Жеңілдіктер кезінде шопинг жасаудың негізгі ережелері

Жеңілдіктер кезінде шопинг жасаудың негізгі ережелері
Фото: crello.com

Әлем бойынша қараша айының соңына таман көптеген дүкендер жеңілдіктер ұйымдастырады. Бұл кезде сауда орталықтарының іші адаммен толып, дүкен сөрелері жылдам босап қалады. Қажет емес киімдер алып қоймас үшін қандай ержелерді сақтау керек?

Гардеробыңызды реттеп шығыңыз
Жеңілдіктер кезінде санасыз түрде қажет емес көп киім алып қоюыңыз мүмкін. Сондықтан аяқ астынан сауда жасамай, шопингке барардан бұрын гардеробыңызды бір реттеп шығыңыз. Бұл кезде көбірек киім үлгілерін жасауға қандай деталь жетпейтінін және қай киімдер көп киілмейтінін зерттеңіз.

Тізім жазыңыз
Қолыңызда алу керек заттардың тізімі болса, ол қажет емес заттарға мән бермеуге және сауда орталығында уақыт үнемдеуге көмектеседі. Сондай-ақ алу керек заттарыңызды шамамен қандай бағаға іздейтініңізді де жазып қойыңыз.

Интернет-дүкендерді зерттеп көріңіз
Кей брендтердің сауда орталықтағы дүкеніне қарағанда интернет-дүкенінде жеңілдіктерді көбірек ұсынуы мүмкін. Интернет-дүкеннің бірнеше артықшылықтары бар: адам көп жиналатын жерге бармайсыз, киінетін бөлмеге кезекке тұрып, уақыт кетірмейсіз және сайттан зат алу арқылы қосымша бонус жинай аласыз.

Шопингке жеңілдіктер басталған бойда шығыңыз
Жеңілдіктер күндерінің ортасы мен аяғы — сауда жасауға қолайсыз уақыт. Біріншіден, киімнің сізге қажет өлшемі қалмайды. Екіншіден, қалған киімдердің ақауы болуы мүмкін. Үшіншіден, ең сапалы және сәнді киімдерді басқа сәнқойлар алып кетеді.

Басқа мерзімдік киімдерге мән беріңіз
Статистика бойынша, мұндай күндері басқа мерзімдік сапалы киімдерді жақсы жеңілдікпен алуға болады. Мысалы, қысқы жеңілдік кезінде жақсы жазғы киімдерді екі есе арзан бағасына таба аласыз. Сол секілді жазғы жеңілдік  күндерінде күзгі немесе қысқы сапалы киімдерді қолжетімді бағаға алуға болады.

Шопингке шықпас бұрын соңғы трендтерді зерттеп, стилистер кеңесін оқып шығыңыз
Кей дүкендер жеңілдіктер кезінде бұрыннан қоймада жатып қалған әрі сәннен кеткен киімдерді шығарып қояды. Сондықтан жаңа трендтердің артынан «қумасаңыз» да, өте ескі киімдерге тап болмас үшін сән әлемі жайлы біліміңіздің болуы маңызды. Ғаламторда стилистер ұсынған әр мерзімге арналған дайын құрастырылған киім үлгілері көп. Солардың ішінен ұнағанын таңдап, соларға ұқсас киімдер іздесеңіз де болады.

Жеңілдік күндерінде сәтті шопинг жасауға көмектесетін бірнеше кеңес:

- «Үш ережені» қолданыңыз: егер таңдаған киіміңіз сапалы және әдемі болса, сондай-ақ кем дегенде гардеробыңыздағы 3 киіммен үйлессе, оны ойланбай ала беріңіз;
- Тек киімдерге емес, аксессуарларға да мән беріңіз. Жеңілдік күндері сапалы сөмке немесе аяқ киім табуға болады;
- Сүйікті дүкендеріңіздің бонустық картасын бірге алып шығыңыз. Мұндай карталар арқылы қосымша жеңілдік алуыңыз әбден мүмкін;
- Жеңілдікпен киім алудың басты ережесі — «жеңілдіксіз-ақ алар едім» деген киімді таңдау.

А. Жапатова