«Қымбат» сөмке қандай болады: 5 белгі

«Қымбат» сөмке қандай болады: 5 белгі
Фото: unsplash.com

Негізгі бағасынан қымбат көрінетін сөмкені таңдауға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз.

Декордың барынша аз болуы

Бірінші және басты ереже: «қымбат» сөмкеде көп декор болмауы керек. Інжу, бисер, жапсырмалар мен кестелер сөмкеңіздің шын бағасын білдіріп қояды немесе тіпті, визуалды түрде бағасын азайтып көрсетеді. Сондықтан олардың аз болуын қадағалаңыз немесе олардан мүлдем бас тартқан жөн. Оның орнына сөмкеге қолданылған былғары, күдері немесе текстильдің фактурасына екпін қойыңыз.

Әмбебап реңк

«Қымбат» сөмкенің тағы бір белгісі — әмбебап реңк. Мысалы: классикалық қара немесе қою қоңыр. Сарғыш, сұр, қою жасыл немесе қою қызыл түстерге де мән беріңіз. Неон секілді өте ашық түстер трендте болғанымен, олар сөмке материалының кемшіліктерін айқындап қояды.

Сапалы фурнитура

Фурнитураның сапасы мен сыртқы түрі — арзан аксессуарларды білдіртіп қоятын негізгі нәрсе. Өте қатты жылтыр, ұсақ жырықтар, түсіп жатқан қабыршақ — бұлар барлық әсерді бұзып жібере алатын кемшіліктер. Сыдырма ілгек, қыстырғыш секілді басқа да металл детальдарға аса мән беріңіз: олардың сапасының жақсы болуын қадағалаңыз.

Негізгі материалдың фактурасы

Мән беру керек басты нәрсе — сөмкені тігуге пайдаланылған материал фактурасы. Мысалы, былғары өте жылтыр немесе лакталған болмағаны жақсы: жылтыр шынымен де қымбат бұйымдарда ғана әдемі көрінеді. Күңгірт фактура әркез ұтымды көрінеді.

Қарапайым пішін

"Қаншалықты қарапайым болса, соншалықты жақсы": сөмке таңдау кезінде осы ережені ұстаныңыз. Қарапайым геометриялық сөмкелер — кез келген жағдайдың керемет шешімі. Олар бәрінен де «қымбат» көрінеді. Тікбұрышты және трапеция тәрізді шоперлер мен тоуттар, созылған «конверттер» мен клатчтар — стильді көрінетін классикалық сөмкелер.

А. Жапатова