Артық салмақ қосып көрсететін киімдер

Артық салмақ қосып көрсететін киімдер
Фото: unsplash.com

Дұрыс таңдалмаған киім жараспай тұрады және визуалды түрде дене пішінді өзгертіп, артық салмақ қосып көрсетуі мүмкін. Мұндай қателік жібермес үшін қандай киімдерден бас тартқан жөн және оларды немен алмастыруға болады?

Көлемді күртке
Көлемді және өте кең тұратын күрткелер визуалды түрде дене пропорциясын бұзып, бірнеше артық килограмм қосып көрсетуі мүмкін. Әсіресе, бойы қысқа және жоғарғы дене бөлігі төменгіге қарағанда кеңірек қыздар сыртқы киімді мұқият таңдау керек.

Көлемді күрткені базалық түстегі жинақы үлгіге ауыстырыңыз. Визуалды түрде ұзын әрі сымбатты көріну үшін күрткеден бас тартып, ұзын классикалық пальтоға мән беріңіз. Иығы тік және сұлбасы анық үлгідегі пальто таңдауға болады.

Табаны жуан аяқ киім
Табаны жуан және тақасы массивті аяқ киімдер дененің төменгі бөлігін ауырлатып, пропорцияны бұзып жіберуі мүмкін. Сондықтан басы үшкірлеу сыпайы аяқ киімге мән беріңіз. Массивті кроссовканың орнына кеды, ал дөрекі бәтеңкенің орнына орташа биіктіктегі тақасы бар етік таңдауға болады.

Тар киім
Денеге қатты жабысып тұратын киім де денені визуалды түрде ірі етіп көрсетеді. Әсіресе, бұл өте жұқа киімдерге қатысты. Денебітімді бұрмаламас үшін киім өлшемін дұрыс таңдауды үйреніңіз. Киім қозғалғанда ыңғайсыздық тудырмауы және сәл бос тұруы керек.

Сәтсіз принттері бар киімдер
Матадағы суреттер дене пішінін қабылдауда маңызда рөл атқарады. Дұрыс таңдалған принттер визуалды түрде денені сымбатты етіп көрсетсе, оның дұрыс емес таңдалған түрлері — пропорцияны бұрмалап, бірнеше артық килограмм қосады. Егер толық пішінді қызға жатсаңыз, мына принттермен абай болыңыз:

- ашық фондағы қою түсті үлкен суреттер;
- ірі бұршақ;
- жалпақ көлденең жолақтар;
- жабысып тұратын киімдегі тік жолақтар.

Жұқа трикотаж киім
Жеңіл әрі созылмалы материал ыңғайлы болғанымен, визуалды түрде дене пішінін бұзып жібере алады және кемшіліктерді айқындайды. Егер бұл ыңғайлы матадан бас тартқыңыз келмесе, қатты әрі тығыз трикотаждан тігілген киімге мән беріңіз. Оның сәл бос тұратын түрін таңдаңыз.

Сапасыз ішкі киім
Денсаулық үшін сапалы ішкі киім таңдау маңызды. Ішкі киім таңдау кезінде оның материалына, пішініне және өлшеміне аса мән беріңіз. Гардеробтағы басқа киімдердің жақсы тұруына да ішкі киімнің жақсы таңдалуы әсер етеді.

Үлпілдек салтанатты белдемше
Мұндай белдемшелер бүрмелер мен маталардың көптігінен визуалды түрде артық салмақ қосады. Бұл әсіресе белінде резеңкесі бар жұқа маталардан тігілген белдемшелерге қатысты айтылған. Белдемше киім үлгісін бұзып жібермес үшін оның қатты матадан тігілген түріне мән беріңіз. Белдемше ұзындығы да маңызды рөл атқарады. Толық пішінді қыздарға стилистер мини және макси ұзындықтан бас тартуды ұсынады. Олардың орнына белі жоғары орналасқан миди ұзындықтағы А-сұлбалы белдемше таңдаңыз.

Желбіреуіштері бар киім
Бүрмемен, желбіреуіштермен және басқа да қосымша детальдармен безендірілген киімдер дене пішінін үлкейтіп көрсетеді. Сондықтан стилистер ірі көрінуден қорқатын қыздарға классикалыққа жақын, минималистік пішімдегі киімдерге мән беруді ұсынады.

Жылтыр былғары
Жылтыр былғары киімдер, сөзсіз, жарқын көрінуге және зейін аудартуға көмектеседі. Бірақ дұрыс емес таңдалған мұндай киім денені үлкейтіп көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдай орын алмас үшін тығыз атлас, вельвет, зығыр және күңгірт экобылғары таңдаңыз. Жарқырау үшін аксессуарлар пайдаланыңыз: әдемі сөмке, әшекей немесе стильді көзілдірік.

А. Жапатова