Іздеу

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 846 қаулысы.

      "Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 9 ақпандағы № 633 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 8-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдары Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі

Б. Сағынтаев


Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 20 желтоқсандағы
№ 846 қаулысымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы

      Мазмұны

      1. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың пайымы

      2. Негізгі қағидаттар мен жалпы тәсілдер

      3. Индустриялық-инновациялық даму саясатын жетілдіру бойынша шаралар

      4. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері

      5. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

1. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың пайымы

      Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту тәсілдері 2003 жылы Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003 – 2015 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрі – ИИДС) шеңберінде қалыптастырылды, алайда кейінгі 2007 – 2009 жылдардағы дағдарыс оның іске асырылуын тоқтатты.

      Белсенді индустриялық-инновациялық саясатқа оралу 2010 жылы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – ҮИИДМБ) шеңберінде болды, ол көбінесе ИИДС 2003 – 2015 қағидаттарына және тәсілдеріне негізделді.

      Екі құжат та кеңінен қамтумен ерекшеленді және мемлекеттің экономикалық саясатын көрсете отырып, экономиканың барлық дерлік секторларын қамтыды. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі – ИИДМБ) өңдеуші өнеркәсіптің 6 саласында 14 сектордың арасынан неғұрлым шағын басымдықтар белгіленген болатын.

      2020 жылдан бастап индустриялық-инновациялық дамудың 3-ші бағдарламасын іске асыру басталады. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауына сәйкес осы Тұжырымдама "цифрлық дәуір" өнеркәсібінің қалыптасуын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – ИИДМБ 2020 – 2025) әзірлеудің идеологиялық негізін, қағидаттары мен тәсілдерін қалыптастырады. Үшінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы:

      - индустриялық-инновациялық саясаттың сабақтастығы;

      - тиімді өндірушілерді қолдау;

      - "қарапайым заттар экономикасын" дамыту;

      - индустриялық-инновациялық және кеңістікті дамытуды ұштастыру;

      - индустриялық-инновациялық дамудың және цифрлық технологиялардың синергиясы қағидаттарын ұстанатын болады.

      Бұдан әрі индустриялық-инновациялық саясат мемлекеттік жоспарлаудың үндестірілген жүйесінің шарттарында іске асырылатын болады. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы "Қазақстан – 2050" стратегиясында берілген ұзақ мерзімді мақсаттар мен елдің даму бағытын ескеретін болады және "Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігі" саясаты мен "Технологиялық жаңарту және цифрландыру" реформасы шеңберінде Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының бастамаларына негізделеді.

      Индустриялық-инновациялық даму саясаты сабақтастықты сақтайды және өндіруші өнеркәсіптің міндеттерін шешуге шоғырландырылатын болады. Ол инвестициялық ахуалды дамыту, шетелдік инвестицияларды тарту және ұстау, экспортты ілгерілету, жаппай жұмысбастылықты қамтамасыз ету, жалпы инфрақұрылымды, цифрлық инфрақұрылымды, сондай-ақ өңірлерді дамыту жөніндегі қабылданған бағдарламалармен ұштасатын болады. Индустриялық-инновациялық даму Бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен, АӨК-ті, көрсетілетін қызметтер салаларын дамыту бағдарламаларымен іске асыралатын басқа секторларды дамыту жөніндегі саясатты ескеретін болады.

      Индустриялық-инновациялық саясаттың түпкілікті нәтижесі – ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігі. Мұндай нәтижеге қол жеткізу өндірілген өнімнің, оның ішінде сыртқы нарықта сұранысқа ие халық тұтынатын тауарлар мен өнімдердің жаңа номенклатурасын игерумен, қолда бар номенклатурасын кеңейтумен және "күрделендірумен" расталатын болады.

      Тұжырымдамада тікелей және жүйелі мемлекеттік қолдау, институционалдық жүйе, ИИДМБ 2020 – 2025 одан әрі әзірлеу мақсатында "цифрлық дәуір" өнеркәсібін қалыптастыруға тетіктер мен жағдай жасау үшін жалпы қағидаттар, тәсілдер, ұсыныстар және ұсынымдар қалыптастырылған.

1.1. Қазақстан Республикасындағы индустриялық-инновациялық дамудың ағымдағы жағдайын талдау

      2010 жылдан бері белсенді жүргізіліп келе жатқан индустриялық-инновациялық даму саясаты экономиканы әртараптандыру процесін іске қосу үшін базалық шарттардың негізін қалауға мүмкіндік берді – заңнамалық база құрылды, өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту жалғасуда, дамыту институттарының жүйесі құрылды, мемлекеттік қолдау құралдары әзірленіп, сыналды.

      Бірінші бесжылдық шеңберінде қабылданған шаралар өңдеуші өнеркәсіп өсімінің оң қарқынын сақтауға мүмкіндік берді. Айталық, 2008 – 2009 жылдардағы қысқартудан кейін өңдеуші өнеркәсіптің ІҚҚ (тиісінше 3 % және 2,8 %) 2010 жылдан бастап тау-кен өндіру секторының (2008 ж. қатысты 2014 ж. 127,8 %) нақты өсу қарқыны бойынша (2008 жылға қатысты 120,6 %) озып, орнықты оң траекторияға шықты. Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталындағы инвестициялар көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 2014 жылы 2 есеге ұлғайды (357 бастап 729 млрд. теңгеге дейін), нақты өсім 155,5 %-ды құрады.

      Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы іске асырыла басталғанда 2015 – 2016 жылдары Қазақстанда жаһандық дағдарыстың әсерінен 16 жылдың ішінде тұңғыш рет тау-кен өндіру секторының төмендеуі нәтижесінде (тиісінше 2,5 % және 2,7 %) өнеркәсіптік өндіріс қысқартылды (тиісінше 1,6 % және 1,1 %). Өңдеуші секторда өндіріс өсімін сақтау (тиісінше 0,2 %-ға және 0,6 %,) тек қана индустрияландыру жылдарында жинақталған әлеуеттің арқасында қамтамасыз етілді және дағдарыс жағдайында өңдеуші сектордың үлкен тұрақтылығын растады.

      Өңдеуші өнеркәсіп шығарылымының көлемі 2017 жылы 9,4 трлн. теңгені, ІҚҚ – 5,9 трлн. теңгені, ЖІӨ-де өңдеуші өнеркәсібінің үлесі – 11,2 %-ды құрады. ИИДМБ 2015 – 2019 негізгі индикаторларына қол жеткізу бойынша әртүрлі бағыттағы серпін байқалады (1-кесте).

      1-кесте. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ИИДМБ 2015 – 2019 негізгі индикаторларына қол жеткізу

Көрсеткіш

2017 жылға болжам

2017 жылдың фактісі

2015 жылғы деңгейге қатысты өңдеуші өнеркәсіп өнімдері экспортының құндық көлемінің өзгеруі

97,0 %

111,0 %

2015 жылғы деңгейге қатысты өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігінің нақты өсімі

105,6 %

102,6 %

Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталындағы инвестициялар көлемі

2015 – 2017 ж.ж.
2 352 млрд.теңге

2015 – 2017 ж.ж
2 659 млрд.теңге

2014 жылдың деңгейіне қатысты өңдеуші өнеркәсіптегі энергия қажеттілігінің төмендеуі

97,0 %

87,5 %

      Дереккөз: ҰЭМ СК

      Ел өнеркәсібінде құрылымдық оң өзгерістер байқалады. Индустрияландыру жылдарында өнеркәсіптегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 6,7 п.т. (2009 жылғы 35,6 %-дан 2017 жылы 42,3 %-ға дейін); экспорттың жалпы көлемінде – 4,4 п.т. (тиісінше 27,8%-дан 32,2 %-ға дейін); негізгі капиталға инвестицияларда – 2,7 п.т. (тиісінше 8,2 %-дан 10,9 %-ға дейін); тікелей шетел инвестицияларының жалпы ағынында – 16,5 п.т. (тиісінше 8,5 %-дан 25 %-ға дейін) ұлғайды.

      Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ЕАЭО бойынша әріптестермен салыстыра талдау ІҚҚ-ға негізгі капиталға инвестициялардың арақатынасы және экономикалық белсенді 1 000 адамға шаққандағы кәсіпорындардың саны бойынша Қазақстан Ресей мен Белоруссиядан едәуір артта қалағанын көрсетті. Арменияны қоспағанда, Экономикалық күрделілік индексі Қазақстанда ең төмен. Сондай-ақ, Қазақстан еңбек өнімділігі бойынша ЕАЭО-ның барлық елдерінен едәуір алда.

      2-кесте. ЕАЭО елдері бойынша көрсеткіштерді салыстырмалы талдау

Ел

2012

2013

2014

2015

2016

Өңдеуші өнеркәсіпте ІҚҚ-ға негізгі капиталға инвестициялардың арақатынасы

Ресей

21 %

23,0 %

23,0 %

21,0 %

20,4 %

Қазақстан

17,8 %

17,9 %

17,8 %

19,6 %

16,5 %

Беларусь

30,3 %

33,4 %

35,7 %

29,4 %

21,1 %

Қырғызстан

20,1 %

17,9 %

20,7 %

30,1 %

13,1 %

Армения

5,7 %

3,4 %

9,5 %

2,2 %

2,2 %

Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі (жұмыспен қамтылған бір адамға мың АҚШ доллары)

Ресей

24,1

24,6

23,3

16,8

15,0

Қазақстан

42,4

45,9

42,6

34,3

27,4

Беларусь

15,8

16,5

17,2

12,6

11,0

Қырғызстан

4,6

7,4

6,4

5,4

5,8

Армения

10,7

11,2

11,9

11,3

13,0

Экономикалық белсенді 1 000 адамға шаққандағы өңдеуші өнеркәсіпте
жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны

Ресей

3,39

3,45

3,49

3,44

3,49

Қазақстан

0,97

0,96

0,88

0,89

0,91

Беларусь

2,75

2,88

2,88

2,77

2,25

Қырғызстан

0,56

0,55

0,49

0,45

0,48

Армения

1,61

1,73

1,75

1,87

2,10

Экономикалық күрделілік индексіндегі орын

Ресей

56

55

52

50

48

Қазақстан

80

106

84

91

84

Беларусь

23

22

30

32

31

Қырғызстан

59

51

86

62

57

Армения

н/д

н/д

н/д

н/д

н/д

            Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсіптің нақты даму деңгейі технологиялық, географиялық бөлінуі және экспорт параметрлері арқылы айқындалады. Анықталған заңдылықтар мен проблемалар ұсынымдарды одан әрі әзірлей отырып, SWOT-талдау үшін қолданылды.

      Өңдеуші өнеркәсіп экономиканың барлық секторлары ішінде неғұрлым әртекті болып табылады. Ол капиталды қажет ететін еңбекті пайдалану, технологиялылық, орналасу орнын таңдау және тұтыну табиғатының деңгейімен ерекшеленетін әртүрлі 24 саладан тұрады. UNIDO дайындаған "2018 өнеркәсіптік даму туралы есепте" Қазақстан өңдеуші өнеркәсібі даму үстіндегі елдердің қатарына жатқызылған. Өңдеуші өнеркәсіпте қосылған құнның басым бөлігі төмен және орташа технологиялық секторларға жатады (1-сурет).

      1-сурет. Технологиялық күрделілік бойынша өңдеуші өнеркәсіптің құрылымы (ЖІӨ-ге, %)

      Төмен технологиялық секторлардың неғұрлым ірісі азық-түлік өнімдері (1,7 %), мұнай өңдеу (1,2 %) өндірісі және сусындар өндірісі (0,7 %) болып табылады. Орташа технологиялық секторлардың арасында басым позицияны (80,0 %) түсті және қара металлургия иеленеді. Технологиялық күрделілігі жоғары секторларға өңдеуші өнеркәсіптің тек сегізден бір бөлігі ғана тиесілі.

      Өңдеуші өнеркәсіпте ІҚҚ-ның жартысын түсті металлургия, қара металлургия және мұнай өңдеу құрайды. Сонымен бірге, жоғары технологиялы салалардың өнімдерін тұтыну негізінен ішкі сипатқа ие және экспортта айтарлықтай көрініс таппайды. Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың 60 %-дан астамының технологиялық күрделілігі төмен және орташа.

      2010 – 2017 жылдары өңдеуші өнеркәсіптің ІҚҚ 19,0 %-ға нақты өсімі дәстүрлі секторлармен қамтамасыз етілді, түсті металлургия – 64,0 % (100 % өсіммен), азық-түлік өнімдерінің өндірісі – 23,0 %, бейметалл минералды емес өнімдер өндірісі – 13,0 %. Жоғары технологиялы химия өнеркәсібінің үлесі 11,0 %-ды құрады.

      Сонымен бірге, жоғары технологиялы секторлардың бірқатарының өндіріс көлемінің орташа жылдық өсім қарқыны 2010 – 2017 жылдары өңдеуші өнеркәсіп бойынша (2,5 %) – автомобиль жасау (17,6 %), электр жабдықтарын өндіру (2,8 %), химия өнеркәсібі (10,8 %) бойынша көрсеткіштерден орташадан жоғары болды.

      Өңдеуші өнеркәсіптің әлеуеті оның инвестициялық тартымдылығымен айқындалады. Белсенді индустриялық-инновациялық саясатты жүргізу позитивті тренд құруға мүмкіндік берді. Өңдеуші өнеркәсіптің тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынындағы үлесі 2010 жылы 10,1 %-дан 2017 жылы 25,0 %-ға дейін ұлғайды. Негізгі капиталға инвестициялар 2017 жылы 956 млрд. теңгені құрады, бұл 2010 жылдың көрсеткішінен 543 млрд. артық. Аталған мерзімде өңдеуші өнеркәсіптегі инвестициялардың нақты өсімі (70,0 %) тау-кен өндіру өнеркәсібін басып озады (31,6 %).

      Өңдеуші өнеркәсіптегі инвестицияның негізгі үлесі екі негізгі саламен – металлургия және мұнай өңдеу – қолданыстағы активтерді жаңарту және кеңейту бойынша ірі жобалар есебінен қамтамасыз етілді. Жаңарту циклының аяқталуын ескере отырып, бұл секторларда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар тарапынан инвестициялық белсенділіктің төмендеуі күтілуде.

      2-сурет. Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестициялар, млрд. теңге

            Өңдеуші өнеркәсіптегі ағымдағы инвестициялық белсенділік индустриялық-инновациялық саясат мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз. ІҚҚ-ға қатысы негізгі капиталға инвестицияның қатынасы 2016 жылы 16,5 %-ды құрады, бұл Ресейден 3,8 п.т. және Белоруссиядан 4,6 п.т. төмен. Металлургия мен мұнай өңдеуді есептемегенде көрсеткіш ІҚҚ-ға қатысты 13,0 %-ға дейін төмендейді, бұл өндірістік активтердің қарапайым өндірісіне жақын.

      Өңдеуші өнеркәсіптің әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлар кәсіпорындардың саны мен бәсекелестік деңгейі болып табылады.

      Белсенді өнеркәсіп саясатын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан өңдеуші өнеркәсіптің әлеуетін дәйектілікпен ұлғайтуда. Экономикалық белсенді 1000 адамға шаққанда өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпорындар санының айтарлықтай өсуі байқалады. 2005 – 2013 жылдардағы кезеңде көрсеткіш 1,47-ден 1,16-ға дейін түскеннен кейін 2017 жылы 38,0 %-ға өсіп, 1,61 құрады. Алайда, бұл ретте экономикалық белсенді 1000 адамға шаққанда белсенді кәсіпорындар саны арақатынасының көрсеткіші бұрынғыдай Ресейден (2016 жылы 3,9 есе) және Белоруссиядан (2,5 есе) артта қалуда.

      Өңдеуші өнеркәсіптегі бәсекелестік деңгейі жеткіліксіз. 2017 жылдың қорытындысы бойынша белсенді ірі және орта кәсіпорындар барлығы 689 (жалпы санынан 9,2 %) болып есептелгеніне қарамастан, өңдеуші өнеркәсіптің барлық салаларында экономикалық шоғырланудың жоғары деңгейі байқалады. Бірқатар секторларда 2016 жылы төленген салықтардың жартысынан көбі кәсіпорындардың шектеулі санына тиесілі.

      Жергілікті өндірушілер арасындағы төмен бәсекелестік олардың шетелдіктерге қатысты бәсекеге қабілеттіліктерін және инновацияларды пайдалануға ынталарын төмендетеді.

      2017 жылы Қазақстаннан тауарлардың жалпы экспорты 48,2 млрд. АҚШ долл. құрады, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп – 15,6 млрд. АҚШ долл.
(3-сурет). Экспорт 2012 жылдан бері едәуір қысқарды, алайда өңдеуші өнеркәсіп төмен құбылмалылықты көрсеткенмен, оның үлесі ұлғайды.

      3-сурет. Қазақстан Республикасының тауарлар экспортының серпіні, млрд. АҚШ долл.

            Өңдеуші өнеркәсіп субьектілерін талдау шамамен 1000 экспорттаушы кәсіпорынды анықтады. Кәсіпорындардың жартысынан астамы үш салаға тиесілі – тамақ өнеркәсібі, бейметалл минералды өнімдер өндірісі, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі;

      Өңдеуші өнеркәсіптің орнықтылығы мен өсу перспективалары оның "күрделілігімен" байланысты. "Күрделілікті" бағалау елде инновациялық белсенділікті түсіну үшін және технологияның өнеркәсіп саласына әсерін анықтау үшін қажет. Бұл ел экономикасының сыртқы теріс факторларға қарсы тұру қабілетін және экспорт өсімін көрсетеді.

      ECI (84) экономикалық күрделілік индексі бойынша Қазақстанның орны Дүниежүзілік Экономикалық Форумның (72) Жаһандық Бәсекеге қабілеттілік Индексі бойынша позициясынан әлдеқайда төмен. Қазақстан ЕАЭО бойынша барлық әріптестерден артта. Жалпы, экономикалық күрделіліктің нақты индексі 2010 – 2012 жылдары өскеннен кейін өзгерген жоқ. Оны ұлғайту үшін экспорттық қоржынды "күрделі" тауарлардың көп санына қарай өзгерту қажет.

      Қазақстан өңдеуші өнеркәсіптің 182 тауарын салыстырмалы басымдылықпен экспорттайды, ал Ресей – 358, Беларусь – 690, Қытай – 1402, ЭЫДҰ елдері бойынша орташа – 1950. Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсібі экспортының жартысы жаһандық саудада айналымда жүрген 2439 тауардың ішінен барлығы 6 тауарға (мыстан жасалған катодтар, феррохром, табиғи уран, дистилляттар, өңделмеген мырыш және күміс) тиесілі. Түпкілікті тұтыну тауарларының және технологиялық күрделі тауарлардың экспорты 16% құрайды.

      Қазақстан ЕАЭО елдері арасында өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігінің ең жоғарғы көрсеткішіне ие. Бұл ретте, көрсеткіш секторлар үшін айтарлықтай өзгешеленеді. Өнімділік шикізатты бастапқы қайта өңдеумен байланысты капиталды қажет ететін негізгі секторларда және ғылымды қажет ететін жоғары технологиялы секторларда жоғары.

      Қазақстандағы жоғары өнімділік деңгейі негізінен өнеркәсіп өндірісіндегі негізгі металдардың (2017 жылы бір адамға шаққанда 63 мың АҚШ долл.) және кокс пен мұнай өнімдерінің (145 мың АҚШ долл.) басым болуына байланысты. Салыстыру үшін азық-түлік өнімдері өндірісінде – 27,6 мың АҚШ долл., машина жасауда – 12 мың, АҚШ долл., бейметалл минералды өнімдер өндірісінде – 15,3 мың. АҚШ долл., химия өнеркәсібінде – 24,4 мың. АҚШ долл., жеңіл өнеркәсіпте – 6,2 мың. АҚШ долл.

      Экономикалық белсенділіктің кеңістікті аспектісі мен географиялық бөлінуін талдау индустриялық-инновациялық саясатты жүргізген кездегі олардың маңыздылығын көрсетеді.

      Инвестицияларды бөлу ірі кәсіпорындарды металлургия мен мұнай өңдеудің негізгі салаларына дәстүрлі орналастыруға байланысты, олар шикізат немесе энергия көзіне тартылады. Нәтижесінде, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына барлық инвестицияның жартысы үш өңірге тиесілі: Павлодар облысы (металлургия және мұнай өңдеу қуаттары), Атырау облысы (мұнай өңдеу және дамушы мұнай-газ химия паркі бойынша қуаттар), Қарағанды облысы (түсті және қара металлургия).

      Металлургияны және мұнай өңдеуді қоспағанда, өңдеуші өнеркәсіптің өзге салаларындағы инвестиция урбандалған ірі аумақтары немесе халқы көп өңірлерде шоғырланады. Осылайша, осындай инвестициялардың шамамен 40 % Алматы қаласына (8 %), Алматы (16 %) және Оңтүстік Қазақстан облыстарына (15 %) тиесілі, инвестициялардың 24 % Астана қаласына (7 %), Ақмола (9 %) және Қарағанды облыстарына (8 %) тиесілі.

      Соған ұқсас, 2017 жылдың қорытындысы бойынша барлық өңдеуші өнеркәсіптердің қосылған құнының 44 %-ы металлургия өндірісі шоғырланған Қарағанды (21 %), Павлодар (11 %) және Шығыс Қазақстан облыстарына
(12 %) тиесілі. Орташа (металлургияны қоспағанда) және жоғары технологиялы секторлар кәсіпорындарының көбі урбандалған "өсу нүктелеріне" шоғырланған. Соңғы тұтынуға байланысты секторлар (азық-түлік, сусындар, тігін бұйымдарын, жиһаз және басқа өндірістер) республикалық маңызы бар ірі қалалар мен облыс орталықтарының айналасына шоғырлануда. Осылайша, тұтыну тауарларын өндіретін секторлардың жалпы қосылған құнының жартысынан көбі (56 %) Алматы қаласында, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан кәсіпорындар жинақтайды.

      Экономикалық белсенді 1000 адамға шаққандағы өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпорындар санының көрсеткіші урбандалу деңгейіне байланысты болады (4-сурет).

      4-сурет. Қазақстан Республикасының өңірлері бөлінісінде кәсіпорындардың жеткіліктілік деңгейі мен урбандалу деңгейінің өзара тәуелділігі .

            Экономикалық белсенді 1000 адамға шаққандағы жұмыс істеп тұрған өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының саны

      Инновациялық белсенділігі жоғары кәсіпорындар да жоғары урбандалған аумақтарға тартылады. Инновациялық белсенді кәсіпорындардың үштен бір бөлігі Алматы қаласына және Алматы облысына тиесілі. Кәсіпорындардың тағы үштен бір бөлігі Шығыс Қазақстан (10 %), Қарағанды (9 %), Оңтүстік Қазақстан (7 %) және Жамбыл облыстарында орналасқан (6 %). Дегенмен, ҒЗТКЖ-ны дамытуға арналған шығындар салыстырмалы түрде төмен – елдің ЖІӨ-нен 0,14 % деңгейінде қала береді, бұл ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіштен 10 есе төмен (2,3 %).

      Бүгінгі күні салалардағы жаңа технологиялық шешімдердің даму қарқыны олардың ғылыми-технологиялық дамуымен танылады.

      Зерттеулер мен әзірлемелерге бағытталған Қазақстан ЖІӨ-нің үлесі қазіргі уақытта 0,17 % (басқа елдерде ұқсас шығыстар жоғары: Қытайда 2,08 %-дан және АҚШ-та 2,73 %, Оңтүстік Кореяда 4,15 %-дан және Израильде 4,21 %) құрайды. Ұзақ мерзімді перспективада мықты шикізат секторы бар дамыған елдер: ЖІӨ ҒЗТКЖ шығындар 1,62 %-ды құрайтын Канада және Аустралия (2,13 %) бұл үшін бағдар болуы мүмкін.

      Ұлттық инновациялық жүйені кешенді дамыту және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру инновациялық белсенділіктің өсуімен және ҒЗТКЖ-ға шығыстарды арттырумен қамтамасыз етіледі.

1.1. Индустриялық-инновациялық дамудың жаһандық трендтері

      Талдау нәтижелері бойынша 6 жаһандық мегатренд анықталды, олар Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіне үлкен әсер етеді. Аталған трендтерді ұзақ мерзімді индустриялық-инновациялық саясатты қалыптастырғанда және 2025 жылға дейінгі бағдарламаны әзірлеген кезде есепке алу қажет.

      1. Цифрландыру негізіндегі технологиялық даму

      Цифрландыру – экономиканың барлық салалары мен қоғамдық құрылымды өзгертетін жаңа феномен. Экономиканың цифрлық трансформациясы елдің бәсекеге қабілеттілігі үшін жаңа параметрлерді белгілейді. "Цифрлық дәуір" технологиясы өндірістік және бизнес-модельдерді, қосылған құн тізбегін қалыптастыру қағидаттары мен қағидаларын, сатылым арналарын және тұтынушылар мен өзара іс-қимылды өзгертеді.

      Индустрия 4.0 тұжырымдамасы мен бірыңғай киберфизикалық жүйедегі өндірістік және ақпараттық технологиялардың конвергенциясына негізделетін оған ұқсас тәсілдер жаһандық өңдеуші өнеркәсіп үшін ұзақ мерзімді тренд болып қалады. Индустрия 4.0 негізгі элементтері құнын жасаудың сатылас және деңгейлес тізбегін цифрландырумен, өнім мен көрсетілетін қызметтерді цифрландырумен және бизнес-модельдер мен тұтынушылармен өзара қарым-қатынасты цифрландырумен байланысты.

      Индустрия 4.0 еңбек дағдылары мен құзыреттілікке қойылған талаптарды өзгертеді, дизайн және жобалау, өндіріс, сатып алулар, тасымалдау мен маркетинг арасындағы – сала ішіндегі сапалы және жоғары жылдамдықты цифрлық инфрақұрылымға қолжетімділікті талап етеді.

      Инновациялық даму мен цифрландыру бірін-бірі өзара толықтырушы құбылыс болып табылады. Түйінді тоғыз технология өнеркәсіптік өндірісті өзгертеді: автономдық жұмыстар, көп өлшемді цифрлық модельдеу, сатылас және деңгейлес интеграция, заттардың өнеркәсіптік интернеті, киберқауіпсіздік, бұлт технологиялары, аддитивтік өндіріс, толықтыру және виртуалды шындық, ауқымды деректер және талдау. Бәсекеге қабілеттілікке ұмтылатын елдердің осы технологиялық бағыттарда құзыреттілік жасауы үшін ресурстары болуы тиіс.

      2. Урбандалу

      Өңдеуші өнеркәсіптің орташа және жоғары технологиялық секторларында жаһандық қалалар мен ірі агломерациялардың рөлі күшеюде. Ірі қалалар технологиялық және басқарушылық инновациялардың көзіне айналды. Халықтың, капитал мен білімнің урбандалу мен шоғырлану процесі жергілікті нарықтарды күрделендіреді және жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

      3. Экономикалық қуатты Азия елдеріне қарай жылжыту

      Әлемде экономикалық күштің бағыты қарқынды дамушы Азия елдеріне қарай ауысты. Азия елдері теңсіздікті қысқартуды және тауарлардың негізгі тұтынушылары болып табылатын орта таптың өсімін көрсетеді. Жапония және Оңтүстік Корея экономикаларының жетістіктерімен қоса Қытай экономикасының жылдам өсуі инновациялар мен технологиялардың көзіне айналған екінші жаңа жаһандық орталықты қалыптастырады.

      4. Өңірленуге қарсы жаһандану

      Экономикалық бәсекелестік сипатының өзгерісі байқалуда. Жаһандану мен өңірленудің өзара бағытталған процестері экономикаға әсер ететін саяси және әлеуметтік-мәдени өзгерістерден тұрады. Дамыған елдер, жаһанданудың бұрынғы бенефициарлары протекционистік және шектеу саясатын жүргізуді бастайды. Дегенмен, дамушы азиялық елдер жаһанданудың белсенді жақтаушыларына айналады.

      Өңірлік қосалқы жүйелер мен интеграциялық процестердің қалыптасуы қазіргі заманғы халықаралық қатынастарда барынша тән көріністердің бірі болып табылады. Елдің кеңістіктік мәнмәтіні ішкі және сыртқы экономика дамуының күшті драйверіне айналуда. Жаһандық бәсеке елдер арасындағы бәсекеден блоктар арасындағы бәсекеге ойысады.

      5. Қоғамдастықтардың билігі

      Интернет-қоғамдастық біртіндеп барлық қоғам өмірінде, елдің экономикасы мен саясатында елеулі рөл атқара бастады. Ауқымды деректер және байланыстың барлық жерде қолжетімділігі жаһандық ауқымда жылдам қарқынмен таралатын, олардың негізінде "бірлесіп тұтыну экономикасы" қалыптасатын факторлардың бірі болып табылады.

      Дүниежүзілік желінің дамуымен қоғамдастықтар жалпы бизнес пен экономиканың дамуының маңызды факторына айналды. Олар брендтерді қалыптастыру, клиенттер тобы мен сатылым арналарын анықтау үшін негіз болып табылады. Кері байланыс мүмкіндігі, басқа пайдаланушылардың ұсынымдары мен тәжірибесін пайдалану, сұраныс трендіне жылдам әрекет ету бизнес сапасын дамытуға түрткі болады.

      Интернет елдегі және әлемдегі оқиғалар туралы кез келген ақпаратты ұсына отырып, халықтың саяси сауатын арттырады. Интернет-қоғамдастықтың өзі дәстүрлі биліктің көмегімен басқару қиын саяси күшке айналды. Қоғамдастықтар шектелмеген мемлекет бола отырып, жаһандануға және ұлттық мемлекеттер арасындағы шекаралардың жоғалуына ықпал етеді.

      6. Индустриялық-инновациялық дамуда мемлекет рөлін күшейту

      Үкіметтер өңдеуші өнеркәсіпті инновациялық ынталандыру мен технологиялық дамыту мақсатында институционалдық, инфрақұрылымдық, фискалдық және қолдаудың басқа түрлері, сондай-ақ ғылыми-технологиялық дамудың мақсатты векторларына бастама жасау арқылы индустриялық-инновациялық саясатты белсенді жүзеге асырады. Атап айтқанда, күш-жігер қайта өңдеу дәрежесі жоғары өндірістерді, мультипликативті тиімділігі мейлінше жоғары секторларды, өндірістік кластерлерді, технологиялық және индустриялық парктерді дамытуға бағытталды.

      Өнеркәсіп үшін білікті кадрлар базасын даярлауға, басым технологияларды таңдауға, инновациялық мемлекеттік жүйелерді жетілдіруге және инновацияларды коммерцияландыруға ерекше назар аударылады.

1.3. Индустриялық-инновациялық даму саласындағы күшті, әлсіз жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіптерді талдау

      Индустриялық-инновациялық саясатты одан әрі жүргізу бастамалардың бірнеше тобы тұрғысынан қарастырылатын болады. Біріншісі – қазіргі күшті жақтарды пайдалана отырып, қолда бар мүмкіндіктерді іске асыру. Екіншісі – қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану үшін әлсіз жақтарға инвестициялар. Үшіншісі – тәуекелдер мен қауіп-қатерлерді өтеу үшін күшті жақтарды пайдалана отырып, алдын алу іс-шараларын жүргізу.

      Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму мүмкіндіктері

      1) Қазақстанның әлемнің екінші (ҚХР) және он екінші (РФ) экономикаларының ортасында орналасуы және олармен интеграциялық жобаларға қатысуы өңдеуші өнеркәсіп үшін мүмкіндіктер жасайды.

      Халықаралық сауда мен шетел инвестицияларының жаһандық ағындарын талдау трансшекаралық сауда мен инвестициялардың басым рөлін көрсетеді.

      Талдау нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіптің әлеуетті экспорты үшін өткізу нарығы ретінде басымдық деңгейі бойынша елдердің 3 санаты анықталды. Аса басым елдер Қытай және Ресей болды. Басымдығы жағынан келесілері – Өзбекстан және Иран. Басымдығы бойынша үшіншісі қашық орналасқан Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері болды.

      Қытай мен Ресей нарығында өңделген өнімдердің экспортына қойылған тосқауылдарды жою қажетті ауқым әсеріне қол жеткізу үшін отандық компаниялардың позицияларын айтарлықтай жақсартуы және көліктік шығындардың жағымсыз әсерін төмендетуі мүмкін.

      Қазақстан өз тауарларының нарығына қолжетімділік бойынша преференциялық сауда туралы сауда келісімдерінің шеңберінде мүмкіндіктерді белсенді пайдаланатын болады. Қазақстан Қытай мен Ресей компаниялары үшін бір-бірінің нарықтарына кіру мақсатында тартымды әлеуетті инвестициялық алаң болып қалуда. Бұдан басқа, Ресей мен батыс елдерінің арасындағы "санкциялық күрес" оның нарығына қызмет көрсету үшін еуропалық компанияларды тартуға жағдай жасауы мүмкін.

      Қазақстан Республикасы "әлемдік орталық" елдеріне қарағанда шалғай орналасқандықтан, инновациялардың диффузия процесі баяу жүруде. Бірақ, Қытайда жаңа технологиялық орталықтың қалыптасуы технологиялар трансферті, технологиялық инновациялардың енуі мен сіңіру процесін едәуір жылдамдата алады.

      2) Азияның дамушы елдерінде кедейліктің қысқаруы және орта таптың өсуі күнделікті қолданылатын арзан, салыстырмалы түрде күрделі емес және сапалы соңғы тұтыну тауарларына сұраныс туындатады.

      Қытайдың және Орталық және Оңтүстік Азияның дамушы елдерінің өскелең орта табына Қазақстанның жақын болуы бәсекелес елдерге қарағанда мейлінше жоғары сапаны қамтамасыз ету шартымен соңғы тұтынудың күнделікті тауарларының өндірісі мен экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.

      3) Қазақстандағы қарқын алып келе жатқан урбандалу капиталды, еңбекті, білім мен тұтынушыларды өсудің кеңістікті нүктелеріне шоғырландырады.

      Адамдарды елдік бәсекенің бейнесін өзгертетін урбандалған аумақтарға көшірудің жаһандық тренді Қазақстанда да көрініс тапты. Қазақстан Республикасының аумағында екінші және үшінші миллионды қалалардың пайда болуымен түпкілікті тұтыну тауарларын өндіру, орташа және жоғары технологиялы секторларда инвестицияларды тартуға қажетті жаңа инновациялық жүйелердің дамуы мен қалыптасуы, өндірістің мамандандырылған факторлары үшін тартымды жергілікті кеңістікті "ауырлық орталықтары" құрыла бастады.

      Ірі қалалық агломерациялардың дамуы тамақ өнеркәсібінің жергілікті кластерлерінің өнімдеріне, киім-кешек пен аяқ киім өндірісі, үй тауарларының өндірісі, құрылыс материалдары, металдан жасалған бұйымдар мен химиялық өнімдерге орнықты сұранысты шоғырландырады.

      4) Экономиканың өсуіне және инфрақұрылымдық ірі жобалардың іске асырылуына қарай реттелетін сатып алу нарығы өндірістік мақсатқа арналған тауарларға тұрақты және шоғырландырылған сұранысты жинақтайды.

      Қазақстанда тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін оқшаулау үшін реттелетін сатып алудың айтарлықтай әлеуеті әлі де бар.

      5) Жаңа өндірістік технологияларды дамыту және өңдеуші өнеркәсіпті цифрландыру (Индустрия 4.0) өнімділіктің серпін алуы мен саудадағы қашықтықтар мен кедергілерді азайту үшін мүмкіндік береді.

      Индустрия 4.0 дамушы елдерде өнеркәсіптің жоғары технологиялы салаларын қалыптастыру үшін мүмкіндіктерді аша отырып, өндірістік және бизнес-модельдерді өзгертеді. Индустрия 4.0 негізгі технологияларының салыстырмалы қолжетімділігі дамыған елдерден технологиялық артта қалуды қысқартуға мүмкіндік береді.

      Мүмкіндіктердің теріс жағы индустриялық-инновациялық даму үшін негізгі қауіп-қатерлер мен тәуекелдер болып табылады және өңдеуші өнеркәсіпке тән проблемалармен толықтырылады. Мынадай қауіп-қатерлер мен тәуекелдер ең көп әсерін тигізетін болады.

      1) Өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту іс-шараларының жеткіліксіз болуы "ерте индустриясыздандыру" қаупін туғызады.

      Металлургия мен мұнай өңдеудің дәстүрлі секторларына инвестициялар көп, десек те, өңдеуші өнеркәсіптің басқа салаларына инвестициялар мейлінше орнықты және жылдам өсу үрдісі жоқ. Базалық секторларды есепке алмағанда, көрсеткіш әдеттегі өндіріске жақын.

      Нәтижесінде, Қазақстан өңдеуші өнеркәсіпте кәсіпорындардың сыни массасын қалыптастырған жоқ. Өңдеуші өнеркәсіп салаларының басым бөлігінде жоғары экономикалық шоғырлану байқалады. Өңдеуші өнеркәсіпте келтірілген кәсіпорындардың саны Ресей мен Белоруссияға қарағанда төмен. Кәсіпорындардың географиялық шоғырлану процесі бастапқы кезеңде тұр.

      Ерте кезеңдерде негізгі капиталға инвестициялардың жетіспеушілігі индустриялық-инновациялық дамудың барлық көрсеткіштеріне қол жеткізуге қауіп төндіреді. Кәсіпорындардың сыни массасы мен географиялық шоғырлануының болмауы нағыз салалардың қалыптасу, қосылған құн тізбегін құру, осал салааралық байланыс, агломерациялық әсердің және оларға ілеспе сыртқы оң нәтижелердің болмау проблемаларына, технологиялық жаңғырудың, өнім сапасын жақсартудың, бәсекенің жеткілікті болмауынан оның технологиялық күрделілігін арттырудың осал уәждемесіне әкеледі.

      2) Сыртқы нарықтағы жоғары бәсекелестік, ішкі нарықтың жеткіліксіз сыйымдылығы және Қытайдың, Ресейдің және басқа да елдердің өндірушілері тарапынан болатын ондағы жоғары бәсекелестік отандық өндірушілерге қысым көрсетеді.

      Тарихи тұрғыдан, қазақстандық нарықтың сыйымдылығы өңдеуші өнеркәсіп номенклатурасының басым бөлігінің өндірісіне қажетті масштаб тиімділігіне қол жеткізу үшін жеткіліксіз. Өндірістік модельдер кезінде масштаб тиімділігіне қол жеткізу үшін сыртқы нарықтардың қолжетімділігі сын көтермейді.

      Аса ірі екі көршінің сыртқы нарықтарындағы өндірістік жүйелер Қазақстан Республикасымен салыстырғанда едәуір дамыған әрі күрделі. Бұдан басқа, аталған елдер импортқа қол жеткізуге кедергі болатын тарифсіз тосқауылдар жасайды. Ресеймен бірыңғай экономикалық одақта болғанымызға қарамастан, отандық өндірушілер бұрынғыдай әкімшілік тосқауылдарға негізделген жосықсыз бәсеке шарттарына тап болады. Қытай нарығында ішкі нарыққа кіргізудің арнайы шараларымен, сондай-ақ мемлекеттік сауда кәсіпорындарының кеңінен таралуымен байланысты кіруге зор кедергілер тарихи тұрғыдан орын алған.

      Өңдеуші өнеркәсіп өніміне сұраныстың өсуі негізінен импорт есебінен қанағаттандырылады және отандық кәсіпорындар Ресей мен Қытай өндірушілері тарапынан ішкі нарықта күшті бәсекелестікке тап болады.

      3) Қазақстанның экспорттық қоржыны шектеулі және "күрделілігі" жеткіліксіз, бұл перманенттік технологиялық артта қалу тәуекелін туындатады.

      Қазақстан Республикасының экспорты артықшылығы салыстырмалы тауарлардың шектеулі номенклатурасымен сипатталады. Экспорттың басым бөлігі металлургия және мұнай өңдеу өнімдеріне тиесілі, олар төмен және орташа технологиялы секторларға жатады. Қазақстанның технологиялық күрделілік деңгейі Қытайға, Ресей мен Беларусьқа қарағанда едәуір төмен.

      4) Қазақстанның негізгі цифрлық инфрақұрылымының даму деңгейі орташа, кәсіпорындарының "цифрлық дәуірге" әзірлігі төмен және "цифрлық шешімдерді" енгізуге орташа кәсіпорындар деңгейіндегі уәждемесі әлсіз, бұл өнеркәсіптің цифрлық түрленуіне кедергі жасайды.

      "Цифрлық дәуір" технологиясының барлық артықшылықтарын пайдалану үшін цифрлық инфрақұрылымды дамыту жоғары деңгейде талап етіледі. Қазіргі уақытта Қазақстан осы тұрғыдан даму деңгейі орташа елдер тобына жатады.

      Кәсіпорындар ағымдағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың төмен деңгейімен сипатталады, нашар ақпараттандырылған және цифрлық технологиялық шешімдерді енгізу үшін кадрлық әлеуеті жоқ. Қажеттілікті түсінудің және кадрлардың болмауы кәсіпорындардың цифрландыруға инвестиция салуға деген ынтасын төмендетеді.

      Мүмкіндіктерді іске асыру және қауіп-қатерлерді төмендету үшін бірқатар күшті жақтары бар.

      1) Өңдеуші өнеркәсіп үнемі елдің саяси басшылығының басты назарында.

      Үкімет 2003 жылдан бері индустриялық-инновациялық саясатты дәйектілікпен жүзеге асырып келеді, 2010 жылы өзектілендірді, сондай-ақ индустриялық-инновациялық саясатты қолдауға қаржы ресурстарын бөліп тұрады.

      2) Даму институттарының қалыптасқан жүйесі индустриялық-инновациялық саясатты реттеудің барлық аспектілерін қамтуға мүмкіндік береді.

      Индустриялық-инновациялық саясатты реттеудің барлық аспектілерін қамтуға мүмкіндік беретін индустриялық-инновациялық қызметті қолдау субьектілерінің жүйесі құрылды және жұмыс істейді.

      3) Мемлекет шикізат өндіруді, бастапқы өндірілген өнімдерді шығаруды және инфрақұрылыммен байланысты өндіріс факторларын тікелей немесе жанама бақылайды және реттейді.

      Қазақстанның базалық минералдық ресурстармен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары. Бастапқы өндіріс өнімдерін өндіретін және шығаратын бірқатар компанияларда мемлекеттің тікелей немесе "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ арқылы қатысу үлесі бар. Бұл өңдеуші өнеркәсіптің жаңа жобаларын шикізатпен және базалық жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етуді ынталандыруға мүмкіндік береді.

      Екінші жағынан, мемлекеттің ресурстарды пайдалану тиімділігін арттырудың маңызды резервтері және индустриялық-инновациялық саясат жүргізуде назар аудару мен қосымша ресурстарды талап ететін әлсіз тұстары бар.

      1) Ресурстарды пайдалану тиімділігінің проблемалары.

      Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін ресурстарды пайдалануға байланысты проблемалар бар. Бөлінген қаржы ресурстары шектеулі кәсіпорындар санына жоғары шоғырланумен сипатталады. Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіпті қаржыландырудың қомақты бөлігі мәлімделген басымдықтар мен индустрияландыру өлшемшарттарынан тыс бөлінеді.

      Өңдеуші өнеркәсіпті жеткіліксіз қаржыландыру маңызды проблема күйінде қала береді. 2017 жылы мемлекеттік бюджет шығыстары тау-кен өнеркәсібіне 1,1 %-ды, ауыл шаруашылығына 3,8 %-ды, ал өнер және демалыс секторына тиісінше 3,2 %-ды құрағанда, өңдеуші өнеркәсіпке небәрі 0,2 % ғана бөлінген.

      Өңдеуші өнеркәсіпті қаржыландыру көлемі бюджетке салықтық түсімдердің өсіміне және ІҚҚ артуына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, өңдеуші өнеркәсіпті қаржыландыру көлемінің артуы (2015 жылы 62 %-ға немесе 600 млрд. теңге) ІҚҚ деңгейіне (2016 – 2017 жж. 36 % немесе 1,6 трлн. теңгеге өсім) және салықтық түсімдердің көлеміне оң әсерін тигізді (2016 – 2017 жж. 51 % немесе 505 млрд. теңгеге өсім).

      Жалпы, өңдеуші өнеркәсіпте негізгі капиталға инвестициялардың озыңқы өсуіне қажеттілік бар (дамыған елдер деңгейінде). Егер олардың ІҚҚ-ға үлесін Ресеймен және ЭЫДҰ елдерімен салыстырсақ, біршама артта қалғанын көруге болады. Мысалы, Қазақстанда ІҚҚ-ға қатысты инвестициялардың үлесі 16,5 %-ды құрайды, ал Ресейде көрсеткіш 20 % деңгейінде, ЭЫДҰ елдерінде – 26 %.

      2) Даму институттары жүйесі тиімділігінің жеткіліксіздігі

      Индустриялық-инновациялық қызмет саласында даму институттарының қызметі ішінара қайталанады және нашар үйлестірілген. Индустриялық-инновациялық қызметті қолдау функцияларын орталықсыздандыру даму институттарының нашар келісілген стратегияларды іске асыруына алып келді, бұл ықтимал тиімділікті айтарлықтай төмендетті.

      3) Индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру кезіндегі мониторинг пен кері байланыс тетіктерінің тиімділігі жеткіліксіз жүйесі.

      Индустриялық-инновациялық даму саясатының іске асырылуын, оның ішінде қолдау құралдарының қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелері мен тиімділігін объективті бағалаумен байланысты айтарлықтай қиындықтар бар. Индустриялық-инновациялық саясаттың тиімділігін арттыру тетіктерінің бірі сапалы мониторингті және соның негізінде қолданылатын қолдау құралдарының тиімділігін, оның ішінде цифрлық және сапалық бағалау арқылы талдауды қамтамасыз ету болып табылады.

      Факторлардың ықтимал комбинацияларын қарау негізінде индустриялық-инновациялық саясатты жалғастыру үшін мынадай негізгі бағыттарды атап көрсетуге болады.

      1) ЕАЭО шеңберінде сыртқы саудадағы және Қытай, Орталық және Оңтүстік Азия нарығына қолжетімділіктегі тосқауылдарды алу үшін шешімдер мен ымыраға келу арқылы проактивті сауда саясатын жүргізу. Жұмыс істеп тұрған өңдеуші өнеркәсіп экспорттаушыларының нақты қажеттіліктері мен сыртқы саудадағы тосқауылдарды түсіну үшін олармен тұрақты диалогты жолға қою қажет.

      2) "Күшті өңірлер және урбандалу" 5-реформасы шеңберінде СЖ
2025 басымдықтары мен міндеттеріне сәйкес ұлттық және өңірлік өсу нүктелерінде кәсіпорындарды ұтымды орналастыруды (өткізудің, шикізат көздерінің және құзыреттердің болуы) ескере отырып, өндірістің мамандандырылған факторларын озыңқы құру.

      Өңдеуші өнеркәсіптің тартымдылығын арттыру шығындарды төмендетуді және инвестицияланған ресурстардан қайтарымдылықты арттыруды талап етіледі. Бұған өндірістің мамандандырылған факторларын құру, кеңейту және ұсыну үшін индустриялық-инновациялық және кеңістікті дамытуды ұштастыруға басты назарды аудара отырып, тек қана жүйелі жұмыс арқылы қол жеткізуге болады. Күш-жігер сапалы өнеркәсіпті және цифрлық инфрақұрылымды, адами капиталды, құзыреттілік орталықтарын, сынау және сертификаттау инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады.

      3) Капиталды қажет ететін және ғылымды қажет ететін жаңа ірі өндірістер құру.

      Мемлекеттің шикізат ресурстарын бөлу мүмкіндіктерін және оның жеке инвесторлар үшін ерекше шарттар ұсынуға әзірлігін пайдалана отырып, капиталды қажет ететін және ғылымды қажет ететін жекелеген ірі жаңа жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету.

      4) Тиімді кәсіпорындарды тікелей қолдау.

      Өңдеуші өнеркәсіптегі тиімді өндірушілер үшін қолдау құралдарына тартымды қолжетімділікті реттеу қажет. Тиімділік сыртқы нарықтарда орнықты бәсекеге қабілеттіліктің іске асырылуымен өлшенуге тиіс.

      Белсенді сауда саясаты және өндірістің мамандандырылған факторларын құру қажетті, бірақ кәсіпорынның сыни массасын ұлғайту үшін жеткіліксіз шарт. Ішкі нарыққа бағдарланған және бизнес-қауымдастықпен тығыз ынтымақтастықта айқындалған, ішкі және сыртқы нарықтарға тиімді жеткізушілер бола алатын табысты кәсіпорындарды тікелей қолдау талап етіледі.

      5) Индустриялық-инновациялық қызметті қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру.

      Тиімділікті арттыруға индустриялық-инновациялық қызметті реттеу мен қолдаудың қолда бар жүйесі негізінде индустриялық-инновациялық саясатты үйлестіру, қаржыландыру және мониторингтеу процестерін неғұрлым дәлірек теңшеу арқылы қол жеткізіледі.

1.4. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың сценарийі

      Индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтары мен бағыттарын уақтылы түзету мүмкіндігі үшін әлеуетті сценарийлерді қалыптастырған жөн. Қазақстан Республикасының экономикалық дамуы бұрынғыдай сыртқы екі стратегиялық шартқа тәуелді: жаһандық экономикалық өсу және оның инклюзивтілігі.

      Жаһандық экономикалық өсу деңгейі табиғи ресурстар бағасының конъюктурасына айтарлықтай ықпал етеді. "Нұқсан келтіретін технологиялардың" әсер етуінің өсуіне қарамастан, 2025 жылға дейінгі перспективада экономикалық өсім мен ресурстарға сұраныс арасындағы арақатынас мықты болады. Табиғи ресурстарға әлемдік бағалар өңдеуші өнеркәсіпті деңгейлес және сатылас қолдау үшін мемлекеттік қаржы мүмкіндіктерін айқындайды.

      Жаһандық экономикалық өсудің инклюзивтілігі барлық қатысушылар үшін нарықтар мен өндіріс факторларының қолжетімділігімен айқындалады. Өңірлендіру процесінің белсенділігі және "сауда майданының" тәуекелдері сыртқы нарықтарға, инвестицияларға, дарындарға және технологияларға қолжетімділікке әсер етеді. Қазақстан үшін екі ірі көрші: Қытай мен Ресейдің іс-қимылдары маңызды болады.

      Бес институционалдық реформаның табысы сәтті индустриялық-инновациялық дамудың айқындаушы ішкі факторы бола алады.

      Елдің индустриялық-инновациялық дамуы ықтимал төрт сценарий бойынша дамуы мүмкін.

      1. "Қалаулы болашаққа қол жеткізу"

      Жаһандық экономикалық өсім орнықты және 2,5 – 3,5 % дәлізінде. Бұл табиғи ресурстарға орнықты сұранысты және Қазақстан Республикасы үшін тартымды бағаны ұстап тұрады. "Сауда майдандары" мен блоктар арасындағы бәсекелестік ешқандай ушығусыз, ұтымды деңгейде болып отыр. Қытай экономикасы тұрақты өсуін жалғастыруда, ал Ресей экономикасы жоғары емес, бірақ тұрақты өсу траекториясына шықты. Екі ел де қазақстандық экспорт үшін кедергілерді төмендетеді.

      Сапалы бизнес-ахуал жасау жөніндегі реформалар жоспарланған жылдамдықпен жылжуда. Деңгейлес саясат тиімді орындалуда, нарыққа және өндіріс факторларына қол жеткізудің ішкі инклюзивтілігі өсуде.

      Осы сценарийдің шеңберінде Қазақстанға өңдеуші өнеркәсіпті жаңғырту процесін барынша тиімді жалғастыру қажет және жоспарланған нысаналы индикаторларға шығу өте маңызды.

      2. "Қарапайым заттар" экономикасы"

      Әлем кезекті құлдырауға тап болды. Табиғи ресурстардың құны төмендеуде. Дегенмен блоктар арасындағы "сауда майдандары", протекционизм және бәсекелестік күтілетін шеңберден аспайды. Қытайдың экономикасы күтілгеннен де тез бәсеңдейді, Ресей экономикасы тоқырауда.

      Бұл ретте, сапалы бизнес-ахуал жасау реформасы жоспарланған жылдамдықпен жылжуда. Қазақстан бизнес жүргізу шарттарын дәйектілікпен жақсартады.

      Қазақстан осы сценарийдің шеңберінде жаңғырту бағдарламасын қаржыландыру бойынша қиындыққа тап болады. Негізгі секторлардағы жүйе құрушы ірі кәсіпорындар шығындарын азайтуға мәжбүр болады, бұл олардың технологиялық жаңғыруын тежейді және артық жұмыс күшін босатуға әкеледі. Бұл индустриялық даму бағдарламаларына арналған мемлекеттік қаржылық мүмкіндіктерді қысқартып, елдің әлеуметтік инфрақұрылымына қосымша қысым жасайды.

      Өңдеуші өнеркәсіп негізінен ішкі және сыртқы вектор бойынша соңғы тұтынуды қанағаттандыруға бағытталған. Қытай мен Ресей нарығына шығу инвестициялар мен құзыреттердің жеткіліксіздігінен қиындық туғызады.

      3. "Экономикалық құлдырау"

      Әлемдік экономикадағы кезекті тұралау немесе рецессия табиғи ресурстарға бағаның төмендеуіне алып келеді. Дамыған елдерде және дамушы ірі экономикадағы құлдырау салдарын төмендету мақсатында ішкі нарықты қорғау үшін протекционизмнің өсуі және жаңа "сауда майдандарының" өріс алуы. Ресей нарықтарын біртіндеп, оның ішінде ЕАЭО мүшелерінен де жабады, бұл ретте олардың ішкі нарықтарына қысым көрсетеді. Қытай тауарлар мен қызметтерді тек өз аумағынан ғана алу шарттарымен Орталық Азияға инвестицияларды ұлғайтады.

      Бұл ретте Қазақстанның сценарийі әлеуметтік қажеттіліктерге шығындарын күрт ұлғайта отырып, ішкі нарықты қорғау бойынша шаралар қабылдай бастайды. Реформаларды ықшамдап, "қолмен" басқаруға ауысу ықтималдығы жоғары. Негізгі секторлар тарапынан сұраныс қысқарады, қуаттарды сақтау және жұмыс күшін босату ықтималдығы артады. Тұтынушылық сұраныс бірінші қажеттіліктегі тауарларға дейін қысқарады. Өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ресурстар жеткіліксіз болады – индустриясыздандыру процесін іске қосу тәуекелі туындайды.

      4. "Тұралау"

      Жаһандық экономикалық өсу орнықты. Шикізаттың бағасы Қазақстан үшін тиімді диапазонда сақталады. "Сауда майдандары" және протекционизм тәуекелі тұрақты деңгейде болады. Реформалар ресми түрде орындалады. Экономикадағы инклюзивтілік төмен деңгейде қалады.

      Бұл сценарийде экономика мен өңдеуші өнеркәсіптегі тұралау жалғасады. Мемлекеттік қолдаудан түсетін негізгі пайданы субьектілердің шағын тобы ғана алатын болады. Экспорттау қоржынының "күрделілігі" төмендейді. Индустриялық-инновациялық саясаттың екпіні ішкі нарықты жабу және жеке ойыншылар үшін артықшылық шарттарын құру арқылы импортты алмастыру жағына қарай ығысатын болады.

      Сипатталған сценарийлер оқиғалар дамуының ықтимал нұсқаларын көрсетеді. Ұсынылған нұсқалардың ішінде негізгісі "Қалаулы болашаққа қол жеткізу" сценарийі болып табылады. Мемлекет мәлімделген стратегиялық реформаларды жүргізе алады және елдің бәсекеге қабілеттілігін, инвестицияларды ынталандыру мен ішкі және сыртқа нарықтарды өзінің өңделген өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жалпы және мамандандырылған факторларды құруда дәйекті әрі ұтымды саясатты іске асыруды жалғастырады.

1.5. Индустриялық-инновациялық дамудың халықаралық тәжірибесіне шолу

      Елдің орнықты дамуы үшін индустриялық-инновациялық дамудың маңыздылығын түсіну әлемде 2008 жылғы жаһандық дағдарыстан кейін болды. Жаһандық ЖІӨ-дегі өзінің азғантай үлесіне қарамастан өңдеуші өнеркәсіп инновациялардың, өндірушілер өнімінің, ауыл шаруашылығы және сервистік секторлардың негізгі тұтынушысы болып табылады, халықаралық сауда үшін негіз жасайды және инвестицияның басым бөлігін тартады.

      Дамыған және дамушы елдер өңдеуші өнеркәсібін қалпына келтіруге және дамытуға бағытталған стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды қабылдайды.

Ел

Бағдарлама

Қабылданған жылы

Ресей

Ресей Федерациясының "Өнеркәсіпті дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру" мемлекеттік бағдарламасы

2012

Беларусь

Беларусь Республикасын Өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасы

2012

АҚШ

Manufacturing USA, or the National Network for Manufacturing Innovation program

2014

Германия

Action Plan High-tech strategy 2020 (industrie 4.0)

2010, 2013, 2015

Ұлыбритания

Industrial Strategy plan 2030

2017

Жапония

Innovation 25

2007

Корея

National Strategy for Sustainable Development (бесжылдық бағдарламалар 2006 – 2010,
2011 – 2015, 2016 – 2020)

2015

Қытай

Made in China 2025

2015

Малайзия

Eleventh Malaysia Plan 2016-2020, қорытынды тарау 2020 Vision Plan

2015

Иран

Iran’s 20-Year Economic Perspective Five-Year Development Plan (2016 – 2020)

2015

Кувейт

New Kuwait 2035

2017

Сауд Арабиясы

Vision 2030

2016

Оман

Vision Oman 2020, 9th Five-Year Development Plan 2016-2020

2015

БАӘ

UAE Vision 2021

2010

Қатар

Qatar National Vision 2030

2008

            Әртүрлі санаттағы елдерге жүргізілген талдау индустриялық-инновациялық саясатты іске асыруда табысқа қол жеткізуге бағытталған жалпы заңдылықтар мен тәсілдерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.

      1) Инфрақұрылымдық даму мен өңдеуші өнеркәсіп деңгейінің арасындағы байланыс.

      Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту жалпы энергетикалық, көліктік-логистикалық, инженерлік және соңғы уақытта, цифрлық инфрақұрылымдардың озыңқы дамуын талап етеді.

      2) Мамандандырылған факторларды қалыптастыру үшін кеңістіктің "өсу нүктелерінде" шоғырлану.

      Дамушы елдер өндірістің мамандандырылған факторларын құру үшін жекелеген кеңістіктік "өсу нүктелерінде" ресурстарды шоғырландыру саясатын жүргізеді. Бұл агломерациялық әсерлерге қол жеткізуге және бәсекеге қабілетті аумақтық кластерлердің дамуын ынталандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және инновацияларға сұраныстың пайда болуы үшін сыни массаны және оларды құру бойынша экожүйе құруға мүмкіндік береді.

      3) Индустриялық-инновациялық дамуды басқару жүйесі.

      Өңдеуші өнеркәсіптері дамып келе жатқан елдерде, сондай-ақ өнеркәсіптік дамудың бастапқы кезеңіндегі елдерде индустриялық-инновациялық дамуды мемлекеттік басқарудың құрылымдары ұқсас. Құрылымның негізгі элементтері мыналар болып табылады:

      - өнеркәсіптік даму және өнеркәсіптік тауарлардың саудасы бойынша саясатқа жауап беретін орталық мемлекеттік орган. Оның міндеттерінің тізбесіне мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын ескере отырып, индустриялық-инновациялық даму саясатын әзірлеу, ынталандырудың кешенді жүйесін құру және индустриялық-инновациялық жобаларды және өнеркәсіптік кластерлер үшін қолдау шараларын құру, жұмыс істеп жатқан өндірістерді кеңейту немесе жаңа өндірістер құру үшін мүмкіндіктер жасауға бағытталған сауда саясатын жүргізу кіреді;

      - өнеркәсіптік даму қорларын немесе агенттіктерін қамтитын индустриялық-инновациялық дамуды қолдау институттарының үйлестірілген жүйесі;

      - мемлекет арнайы таңдаған, инвестицияларды тартуға және ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға және жаңа салаларда өндірістерді құруға өкілеттіктері бар ірі мемлекеттік немесе ұлттық жеке компаниялар.

      4) Экспортқа шоғырлану.

      Өңдеуші өнеркәсіптері дамып келе жатқан елдер бастапқыда экспорттық салаларды дамытуға және экспорттаушыларды кешенді қолдауға назар аударды. Көптеген жағдайларда өнеркәсіптің өсуі дамыған ірі нарықтарға қол жеткізу бойынша тиімді жағдайлармен байланысты болды.

      5) Жаһандық ҚҚТ-ға кіру.

      Барлық дерлік елдер жаһандық қосылған құн тізбегіне (бұдан әрі – ҚҚТ) кірудің ұқсас мақсаттарын көздейді. Бұл елдің технологиялар трансфертіне мүмкіндік береді және өнеркәсіптік әлеуетін ұлғайтады.

      Жаһандық ҚҚТ негізгі иеленушілері мен реттеуіштерінің бірі трансұлттық компаниялар (бұдан әрі – ТҰК) болып табылады. Олар өз инвестициялары үшін елді негізгі төрт себепті негізге ала отырып таңдайды: шикізатқа қол жеткізу, ірі ішкі нарыққа қол жеткізу, арзан жұмыс күшіне қол жеткізу немесе тиімділігін арттыру үшін мамандандырылған факторларға қол жеткізу. Сондықтан дамушы елдер ТҰК үшін "баға/сапа" өлшемшарты бойынша теңгерімделген, мамандандырылған факторларға қол жеткізуге негізделетін құнды ұсыныстар жасауға ерекше назар аударады.

1.6. Индустриялық-инновациялық дамудың мақсаттары, міндеттері және күтілетін нәтижелері

      2020 – 2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мақсаты Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық ұйымдарда мүшелік шеңберіндегі міндеттемелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру үшін жағдай жасау болып табылады.

      Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді орындау қажет.

      1-міндет. Индустрияландыруды тереңдету.

      Индустрияландыруды тереңдету үшін өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпорындардың сыни массасына қол жеткізу және олардың "өсу нүктелерінде" шоғырлануын ұлғайту қажет. Оның ішінде бұл халықтың тұтыну тауарларын қоса алғанда, өндірілген өнімнің көлемі мен номенклатурасын ұлғайтуға, сондай-ақ 2-міндетті іске асыруда сыртқы нарықта сұранысқа ие жаңа өнім өндіруші-кәсіпорындарының пулын құруға мүмкіндік береді.

      Еңбек өнімділігін арттыру кезінде индустрияландыру шеңберінде іске қосылатын жаңа өндірістерде жұмыс орындарын құру есебінен өңдеуші сектордағы жұмыскерлер санын сақтап қалу қажет.

      2-міндет. Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық ұйымдарда мүшелігінің шеңберіндегі міндеттемелерді ескере отырып, сыртқы нарықта сұранысқа ие өңделген тауарлардың өндіріс көлемін және номенклатурасын кеңейту.

      Сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңдеуші өнеркәсіп тауарларының өндірісін дамыту екі бағытта жүргізіледі:

      1) анықталған салыстырмалы артықшылықтары бар экспортталатын тауарлардың номенклатурасын ұлғайту. Бұл тауарлардың жалпы әлемдік экспортындағы Қазақстан Республикасының ағымдағы үлесінен сыртқы нарықтардағы үлесін асыра отырып, экспорттың тұрақты көлемін талап етеді;

      2) экспорттық қоржынның "күрделілігін" арттыру. Бұл экспортталатын тауардың өнім күрделілігінің индексі Қазақстан Республикасының экономикалық қиындықтарының ағымдағы индексінен асқан кезде мүмкін болады.

      3-міндет. Өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту.

      Өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту шеңберінде өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына қажетті шикізатты берудің, жартылай және қосалқы фабрикаттардың жаңа түрлерін өндіруді базалық салалардың кәсіпорындарының игеруін ынталандыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

      2025 жылға Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың күтілетін нәтижелері:

      1. Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігінің 2016 жылғы деңгейге қарағанда 1,7 есеге нақты өсуі.

      2. Өңдеуші өнеркәсіп экспорты көлемінің 2016 жылғы деңгейге қарағанда 2,3 есеге өсуі.

      3. Экономикалық күрделілік индексін 55-орынға дейін жоғарылату (Гарвард).

      4. Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестицияның 2016 жылғы деңгейге қарағанда 2 есеге нақты өсуі.

      5. Экономикалық белсенді 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2016 жылғы деңгейге қарағанда 2,3 есеге ұлғайту.

1. Негізгі қағидаттар мен жалпы тәсілдер

      2.1. Индустриялық-инновациялық саясатты жүргізуге арналған қағидаттар

      Индустриялық-инновациялық дамудың үшінші бағдарламасы сабақтастықты сақтап, мынадай қағидаттарға негізделетін болады:

      1) Өңдеуші өнеркәсіпке назар

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес индустриялық-инновациялық саясат Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші және екінші деңгейлі құжаттарында көрініс тапқан қатты және жалпы "жұмсақ", цифрлық және инновациялық инфрақұрылымның бизнес-ахуалын құру бойынша барлық деңгейес саясаттарды ескеретін болады.

      Саясат өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға арналған негізді сақтай отырып, тек сатылас сипатта ғана болады. Инновациялық даму да экономиканың осы секторының контексінде қаралатын болады.

      2) Индустриялық-инновациялық және кеңістіктік дамудың ұштасуы

      Күш-жігер негізінен кеңістікте өсу нүктелерінде бәсекелестікті ынталандыратын агломерациялық әсерге қол жеткізу үшін мамандандырылған факторларды дамытуға, жергілікті нарықтардың күрделілігін ұлғайтуға, транзакциялық шығындарды төмендетуге, бәсекеге қабілетті аумақтық кластерлерді дамытуды ынталандыруға шоғырландырылатын болады.

      Кластерлік тәсіл компаниялардың өңірлердегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы ретінде өңдеуші өнеркәсіпті және өнімділік қызметтер секторын дамытудағы маңызды бағыт болуы тиіс. Мемлекеттік қолдау шаралары кластерлерге бизнестің шоғырлануы мен өңірдің мамандануының болуын негізге ала отырып, мемлекеттің күш-жігерін жекелеген компанияларға да, өңірдегі барлық секторға да атаулы көмек ретінде жұмсауға септігін тигізеді. Аталған тәсілді бүкіл ел бойынша тарату қажет.

      3) Мемлекеттің белсенді рөлі және бизнеспен әріптестігі

      Мемлекет "Yellow Pages" (бизнесті бәсекені шектейтін мемлекеттік органдардың іс-қимылынан тиімді қорғау) қағидаттарын және жеке секторды дамытуда қайшылықтардың болмауын ескере отырып, өңдеуші өнеркәсіптің дамуында белсенді рөл атқаруды жалғастырады. Өңдеуші өнеркәсіптің бизнес субъектілерін тікелей қолдау жалғасады.

      Көршілес елдердің ішкі нарықтарды қорғау тәжірибесін назарға ала отырып, мемлекет отандық компанияларды дипломатиялық қолдауды, оның ішінде экспортты қолдау үшін және кемсітілген жағдайда оларды қолдауды жүзеге асыратын болады.

      Индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру үшін жауаптылық бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдарға бөлінетін болады. Мұның өзі бизнес-қоғамдастықтың өлшемшарттарды әзірлеуге және қолдау шараларын ұсынуға тікелей қатысуын көздейді.

      4) Сабақтастық пен икемділік

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде, Кәсіпкерлік кодексінде көзделген индустриялық-инновациялық дамуды жоспарлаудың, іске асыру мен мониторингтеудің бұрын құрылған құралдары және даму институттарының қалыптасқан экожүйесі барынша пайдаланылатын болады.

      Саясатты іске асырудың икемділігі қоғам мен бизнестің тұрақты кері байланысы арқылы жүзеге асырылатын болады, индустриялық-инновациялық даму сценарийінде көрсетілген құбылмалы жағдайларға жоғары сезімталдықты қамтамасыз ететін болады.

      5) Нәтижеге бағдарлану

      Саясатты іске асыру елді дамытудағы ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарымен үндесетін нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланатын болады. Бұл ретте, индустриялық-инновациялық дамуды қолдау субъектілеріне міндеттерді орындау мен нысаналы индикаторларға қол жеткізуде барынша тиімді тәсілді таңдауға белгілі бір еркіндік беріледі.

      Нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін тиімді пайдалану шарттарымен индустриялық-инновациялық саясатты қаржыландырудың жеткілікті көлемі қамтамасыз етілетін болады.

      2.2. Жалпы тәсілдер

       Индустриялық-инновациялық даму саясаты Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық ұйымдардағы мүшелік шеңберіндегі міндеттемелерін ескере отырып, тікелей және жүйелі қолдау арасындағы теңгеріммен құрылатын болады. Тәсілдер тікелей қолдау объектілері үшін өлшемшарттар мен шарттарды, сыртқы және ішкі нарықтың мамандандырылған факторларын дамыту үшін шешімдерді таңдауды айқындайды.

      1) Кәсіпорындарды тікелей қолдау

      Бизнес субъектілерін тікелей қолдау тұжырымдама міндеттеріне сәйкес объектілердің үш тобы бойынша жүргізілетін болады.

      Бірінші топ – "Мықты тыл"

      Екінші топ – "Бәсекеге қабілетті өндірушілер"

      Үшінші топ – "Ауырлық орталықтары"

      Әрбір топ үшін ИИДМБ 2020 – 2025 әзірлеу шеңберінде іріктеудің меншікті өлшемшарттары, индустриялық-инновациялық даму жүйесімен өзара іс-қимыл тетіктері әзірленеді.

      2) Жүйелі қолдау

      Жүйелі қолдау инвестициялық ахуалды жақсарту, экспортты қолдау, шетелдік инвестицияларды тарту, босатылған жұмыс күшімен проблемаларды шешу бойынша басқа да жанама бағдарламаларға қосымша өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін мамандандырылған факторларды және сұраныс шарттарын құруға шоғырландырылатын болады.

      Мамандандырылған факторларды дамыту

      Мамандандырылған факторларды дамыту шеңберінде:

      - өндірістік және цифрлық инфрақұрылымға,

      - сапалы мамандандырылған адами капиталға,

      - инновациялар мен құзыреттер орталықтарына,

      - сынақтық және сертификаттық инфрақұрылымға,

      - бірлескен сату жүйелеріне, өнеркәсіптік консалтингке және инжинирингке қолжетімділікті кеңейтуге бағытталатын шаралар қабылданатын болады.

      Индустриялық-инновациялық дамудың үшінші бағдарламасы шеңберінде күш-жігер индустриялық-инновациялық және кеңістікте дамуды ескере отырып, өңірлік өндірістік жүйелерді дамытудың кластерлік тәсілін жалғастыруға шоғырландырылатын болады.

      Мемлекет кластерлердің жұмыс істеуін институционалдық қолдау бойынша, сондай-ақ кластерлік бастамаларды (жобаларды) іске асыру үшін шаралар қабылдайтын болады.

      Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін де техникалық реттеу және метрология құралдары, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіпте сынау мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ сәйкестікті бағалауды сынау нәтижелерін халықаралық деңгейде тану үшін жағдай жасау бөлігіндегі құралдар белсенді пайдаланылатын болады.

      "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын іске асыру шеңберінде байланыс операторларымен республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланған орындарда, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жылдамдығы жоғары кең жолақты интернетке кіру мүмкіндігі бар цифрлық инфрақұрылым қамтамасыз етілетін болады. Бұдан басқа, Индустрия 4.0 элементтерін енгізе отырып, меншікті қаржының қатысуы және қаржыландыру мөлшерлемесін төмендету бөлігінде технологиялық жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаларға қойылатын талаптарды азайту бойынша мәселе пысықталатын болады.

      Нарықтық факторларды дамыту

      Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту да ішкі нарықтың дамуы мен күрделілігіне тәуелді болады. Көтерме және бөлшек сауданың ішкі экожүйесін дамытуға бағытталған көлденең сауда саясатын әзірлеу қажет, онда сату арналарына қол жеткізуді дамыту, сауда қызметін ілгерілету және оны жақсарту қағидаттары, тәсілдері және шаралары қалыптастырылады. Бұл саясат отандық өндірушілердің бөлшек сату арналарына қолжетімділігін жеңілдету, қазақстандық зерттеу зертханалары мен сертификаттау орталықтарының нәтижелеріне сеніммен қарау, мемлекеттік секторлардың сатып алулары бойынша міндеттерді шешуді қамтуға тиіс.

      Индустриялық-инновациялық дамудың одан кейінгі саясаты шеңберінде ішкі нарықты дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар көзделетін болады:

      - реттелетін сатып алу шеңберінде жоғары технологиялы жаңа өндірісті дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға, тиімді инновацияларды енгізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу базасын дамытуға және оны өндірістік процеспен интеграциялауға бағытталған тетіктер пысықталатын болады;

      - өнеркәсіптің базалық секторларында жеке және мемлекеттік ірі кәсіпорындармен бірлесіп, қолданыстағы субконтрактация орталықтарын дамыту және жаңа орталықтарды құру бойынша жұмыс жалғасатын болады;

      - техникалық реттеу және стандарттау жүйесін жетілдіру жалғасатын болады (заңнамада және алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе негізінде реттелетін сатып алу стандарттарында пайдалану тәжірибесін кеңейтуге бағытталған стандарттау жүйесін жетілдіру, экспортты сүйемелдеудің сервистік моделін енгізу, техникалық тұрғыдан жетілдірілген және жаңғыртылған мемлекеттік эталондардың негізінде сенімді өзгерістер жүйесін құру);

      - өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын және реттелетін сатып алу бойынша келісімшарттардың (оның ішінде EPC) орындалуы шеңберінде базалық салаларды шоғырландыруды дамытуды ынталандыру шаралары әзірленетін болады.

      Кәсіпорындардың сыртқы нарықтарға жүйелі қолжетімділігін қамтамасыз ету қабылданған Ұлттық экспорттық стратегияға сәйкес жүзеге асырылады.

1. Индустриялық-инновациялық даму саясатын жетілдіру жөніндегі шаралар 3.1. Институционалдық ортаны жетілдіру бойынша шаралар

      Индустриялық-инновациялық саясатты одан әрі жүргізу институционалдық жүйені мынадай үш қағидатқа сәйкес жетілдіруді талап етеді: нәтижелер үшін нақты жауапкершілік, жауапкершілікті нақты бөлу базасында бизнеспен және қоғаммен күштерді біріктіру, сондай-ақ оған қол жеткізу құралдарын белгілі бір еркіндікпен таңдай отырып, нәтижесіне назар аудару.

      Индустрияландырудың институционалдық негізі мемлекеттік ұйымдардың қайталанатын және артық функцияларын болдырмауды, жекелеген функцияларды бәсекелес ортаға, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруді, сондай-ақ шешімдер қабылдау кезінде басқарудың ықтимал ең аз деңгейіне жауапкершілікті беру және дербестігін қамтамасыз етуді ескере отырып құрылатын болады.

      Өнеркәсіптік даму жөніндегі комиссияның қызметін күшейту

      Индустриялық-инновациялық даму саясатының табысты болуы өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін ведомствоаралық мәселелердің шешілуіне байланысты болады. Бизнес пен қоғам өкілдерін тарта отырып, консультациялық-кеңесші институт – Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік даму жөніндегі комиссиясының (бұдан әрі – ӨДК) жұмысы күшейтілетін болады. ӨДК-нің негізгі міндеті:

      1) Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық ұйымдардағы мүшелігі шеңберіндегі міндеттемелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін, оның ішінде Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі мақұлдаған өңдеуші өнеркәсіп секторларын дамыту жөніндегі жүйелі шараларды қарастыру арқылы арттыру;

      2) өңдеуші өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тұжырымдамалық тәсілдері;

      3) Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық ұйымдардағы мүшелігінің шеңберіндегі міндеттемелерді ескере отырып, инвестициялық жобаларды іріктеу өлшемшарттары және "Ауырлық орталықтары" тобының жобалары үшін арнайы инвестициялық келісімшарттардың талаптарын келісу бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау болмақ.

      Даму институттары жүйесінің тиімділігін арттыру

      Даму институттарының функционалдық орталықсыздандырылған жүйесі олардың сипаттамаларына және объектілеріне қарай қолдау шаралары операторларының логикалық тұрғыдан құрылған желісіне өзгертілетін болады. Барлық қайтарылмайтын қаржылық (гранттар), қайтарымды қаржылық, қаржылық емес және сервистік құралдарды "бір терезе" қағидаты бойынша шоғырландыру ведомствоаралық келіспеушіліктердің туындау тәуекелін болдырмайды, коммуникацияларды жақсарту есебінен шешімдер қабылдау уақытын қысқартады және қолдау шараларының топтамасын ұсыну кезінде синергетикалық әсерге қол жеткізуге септігін тигізетін болады.

      Қайтарылмайтын қаржылық (гранттар), қаржылық емес және сервистік құралдарды шоғырландыру мақсатында индустрияны дамыту, жергілікті қамту және технологиялық даму саласындағы ұлттық институттар айқындайтын заңды тұлғаларды бірыңғай Өнеркәсіптік даму орталығына (бұдан әрі – ӨДО) біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. ӨДО индустрияландыру саясатын жүргізудегі бірлік пен келісушілікті қамтамасыз ететін ӨДК және Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің жұмыс хатшылығына айналды. Бұған қоса, осындай трансформация мынадай нәтиже алуға мүмкіндік береді:

      1) талдамалық функцияларды біріктіру жолымен индустриялық-инновациялық саясат саласында бірыңғай "ақыл-ой орталығын" құру, ол салалық дамудағы, сыртқы және ішкі нарықтардың маркетингтік зерттеулеріндегі, технологиялық форсайттағы, ішкі нарықты және жергілікті өнім берушілердің жүйелерін дамытудағы құзыреттерді күшейтуге мүмкіндік береді;

      2) бизнес-қоғамдастық қатысатын өңдеуші өнеркәсіп секторларының жүйелі даму шаралары бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) өңделген өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды неғұрлым дәл теңдеу;

      4) штат санын арттырмай, адами әлеуетті арттыру үшін әкімшілік шығындарды оңтайландыру.

      ӨДО базасында аумақтық кластерлерді дамытуды қолдау мақсатында:

      1) кооперацияны және қатысушылардың ынтымақтастығын дамытуға бағытталған ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу және мемлекеттік қолдау;

      2) адами ресурстарды дамыту (тренингтер, оқыту, біліктілікті арттыру);

      3)_кластерді кеңейту (шетелдік инвесторларды тарту, ақпараттық-жарнамалық науқандар өткізу);

      4)_инновациялық-технологиялық даму, оның ішінде мамандандырылған өңірлік инжинирингтік ұйымдар құруды ынталандыру;

      5) инфрақұрылымды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарында құру;

      6) шығарылатын өнім сапасын арттыруды ынталандыру (сынақ базалары, зертханалар) шаралары көрсетілетін болады.

      "Бәйтерек" ҰБХ АҚ еншілес компаниялар арқылы барлық қайтарымды қаржылық қолдау шараларының операторы болуды жалғастырады, оның өкілеттігіне өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына жеңілдікпен кредит беруді қамтамасыз ету үшін қарыз бен капиталдың ішкі және сыртқы нарықтарының ресурстарын тарту кіреді. Бұл өз кезегінде, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға берілетін қайтарылатын қолдау құралдарының қаржылық тиімділігін арттыруға негізделуге септігін тигізеді.

      Бизнес-қоғамдастықпен белсенді өзара іс-қимыл жасау

      ИИДМБ 2020 – 2025 айырмашылығының бірі "Атамекен" ҰКП-ның тұлғасында бизнес-қоғамдастықтың атынан институционалдық қалыптасқан әріптеспен жауапкершілікті бөлу мүмкіндігі болып табылады. СЖ 2025 ережелеріне сәйкес "Атамекен" ҰКП-ға барлық фронтальды функцияларды беру арқылы бизнесті кеңінен сервистік қолдауды шоғырландыру мәселесі пысықталатын болады.

      Бұдан басқа, "Атамекен" ҰКП сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды сервистік қолдау бойынша "бір терезе" функцияларын орындауды жалғастырады, бұл олардың құндық және уақытша шығындарын қысқартуға, мемлекеттік органдармен және даму институттарымен өзара ақпараттық іс-қимылды жеңілдетуге, сыртқы экономикалық қызметке байланысты бизнес-процестердің ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға, мүдделі мемлекеттік органдар, ұйымдар мен экспорттаушылар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      3.2. Кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін арттыру бойынша шаралар

      Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының инновациялық белсенділігін арттыруды ынталандыру инновациялық экожүйе және инновациялық цикл элементтерінің төңірегінде жалғасатын болады. Инновациялардың экожүйесін дамытуға арналған құралдар университеттер мен бизнес-инкубаторлар төңірегіндегі кластерлік бастамаларды дамытумен тығыз байланысты болады.

      Инновациялық кластерлер – Инновациялық технологиялар паркін (Алматы қаласы) және Назарбаев Университетін (Астана қаласы) дамыту жалғасатын болады, олардың өңдеуші өнеркәсіп саласындағы қызметін жүзеге асыратын резиденттері үшін арнайы қолдау құралдары ұсынылады. Кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін ұлғайту үшін қосымша ынталандыру мақсатында фискалдық ынталандыруды енгізу, сондай-ақ сәтсіз инновациялар туралы қағидаларды қайта қарау мүмкіндігі қаралады.

      Индустриялық-инновациялық даму және технологиялар трансферті саласындағы халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты жолға қою және олармен әріптестік қатынастарды орнату жалғасатын болады.

      Инновациялық бизнесті дамытудағы маңызды бағыттардың бірі технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және ынталандыру болып табылады. Осыған байланысты, венчурлік қорларды құруды ынталандыратын шаралар қабылданады, олар өңдеуші өнеркәсіптегі индустриялық-инновациялық міндеттерді шешуге (industry based venture funds) шоғырланатын болады.

      Сонымен қатар, инновациялық бизнестің сыни маңызды элементі болып табылатын жергілікті құзыреттерді құру мен дамыту қажеттілігін ескере отырып, экожүйесі стартапының ойыншыларын өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының технологиялық міндеттері мен проблемаларын шешуге тарту бойынша құралдар әзірленетін болады. Бұл ретте, елге қазіргі заманғы технологиялардың келуі мақсатында заманауи технологиялы брокерлік қызметтердің нарығын ынталандыру жөніндегі шаралар әзірленеді.

      "Цифрлық дәуірдің" индустриялық-инновациялық саясатын іске асыру оның талаптарына жауап беретін адами капиталды талап етеді. СЖ 2025 "Білім берудің барлық деңгейдегі бағдарламаларын жаңарту" 1.2-бастамасына сәйкес индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган, "Атамекен" ҰКП және базалық университеттер арасында өнеркәсіптің цифрлық технологияларда орнықты дағдылары бар білікті инженерлер құрамына деген қажеттіліктеріне сәйкес оқыту бағдарламаларын ретке келтіру жөніндегі ынтымақтастық жалғасатын болады. Мемлекеттік білім беру тапсырысына Индустрия 4.0. технологиялары бойынша бағыттарға білім беру гранттарын қайта бөлу арқылы түзетулер енгізіледі.

      ТжКБ саласын одан әрі жетілдіру, оның ішінде оқыту бағдарламаларын жаңарту және өнеркәсіпке сұранысқа ие мамандарды даярлау бойынша өңірлердің ТжКБ тәжірибесін беру жалғастырылатын болады. Өңірлік ТжКБ жүйесі урбандалған ірі аумақтарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша даярлауды қамтамасыз ете отырып, босатылған жұмыс күшін қайта оқыту үшін негіз болады. Өңірлік ТжКБ кәсіпорындарды кадрлар даярлауда және қайта даярлауда қолдау үшін дамушы кластерлік бастамаларды интеграциялауға ұмтылатын болады.

      Өңдеуші өнеркәсіптің ғылыми-технологиялық дамуын айқындайтын маңызды фактор ғылым мен бизнес арасындағы сапалы және толыққанды өзара байланысты қамтамасыз ететін болады. Осыған байланысты, ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ғылыми және бизнес-қоғамдастықтың белсенді іс-қимылы арқылы ынталандыру жөніндегі жұмыс жалғасады.

      Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын іргелі және қолданбалы сипаттағы отандық ғылыми әзірлемелерді қолдануға (меншіктегі, сондай-ақ бөгде ұйымдардың) ынталандыратын шаралар қабылдау мүмкіндігі қарастырылатын болады.

      ӨДО кластерлік бастамаларды дамыту шеңберінде оларды іске асыруда жергілікті университеттерді интеграциялауды қолдайтын болады. Қызметтің барлық аспектілері бойынша бизнес пен университеттер арасындағы синергияға қол жеткізуге баса назар аударылады: зертханалық базаны бірлесіп пайдалану, технологиялар трансфері желілеріне қолжетімділік, бірлескен ҒЗТКЖ және тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстарды жүргізу.

      СЖ 2025 "Компанияларды жабдықтарды жаңартуға ынталандыру" 2.4-бастамасын іске асыру шеңберінде тікелей қолдау шараларынан басқа, кластерлік бастамалар шеңберінде жабдықтарға қызмет көрсету үшін кластерлік құзыреттер орталықтарын, сервистік орталықтарды, сондай-ақ тәжірибе мен ақпарат алмасу үшін, оның ішінде жергілікті өнім берушілердің құзыреттерін дамыту бойынша орталықтар құру көзделетін болады.

      ӨДО базасында Индустрия 4.0 құзыреттер орталығы құрылады, оның міндетіне СЖ 2025 "Индустрия 4.0 құзыреттер орталықтарын құру" 2.2-бастамасын іске асыру кіреді. "ИТП" инновациялық кластері базасында құрылған "Intellisense Lab" технологиялық даму орталығы өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы пилоттық жобаларды іске асырып, инновациялық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологияларын ауқымды ететін болады. Мұндай құзыреттер орталықтары кластерлік бастамаларды іске асыру кезінде сервистік инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Олар бейінді зертханалар құру арқылы университеттер мен колледждер базасында, оның ішінде МЖӘ-нің қағидаттарын пайдалана отырып, жекешелік инновациялық-белсенді кәсіпорындар базасында да іске асырылуы мүмкін.

      "Технологиялар трансферін ынталандыру", 2.5 "Технологиялық брокерлерді тарту" 2.6 және СЖ 2025 "Кәсіпорындардың инновациялық қызметі үшін ынталандыру жасау" 2.18-бастамаларын іске асыру шеңберінде ДБО технологиялар трансфері желілерін дамытуды жалғастырады, Қазақстанға халықаралық брокерлерді тартуды және отандық технологиялық брокерлерді дамытуды ынталандыратын болады, сондай-ақ компанияны өзінің технологияларын әзірлеуге ынталандырады.

      Экономиканың барлық секторларында инновациялық қызмет маңыздылығының артуына байланысты Қазақстан Республикасын инновациялық дамыту жөніндегі бағдарламалық құжатты әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады.

3.3. Қолдау құралдарының жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар

      ИИДМБ 2020 – 2025 СЖ 2025 көрсетілген қаржыландыру қағидаттарын ескеретін болады, оларға:

      1) тиімсіз және талап етілмеген қолдау шараларын алып тастау;

      2) мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындар үшін бюджеттік қаржыландыруды азайту;

      3) нарықтық бағаны бұрмалайтын және жеке секторды дамытуға кері әсерін ететін қолдау бағдарламаларын қаржыландыруды қысқарту;

      4) мемлекеттік қаражаттан қаржыландыру кезінде жеке секторлармен бірге қаржыландырылатын жобаларды басымдықпен қолдау жатады.

      ИИДМБ 2020 – 2025 шеңберінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген қолдау құралдарының барлық түрлерін қолдану жалғасады. Индустриялық-инновациялық саясатты жүргізудің ішкі және халықаралық тәжірибесін ескере отырып, қолдау құралдары кеңейтілуі мүмкін.

      ИИДМБ 2020 – 2025 өлшемшарттары шеңберінде қарсы міндеттемелерді және кәсіпорындар тарапынан оларды орындамағаны үшін жауапкершілікті міндетті түрде қабылдау қайтарылмайтын қаржылық қолдау шараларын алу шарттарының бірі болады. Бұл мемлекеттік ресурстарды жосықсыз пайдалануды болдырмауға, мемлекеттік қолдаудың және кейіннен мониторинг жүргізудің тиімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қайтарылатын қаржылық қолдау шараларын алу үшін қарсы міндеттемелер кредиттік шарттар шеңберінде есепке алынатын болады. Қарсы міндеттемелерді қабылдаудың егжей-тегжейлі тетігі ИИДМБ 2020 – 2025 әзірлеу шеңберінде пысықталады.

      Индустриялық-инновациялық қызметті жоспарлаудың негізгі құралы БТҚБК болады, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімімен бекітіледі және "Мықты тыл" тобының кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсету кезіндегі басымдық болып табылады.

      Оны әзірлеуді және циклдық өзектілендіруді индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістеме бойынша бизнес-қауымдастықпен тығыз ынтымақтастықта ӨДО жүргізеді. БТҚБК үшін тауарларды іріктеу:

      - қолжетімді (логистикалық шектеулер мен баға ауқымын ескере отырып) және "масштаб әсері" үшін жеткілікті ішкі және сыртқы өткізу нарықтарының болуын;

      - Қазақстан Республикасында игеру мүмкіндігін, оның ішінде бәсекелік артықшылықтың болуын, бәсекеге қабілетті қолданыстағы тауарлармен "ұқсастықтың" болуы немесе жеке инвесторлардың қатысуын;

      - Қазақстан Республикасындағы экономикалық күрделілік индексін арттыратын өнімнің жеткілікті "күрделілігін" ескеру арқылы жүзеге асырылатын болады.

      Ұсынылып отырған қолдау құралдары осы тұжырымдамада қалыптасқан үш міндеттің айналасында топтастырылатын болады.

      1-міндет "Индустрияландыруды тереңдету" және "Мықты тыл" кәсіпорындар тобы

      Сүйемелдеудің және сервистік қолдаудың "бір терезесі" жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың қалыптасқан институты ретінде "Атамекен" ҰКП болмақ.

      "Атамекен" ҰКП БТҚБК қолда бар құралдарын өзектілендіруді ескере отырып, кәсіпорындардың осы тобын қолдауға қойылатын өлшемшарттар мен талаптарды әзірлейтін болады. "Атамекен" ҰКП-ның өңірлік өкілдіктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпорындарға тікелей қолдау көрсетеді. "Даму" КДҚ АҚ қолдаудың басты институты – қайтарылатын қаржылық қолдау құралдарының операторы болады.

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес келетін АИК жасаса отырып, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын дамыту үшін реттелетін сатып алу шеңберінде ұзақ мерзімді және офтейк келісімшарттарды пайдалану жалғасады.

      Кәсіпорындарға индустриялық-инновациялық саясаттың мақсаттарына қол жеткізу шартымен азық-түліктік, процестік, маркетингтік және ұйымдық инновацияларды енгізу үшін инновациялық гранттар есебінен тікелей қолдау көрсету жалғасатын болады. Бұл гранттарды беруге қойылатын талаптар өндірістік процестердің тиімділігін одан әрі арттыру, шығарылатын өнімнің номенклатурасының күрделілігін кеңейту және арттыру, инновациялық әлеуетін қолданудың перспективалы бағыттарын анықтау мақсатында өңірлік, мемлекеттік және халықаралық деңгейде әлеуметтік-экономикалық сұрау салудың мониторингін жүзеге асыру болады.

      Кәсіпорындарды тікелей қолдаудың жекелеген бағыты 4.0 Индустриясын және цифрлық трансформацияны жүйелі түрде енгізудің гранттары болады.
4.0 Индустриясының халықаралық стандарттарын енгізудегі және "цифрлық" дағдылары бар кадрларды даярлаудағы компаниялардың шығындарын өтеуге бағытталған құралдар ұсынылатын болады.

      2-міндет "Сыртқы нарықта сұранысқа ие өңделген тауарлар өндірісінің көлемі мен номенклатурасын кеңейту" және "Бәсекеге қабілетті өндірушілер" кәсіпорындар тобы

      Сүйемелдеу мен қолдаудың "бір терезесі" ӨДО болмақ. Бұл топтағы кәсіпорындарға Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық ұйымдардағы мүшелігі шеңберіндегі міндеттемелерді ескере отырып, ӨДО және "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ кешенді және синхрондалған қолдау көрсетеді.

      Негізгі қолдау құралдары:

      1) анықталған салыстырмалы артықшылықтарымен экспортталатын тауарлардың номенклатурасын ұлғайтуға;

      2) экспорттық қоржынның "күрделілігін" арттыруға бағытталатын болады.

      Экспорттаушыларға неғұрлым тиімді қаржылай қолдау көрсету үшін орташа компанияларды қаржыландыру бойынша "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ өнімдерін кеңейту мүмкіндігі қарастырылады.

      Өнім күрделілігінің оң индексі бар тауарларды өндірушілер үшін қолданыстағы шараларға қосымша ретінде СЖ 2025 "Инвестициялық жобалардың міндетті технологиялық сараптамасын жүргізу" 2.7-бастамасының талаптарын сақтау шартымен, өндірістерді кеңейту немесе технологиялық жаңартуға жабдық сатып алу үшін тікелей гранттық қаржыландыру көзделетін болады. Бұдан басқа, сауданы қаржыландыру бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша, сондай-ақ тауарларды тасымалдау және жеткізу шығындарын өтеу мәселелері пысықталатын болады. Осы топтың арасында СЖ 2025 "Модельді цифрлық фабрикалар құру" 2.3-бастамасын іске асыруға бизнес субъектілері таңдап алынады. Кәсіпорындар үшін жол картасын әзірлеуге, Индустрия 4.0. қағидаттарының негізінде толыққанды цифрлық фабрика құруға бағытталған іс-шараларды іске асыруға және енгізуге барынша сервистік, қаржылық емес және қаржылық қолдау көрсетіледі.

      3-міндет "Өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту" және "Ауырлық орталықтары" кәсіпорындар тобы

      Бұл кәсіпорындарды қолдау жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жауапты жобалық менеджерлерді бекіте отырып, өңдеуші өнеркәсіп үшін жауапты орталық органның үйлестіруі және ӨДО-ның тұрақты қолдауы арқылы "қолмен" енгізу режимінде жүзеге асырылатын болады.

      ӨДО инвестицияларды тарту саласындағы ұлттық институтпен және тікелей шетелдік инвестициялар қатысатын жобалар бойынша "Атамекен" ҰКП-ның тұрақты қолдауымен және инвестициялық өкілеттіктері шеңберінде жобалар бойынша ұлттық басқарушы холдингтермен бірлескен жобалық командалар құратын болады.

      Ұлттық басқарушы холдингтердің инвестициялық мандатына экономиканың тартымды және коммерциялық тұрғыдан перспективалы әртүрлі басым секторларын дамытуға бағытталатын, ішкі экономикаға мультипликативті әсер ететін, "Yellow pages" қағидаттарын сақтай отырып, стратегиялық әріптестермен бірлесіп инвестициялау жолымен жеке бизнес қызметін және аралас салаларды дамытуды ынталандыратын, капиталды қажет ететін жобаларды іске асыру үшін қаражат тарту міндеті енгізілген. Экономиканың жеке секторын дамытуда қарама-қайшылықтарды болдырмай, елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін, мемлекеттік және коммерциялық мақсаттарға негізделетін қазіргі заманғы жоғары тиімді институттардың рөлін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ орындайтын болады. Қаржылай қолдау шараларын "Бәйтерек" ҰБХ АҚ-ның еншілес компаниялары нарықтан тартылған қаражат пен мемлекеттік қаражатты микширлеу есебінен ұсынатын болады.

      Мұндай жобалар үшін арнайы инвестициялық келісімшарт жасасу кезінде олардың қосымша міндеттемелер қабылдауы шартымен қолданыстағы жүйелерден тыс қолдаудың бірегей шараларын ұсынуға болады, мұндай келісімшартты дайындауды ОДО жүзеге асырады және БҚК-да қаралады.

      Дәстүрлі жүйе құраушы кәсіпорындар үшін артық жұмыс күшін босатуға байланысты өтемақы шараларының топтамасы ұсынылады. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органдармен және жүйе құраушы кәсіпорындармен бірлесіп, артық жұмыс күшіне байланысты проблемаларды шешу үшін "Жол карталарын" әзірлейді. Бұл іс-шаралар СЖ 2025 "Кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру нәтижесінде босатылатын қызметкерлерді қолдау" 1.17-бастамасының іске асырылуына сәйкес өткізілетін болады.

      Жауапкершілікті жұмыс беруші мен мемлекет арасында бөле отырып, мынадай қолдау шаралары қолданылуы мүмкін:

      қызметкерлерді моноқалалардан урбандалған ірі аумаққа көшіру жөніндегі бірлескен бағдарламалар;

      босатылатын қызметкерлерді қайта оқыту жөніндегі бірлескен бағдарламалар;

      жүйе құраушы кәсіпорын үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу шарттарында жергілікті тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің экожүйесін құру.

      Үш міндеттің бәрін шешу үшін жүйелі қолдау шараларын жетілдіру талап етіледі. Мамандандырылған факторларды одан әрі дамыту және құру үшін жекелеген ресурстар мен күш-жігерді кеңістіктік өсу нүктелеріне шоғырландыруға басты назар аударылатын болады.

      "Оқшауланған компаниялардың өзара байланысын қамтамасыз ету" 2.13-бастамасын дамытуда АЭА-ның барлық басталған инфрақұрылымының құрылысы аяқталатын болады. Қолданыстағы АЭА-ның тиімділігіне, олардың инженерлік және цифрлық инфрақұрылымының әлеуеті бойынша салынған және салу жоспарланатын ЖҒ құрылысына, қолжетімді адами капиталдың саны мен сапасына және жаһандық ҚҚТ мен нарықтардың қолжетімділігін интеграциялау мүмкіндіктеріне тексеру және қайта бағалау жүргізілетін болады.

      "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын іске асыру және СЖ 2025 "Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту" 2.9-бастамасын дамыту шеңберінде байланыс операторлары республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда орналасқан кәсіпорындар үшін жылдамдығы кемінде 100 мбит/сек және кідіру деңгейі 10 мс-тан аспайтын жылдамдығы жоғары кең жолақты интернетке қол жеткізу қамтамасыз ететін болады. Индустриялық аймақтарды жобалау қағидаларына жылдамдығы жоғары кең жолақты қол жеткізу талабы енгізілетін болады.

      Өнеркәсіптік интернеттің ішкі корпоративтік желілерін құру үшін қажетті аумақтық бөлініс қағидаты бойынша бірлесіп қол жеткізуді қоса алғанда, кәсіпорындардың радиожиілікті спектрге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін құқықтық жағдай жасау жөніндегі мәселе шешілетін болады. Рәсімдерді жеңілдету және РЭҚ және ЖЖҚ әкелуге рұқсат беру мерзімін 30 күнге дейін қысқарту бойынша кедергілер алынып тасталуы тиіс (арнайы техникалық құралдарға және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына тексеру рәсімдерін ескере отырып).

3.4. Қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі тәсілдер

      Жалпы экономиканы дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіптің маңыздылығын ескере отырып, ИИДМБ 2020 – 2025 қаражатпен жеткілікті қамтамасыз ету қажет. Қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты, ұлттық холдингтер, даму институттары тарапынан тартылған қаражат, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілетін болады.

      Бұдан басқа, инвестициялық құралдарды әртараптандыру үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері пайдаланылатын болады.

      Бөлінетін қаражат тікелей және жүйелі қолдау шараларына ғана пайдаланылатын болады, мұнда тікелей шаралар қайтарылмайтын қаржылай қолдау шараларына бағытталатын болады, ал жүйелі шаралар мамандандырылған факторларды дамыту үшін қолданылды.

      Өңдеуші өнеркәсіптің мөлшерін ұлғайтуға және тауарлар номенклатурасын кеңейтуге бағытталған жобаларды қаржыландыру арасындағы тепе-теңдік сақталады.

      Кәсіпорындар топтары арасында қаржылық ресурстарды бөлу ИИДМБ 2020 – 2025 әзірлеу кезінде айқындалатын болады.

3.5. Мониторингтеу, кері байланыс жүйелерін ұйымдастыру және жүргізіліп отырған индустриялық-инновациялық саясатты верификациялау мен өзектілендіру тетіктері жөніндегі шаралар

      СЖ 2025 "Есептілік және ақпарат беру бойынша талаптарды қысқарту" 3.8-бастамасын және индустриялық-инновациялық саясатты мониторингтеудің ағымдағы құралы (Индустрияландыру картасы және басқалар) цифрлық дәуірдің технологияларын ескере отырып, "Өнеркәсіп" мемлекеттік ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – "Өнеркәсіп" МАЖ) ауыстырылатын болады.

      "Өнеркәсіп" МАЖ-да жекелеген бизнес субъектілері және кластерлік бастамалар бойынша орталық және өңірлік деңгейде индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру мониторингін қамту мәселесі пысықталатын болады. Жүйе ӨДО базасында жұмыс істейтін болады және жекелеген бағыттар мен мемлекеттік қолдау көрсетілетін жобалардың іске асырылуы туралы есептілікті электрондық түрде алуға мүмкіндік береді. "Өнеркәсіп" МАЖ бизнес субъектілерді тіркеу, статистикалық, салықтық, сыртқы сауда бойынша, лицензиялық және басқа да есепке алу түрлерін жүргізетін, қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілетін болады. Бизнес субъектілерінің осы интеграцияға келісуі мемлекеттік қолдау шараларын алған кездегі міндеттемелердің бірі болады, ол тиісті шарттарда бекітіледі. Бұл бизнес-субъектілерінің тарапынан қосымша есеп беру қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді.

4. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері

      Көрсетілген кезеңде Тұжырымдаманың көрсетілген мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу ИИДМБ 2020 – 2025 іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.

5. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін болады.

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

            ECI – Economic Complexity Index (экономикалық күрделілік индексі);

      RCA – анықталған салыстырмалы артықшылық (Revealed Comparative Advantage);

      АӨК – агроөнеркәсіптік кешен;

      ҚДБ – Қазақстанның Даму банкі;

      ЖІӨ – жалпы ішкі өнім;

      ЖҚҚ – жалпы қосылған құн;

      ЖЖҚ – жоғары жиілікті құрылғылар;

      МАЖ – мемлекеттік ақпараттық жүйе;

      ИИДМБ 2020 – 2025 – Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

      ҮИДМБ 2010 – 2014 – Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

      МЖӘ – мемлекеттік-жекешелік әріптестік;

      ЕАЭО – Еуразиялық экономикалық одақ;

      БТҚБК – басым тауарлар мен қызметтердің бірыңғай картасы;

      ИА – индустриялық аймақ;

      Қаржымині МКК – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті;

      ӨДК – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіптік даму комиссиясы;

      ҚР ҰЭМ СК – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті;

      ҒЗТКЖ – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстар;

      "Атамекен" ҰКП – Қазақстан Республикасының "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы;

      ЭЫДҰ – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы;

      ТШИ – тікелей шетелдік инвестициялар;

      ИТП – инновациялық технологиялар паркі;

      РЭҚ –радиоэлектрондық құралдар;

      ИИДС 2003 – 2015 – Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2003 – 2015 жылдарға арналған стратегиясы;

      АИК – арнайы инвестициялық келісімшарт;

      СЖ 2025 – Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары;

      АЭА – арнайы экономикалық аймақ;

      ТжКБ – техникалық және кәсіптік білім беру;

      ТҰК – трансұлттық компания;

      ҚҚТ – қосылған құн тізбегі;

      ӨДО – өнеркәсіптік даму орталығы.