Ыңғайлы сөмкені қалай таңдаймыз?
Фото: massaget.kz

Ыңғайлы сөмкені қалай таңдаймыз?

Әр мерзім сайын трендке айналған жаңа сөмке алғанды жақсы көрсеңіз де, гардеробыңызда ең болмағанда бір әмбебап сөмке болуы керек. Мұндай сөмке киім үлгілердің көпшілігімен жарасатын, сыйымды әрі ыңғайлы болуы тиіс. Ендеше, күнделікті ұстауға арналған сөмкені қалай таңдаймыз?

1. Үйлесімділігін ойластырыңыз

Күнделікті негізде жиі киетін киімдеріңіздің түстері мен стиліне қарай сөмке моделін таңдаңыз. Гардеробыңыздағы кез келген киіммен үйлесетін түрін табуға тырысыңыз. Бұл жағдайда бейтарап классикалық түстерге мән берген жөн.

2. Өлшемін таңдауда қателеспеңіз

Сізге негізінде қандай өлшемдегі сөмке керегін жақсылап ойланыңыз. Шындығында өзіңізбен бірге көп зат алып жүрмейтін болсаңыз да, өте үлкен сөмке сатып алсаңыз, уақыт өте ол ашуыңызға тиеді. Ал өте кішкентай сөмке сатып алсаңыз, үнемі қосымша шоппер сөмке алып жүруге мәжбүр болуыңыз мүмкін. Мысалы, жиі ноутбук немесе құжаттар тасып жүретін болсаңыз, сөмке аларда оны да ескеріңіз.

3. Сөмкенің ішіне мән беріңіз

Сөмкенің ең басты артықшылығы — оған барлық қажетті ұсақ-түйектердің сыйып кетуі. Сондықтан заттарды сақтауға арналған қалталарына мән беріңіз: құжат немесе ақша салатын аузы жабылатын қалтасы және сөмке сыртында кілт немесе картаны оңай алуға болатын қалтасы болуын тексеріңіз. Олар сөмкені күнделікті қолдануға ыңғайлы етеді.

4. Минимализмді таңдаңыз

Өте ашық түсті және ерекше сөмке жылдам жалықтырып жіберуі немесе кей жағдайда орынсыз көрінуі мүмкін. Мұндай екпін беретін сөмкені соған сай кездерге қалдырып, күнделікті ұстауға артық деталі жоқ минимализм стиліндегі сөмке таңдаңыз.

5. Сапаға инвестиция жасаңыз

Әдемі әмбебап сөмкені күнде ұстаңығыз келеді, яғни, ол үлкен қаланың барлық қатаң шарттарына түзе алуы керек. Оның материалына, фурнитурасына, тігісіне және фактурасына мән беріңіз. Қымбатқа алсаңыз да, сапалы түрін таңдаған жөн. Кей былғары түрлері басқаларына қарағанда ұзақ қызмет етеді.

А. Жапатова