмiрi:

      1) азаматтық хал актiлерiн тiркеу;

      2) жеке басты куәландыратын құжаттарды беру;

      3) жылжымайтын, жылжымалы мүлiк объектiлерiн, сондай-ақ жылжымайтын заттарға теңестiрiлген өзге де объектiлердi мемлекеттiк тiркеу;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеушi ретiнде тiркеу есебiне қоюға жатпайтын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыруын қоспағанда, ақша төлемі мен аударымдарын жүзеге асыру, оның iшiнде мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды аудару, сондай-ақ салық мiндеттемелерiн орындау;

      5) шетелдік корреспондент-банктердің корреспонденттік шоттарын және резидент емес заңды тұлғалардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жинақ шоттарын қоспағанда, банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда банк шоттарын ашу және жүргiзу;

      6) рұқсат беру сипатындағы құжаттарды беру;

      7) тiркеу сипатындағы құжаттарды беру;

      8) әскери билеттi, офицердiң жеке куәлiгiн беру;

      9) статистикалық тіркелімдерді жүргізу;

      10) сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыру;

      11) сайлаушыларды сайлауларда және республикалық референдумдарға қатысу кезiнде тiркеу;

      12) орталық мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң ақпараттық жүйелерiн жүргiзу;

      13) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) немесе филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу (қайта тiркеу);

      14) дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) кезiнде;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген басқа да жағдайларда қолданылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV, 2012.12.26 № 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 № 152-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң және сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың принциптерi

      Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзу, сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру заңдылық, бiрлiк, мiндеттiлiк, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау, құпиялылық, электрондық ақпараттық ресурстардың тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру тәртiбiн белгiлейдi;

      2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау, жүргiзу және пайдалану тәртiбiн белгiлейдi;

      3) жеке басын куәландыратын құжаттарды дайындау кезiнде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптарды айқындайды;

      4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:

      1) өз құзыретi шегiнде сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау, жүргiзу және пайдалану жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;

      2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң жүргiзiлуiн жүзеге асырады;

      3) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады әрi тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелерге ақпарат бередi;

      4) сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттардың әзiрленуiн ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      5) сәйкестендiрiлген деректердiң сыныптауыштары мен анықтамаларын жүргiзу тәртiбiн, олардың құрылымын, құрамы мен форматын белгiлейдi;

      6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу

      1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу тиiстi ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етiледi.

      2. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi тек мемлекеттiк органдардың, өзге де мемлекеттiк мекемелердiң және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйелерi үшiн электрондық ақпараттық ресурс болып табылады.

      3. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi:

      1) жеке тұлғаның туған күнi, жынысы, заңды тұлғаны (филиал мен өкiлдiктi) және бiрлескен кәсiпкерлiк түрiндегi дара кәсiпкерлiктi мемлекеттiк тiркеу туралы деректердi қамтитын сәйкестендiру нөмiрлерi туралы мәлiметтердi;

      2) тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелерден алынатын мәлiметтердi;

      3) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң құрамына кiретiн мәлiметтердiң барлық өзгерiстерi туралы ақпаратты қамтиды.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзудi жүзеге асыратын тіркеуші органдардың, мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi

      Ескерту. 8-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 02.04.2019 № 241-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Уәкiлеттi орган:

      1) тiркеушi органдар өтiнiш берген кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды;

      2) тiркеушi органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелер өтiнiш жасаған кезден бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, оларға ақпарат берудi жүзеге асыруға мiндеттi.

      2. Тiркеушi органдар:

      1) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде уақтылы ұсынуды;

      2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi ақпараттық жүйелерiнiң деректерiн толықтыру және өзектiлiк жағдайда ұстау үшiн уәкiлеттi органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде ұсынуды;

      3) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрлерiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау үшiн уәкiлеттi органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде ұсынуды жүзеге асыруға мiндеттi.

      3. Мемлекеттiк органдар және өзге де мемлекеттiк мекемелер:

      1) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерiнiң деректерiн толықтыру және өзектiлiк жағдайда ұстау үшiн уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күні ішінде ұсынуды;

      2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрлерiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау үшiн уәкiлеттi органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде ұсынуды жүзеге асыруға мiндеттi.

      4. Сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерінде электрондық ақпараттық ресурстарды қорғауды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. СӘЙКЕСТЕНДIРУ НӨМIРIН ҚАЛЫПТАСТЫРУ, АЛЫП ТАСТАУ
НЕМЕСЕ ШАРТТЫ ТҮРДЕ АЛЫП ТАСТАУ

9-бап. Сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру

      1. Сәйкестендiру нөмiрiн интегралдық микросхемаға енгiзудi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен уәкiлеттi орган қамтамасыз етедi.

      2. Жеке сәйкестендiру нөмiрiн қамтитын интегралдық микросхема осы баптың 3-тармағының 2)-7) тармақшаларында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарға орналастырылады.

      3. Мыналар:

      1) туу туралы куәлік;

      2) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;

      3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;

      4) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат;

      4-1) оралманның куәлігі;

      5) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;

      6) Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;

      7) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;

      8) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін тіркеу куәлігі жеке сәйкестендіру нөмірі бар құжаттар болып табылады.

      4. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттар:

      1) алып тасталды - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2) резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары (өкілдіктері) үшiн – заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама, филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама;

      3) қызметiн филиал мен өкiлдiк арқылы (тұрақты мекеме құра отырып) Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн – филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама;

      4) мыналар:

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 650-бабының 8-тармағына сәйкес салық агенттері болып табылатын;

      Қазақстан Республикасында салық салу объектілерін иеленетін;

      Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері болып табылатын;

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 220-бабының 9-тармағына сәйкес қызметін өзінің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын тәуелді агент арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар үшін тіркеу куәлігі болып табылады.

      5. Мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркеу, рұқсат беру және өзге де сипаттағы құжаттарды берген кезде сәйкестендiру нөмiрiн ескеруге мiндеттi.

      Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар сәйкестендiру нөмiрiн ескеруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қалыптастыру алгоритміне сәйкес бизнес-сәйкестендіру нөмірінің және (немесе) есептеу алгоритміне сәйкес жеке сәйкестендіру нөміріндегі бақылау разрядының дұрыс көрсетiлуiн бақылауға мiндеттi.

      6. Жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн бірінші рет:

      туу туралы куәлiктi;

      Қазақстан Республикасы азаматының паспортын;

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін беру кезiнде;

      2) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін бірінші рет:

      тіркеу куәлігін;

      Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат;

      азаматтығы жоқ адамның куәлігін беру кезінде;

      2-1) этникалық қазақтар үшін оралман мәртебесін беру кезінде жүзеге асырылады.

      3) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      Бала асырап алу, сондай-ақ жеке сәйкестендіру нөміріндегі бақылау разрядының есептеу алгоритміне сәйкес келмеу жағдайларынан басқа, осы тармақта көрсетiлген құжаттарды қайтадан және одан кейiн беру кезінде жаңа жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру жүргізілмейді.

      7. Өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын жеке тұлғаны дара кәсiпкер ретiнде тiркеу жеке сәйкестендiру нөмiрi бойынша жүргiзiледi.

      Өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу кезiнде жаңа жеке сәйкестендiру нөмiрi берiлмейдi.

      8. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру:

      1) бiрлескен дара кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер үшiн бiрлескен дара кәсiпкерлiктi мемлекеттiк тiркеу кезiнде бiр мезгiлде;

      2) резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн оларды тiркеу кезiнде бiр мезгiлде;

      3) Қазақстан Республикасында филиалдар мен өкiлеттiктер арқылы (тұрақты мекеме құра отырып) қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн оларды есептiк тiркеу кезiнде бiр мезгiлде;

      4) мыналар:

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 650-бабының 8-тармағына сәйкес салық агенттері болып табылатын;

      Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері болып табылатын;

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 220-бабының 9-тармағына сәйкес қызметін өзінің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын тәуелді агент арқылы жүзеге асыратын;

      филиал, өкілдік ашпай қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын;

      Қазақстан Республикасында салық салу объектілерін иеленетін;

      резидент-банктерде ағымдағы шоттар ашатын бейрезидент-заңды тұлғаларды мемлекеттік кіріс органында салық төлеушілер ретінде тіркеу кезінде жүзеге асырылады.

      9. Сәйкестендiру нөмiрiнiң құрылымына кiретiн мәлiметтер өзгерген жағдайда қайта тiркеу рәсiмi жүргiзiлмейдi.

      10. Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкiлдiктердiң) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруға арналған өтiнiштерiн тiркеу не қабылдау:

      1) нақты болатын жері бойынша:

      жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру үшін;

      2) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) бiрлескен дара кәсiпкерлiктiң уәкiлеттi адамының тұрғылықты жерi бойынша;

      4) орналасқан жерi бойынша:

      заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер) үшiн, соның iшiнде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн;

      5) мүлкі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексінің) 650-бабының 8-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын бейрезидент-заңды тұлғаның өткізілген акциялары, қатысу үлестері немесе активтері құнының 50 және одан көп пайызын құрайтын, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленетін резиденттің немесе консорциумның тұрған жері бойынша;

      6) салық салу объектiлерiнiң орналасқан және (немесе) тiркелген жерi бойынша:

      Қазақстан Республикасында салық салынатын объектілерді сатып алатын және (немесе) оларға иелiк ететiн резидент еместер үшiн;

      7) резидент-банктiң орналасқан жерi бойынша:

      резидент-банктерде ағымдағы шоттарын ашатын және осы тармақтың 2)-6) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша сәйкестендiру нөмiрi қалыптастырылмайтын резидент еместер үшiн жүзеге асырылады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.12.10 № 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.12.26 № 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.29 № 74-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.11.2016 № 26-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау

      1. Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен жеке сәйкестендiру нөмiрi:

      1) жеке тұлға қайтыс болғанда алып тасталады.

      2) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      3) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      4) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      5) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      6) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Жеке сәйкестендiру нөмiрi:

      1) ол туралы мәлiметтер өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен, көлемде және мерзiмде ұсынылатын жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн;

      2) резидент еместер Қазақстан Республикасынан кеткен кезде;

      3) асырап алынған бала туралы мәліметтер, оның дербес деректері өзгерген кезде бала асырап алу туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн;

      4) соттың жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі күшіне енгеннен кейін;

      5) жеке тұлға республиканың шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты тұруға кеткен жағдайда;

      6) бейрезидент-жеке тұлға резидент-банктегі ағымдағы шотын жапқан жағдайда;

      7) бейрезидент-жеке тұлғаның салық салу объектілеріне және салық салуға байланысты объектілерге құқықтары тоқтатылған кезде;

      8) бейрезидент-жеке тұлға Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан жағдайда;

      9) соттың бала асырап алу туралы шешімінің күші жойылған жағдайда, Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен шартты түрде алып тасталады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда, жеке тұлғаларды қайтадан және кейiннен тiркеу кезінде бұрын қалыптастырылған жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжат берiледi.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда жеке тұлғалардың жеке сәйкестендіру нөмірі соттың бала асырап алу туралы не жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімінің күші жойылғаннан кейін қалпына келтіруге жатады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 9) тармақшасында көзделген жағдайда жеке тұлғалардың жеке сәйкестендіру нөмірі соттың бала асырап алу туралы шешімінің күшін жою туралы сот шешімінің күші жойылғаннан кейін қалпына келтіруге жатады.

      3. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi:

      1) заңды тұлға (филиал, өкiлдiк) таратылған кезде;

      2) бiрлескен дара кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыруды тоқтатқан кезде;

      3) резидент емес заңды тұлғаның салық салу объектiлерiне және салық салумен байланысты объектiлерге құқығы тоқтатылған кезде;

      4) резидент емес заңды тұлға резидент-банктегi ағымдағы шотын жапқан жағдайда;

      5) резидент емес заңды тұлға Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан кетiп қалған жағдайда алып тасталады.

      4. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен бизнес-сәйкестендiру нөмiрiн шартты түрде алып тастау жүргiзiлмейдi.

      5. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi негiзiнде жүргiзiледi. Алып тасталған немесе шартты түрде алып тасталған сәйкестендiру нөмiрлерi сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерiнiң базасында сақталуға тиiс.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2013.01.29 № 74-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Мәлiметтер құпиясы

      1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде қамтылған, жалпыға қолжетімді болып табылатын ақпараттан басқа, мәлiметтер:

      1) уәкiлеттi органның жазбаша рұқсатының негiзiнде сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерi деректерiн өзектiлiк жағдайда ұстау мақсатында тiркеушi органдарға;

      2) заңға сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдарға;

      3) құқық бұзушылықтар үшiн жауаптылық белгiлеу туралы iстердi қарау барысында соттарға;

      3-1) кредиттік тарих дерекқорын қалыптастыру мақсатында мемлекет қатысатын кредиттік бюроға;

      3-2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйесінің және электрондық ақпараттық ресурстарының деректерін қалыптастыру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де реттерде мәлiметтердi беру жағдайларын қоспағанда, жария етуге жатпайды.

      2. Жалпыға қолжетімді ақпаратты қоспағанда, жеке немесе заңды тұлғаға қатысты ақпарат жеке немесе заңды тұлғаның жазбаша келісімінсіз басқа тұлғаға берілуі мүмкін емес.

      3. Жеке және заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi қамтитын ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк дерекқорының құжаттарын немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi жоғалтуға, сол сияқты қызметтiк iс-әрекетiне байланысты аталған ақпаратқа қол жеткiзе алатын адамдардың оларды заңсыз өзгертуiне жол берiлмейдi.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

13-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн осы Заңның 3-бабы 4-тармағының 4) және 5) тармақшаларын, 9-бабы 5-тармағының екiншi бөлiгiн қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай өткен соң жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер), сондай-ақ дара кәсiпкерлер сәйкестендiру нөмiрлерiн қалыптастыру және бұрын берiлген құжаттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қайта ресiмдеу үшiн тiркеушi органдарға өтiнiш беруге мiндеттi.

      3. Туу туралы куәлiктi қоспағанда, осы Заңның 9-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетiлген құжаттарда қалыптастырылған сәйкестендiру нөмiрi болмаған жағдайда, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап олар жарамсыз деп танылады.

      2013 жылғы 1 қаңтарға дейін Кәсiпорындар мен ұйымдардың жалпы сыныптауышының сәйкестендiру коды, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, әлеуметтiк жеке коды пайдаланылады.

      4. Алып тасталды - ҚР 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5. Алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.07.15 № 327-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.12 № 538-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Қазақстан Республикасының
Президентi