Арықтатып көрсететін осы күздің сәнді киімдері

Арықтатып көрсететін осы күздің сәнді киімдері
Фото: ru.pinterest.com

Көпшілік жылдың суық мерзіміне гардеробын жаңартып бастады. Дизайнерлер көптеген жаңа трендтер ұсынды. Олардың ішінде бір маусым ғана емес, бірнеше жыл қатарынан өзекті болып қалатын киімдер бар. Сондай-ақ сәнді киімдердің арасында дене пішінін сымбатты етуге және артық салмақты жасыруға көмектесетін түрлері де бар.

Ұзын әрі кең шалбар

Балағы кең және ұзындығы еденге дейін жететін шалбарлар — күзгі сәнді трендтің бірі. Мұндай шалбарлар кез келген дене пішініне келеді. Мұндай шалбарды биік өкшелі аяқ киіммен кисеңіз, ол визуалды түрде аяқты ұзартып, бел тұсына қажетті екпін қоя алады. Оның қою және бір түсті денимнен тігілген түрін таңдаңыз.

Клеш шалбар

Клеш шалбарлар да дене пішінін түзей алады. Ол пропорцияны тепе-тең етуге көмектеседі және оны «құмсағат» типіне келтіреді. Мұндай шалбарды да өкшесі бар классикалық ботильонмен немесе казаки етігімен киген жақсы.

Макси ұзындықтағы трикотаж көйлек

Күзгі және қысқы гардеробты трикотажсыз елестету мүмкін емес. Осы мерзімде оның макси ұзындықтағы түрлері трендте болады. Оны сән көрсетілімдерінде ботфорт немесе өкшесі бар басқа етіктермен үйлестірді. Егер бойыңыз қысқа болса, мұндай көйлекті өкшесі жоқ етікпен кимей-ақ қойған жөн.

Қарындаш-белдемше

Қарындаш-белдемше бұрыннан визуалды түрде денені сымбатты ететін киімдер қатарына жатады. Ал 2022 жылы ол трендте. Қарындаш-белдемшені жейделермен кеңсеге киюге, свитерлермен күнделіктіге киюге болады.

Корсет

Корсеттер қайтадан сәнге оралды. Сәнқой қыздар оны күнделіктіге де, кештерге де киіп белсенді киіп жүр. Оған қоса, ол стильді, әсерлі және тартымды көрінеді. Сондай-ақ корсеттер денені тартып, визуалды түрде арықтатып көрсетеді. Оны көлемді пиджактардың ішінен киюге болады.

Макси пальто

Күздің таңғы салқынында ұзын және жылы пальтоға оранып алғанға не жетсін! Мұндай пальтоны өкшесі биік етікпен кисеңіз, ол визуалды түрде ұзын етіп көрсетеді. Оған қоса, мұндай сырт киім әдемі әрі қымбат көрінеді.

А. Жапатова