Аяқ өлшемін кішірейтіп көрсетудің 4 әдісі

Аяқ өлшемін кішірейтіп көрсетудің 4 әдісі
Фото: pinterest.ru

Кей қыздар аяқ өлшемінің үлкендігінен ұялады. Көпшілікке бұл ұялатын жағдай емес секілді көрінгенімен, аяқ киім өлшемі 40+ кей қыздардың жасқанатыны рас. Алайда бұл жағдайда қандай аяқ киім түрлері сәтті көрінетінін білу жеткілікті. Табан өлшемін кішірейтіп көрсететін аяқ киім таңдауға бірнеше кеңес ұсынамыз.

Қою түс

Қоңыр, қара, қою қызыл, қою көк немесе қою жасыл түсті аяқ киім таңдаңыз. Қою түсті аяқ киімдер визуалды түрде табанды кішірейтіп көрсетеді. Сондай-ақ, аяқ киімде көңіл аудартатын қандай да бір декор болмағаны жақсы.

Басы дөңгелек немесе квадрат аяқ киім

Егер аяқтың үлкен өлшеміне көңіл аудартқыңыз келмесе, басы үшкір аяқ киімнен бас тартқан дұрыс. Оның орнына басы дөңгелек немесе квадрат аяқ киімдерге мән беріңіз. Оған қоса, мұндай аяқ киімнің өкшесі сәл биік болса, тіпті, жақсы.

Алқымы биік аяқ киім

Бұл кеңес биік өкшелі аяқ киімді жақсы көретін қыздардың көңілінен шығады. Аяқ өлшемін визуалды кішірейту үшін алқымы биік туфли, ботильон, етік немесе басы ашық жазғы аяқ киім таңдауға болады.

Екі түсті аяқ киім

Киімдегі дұрыс таңдалған түстер үйлесімі дене пішінін сымбатты ететіні және оны түзететіні құпия емес. Бұл ережені аяқ киімге де пайдалануға болады. Аяқ өлшемін кішірейтіп көрсету үшін ашық түсті, бірақ басы қою түсті аяқ киім таңдаңыз. Аяқ киімде бір-біріне қарама-қарсы екі түс болғаны жақсы.

А. Жапатова