Күзгі тренд: Сәнді 5 белдемше

Күзгі тренд: Сәнді 5 белдемше
Фото: pinterest.ru

Әйел адамдар суық мезгілде жылы киініп қана қоймай, нәзік әрі сәнді көрінгісі келеді. Мұндай кезде стильді белдемшелерді пайдалануға болады. Ендеше, күз-қыс мерзімінде қандай белдемшелер сәнде болады?

Қиығы бар белдемше

Күз-қыс мерзімінде қиығы бар және қаусырмалы белдемшелер сәнге айналды. Оның миди ұзындықтағы түрі стильді көрінеді. Қиығы бар белдемшенің джинс немесе былғарыдан жасалған түріне мән беріңіз.

Сырып тігілген белдемше

Қазір сырып тігілген киімдер сәнге оралды: күрткелер, белдемшелер, сөмкелер және т.б. Олар сән әлемінде қаншалықты ұзақ тұратыны белгісіз, бірақ киім үлгіңізді ерекше еткіңіз келсе, сырып тігілген белдемше алуға болады. 

Миди ұзындықтағы плиссе белдемше

Плиссе белдемшелер соңғы бірнеше жыл қатарынан сәнде екенін жақсы білеміз. Плиссе белдемшемен киім үлгісін жасау қиынға соқпайды. Егер сізде мұндай белдемше жоқ болса, ойланбай алуға болады. Себебі оның әзір сәннен шықпауы әбден мүмкін.

Торлы белдемше

Тор — сән әлемінде классикаға айналған принт. Торлы белдемшенің осы мерзімде қызыл және жасыл секілді қанық түсті түрлері сәнге айналды.

Трикотаж белдемше

Мұндай белдемшелердің матасы денеге жағымды және жылы болып келеді. Одан жайлы киім үлгілерін жасауға болады. Трикотаж белдемшені етікпен, кроссовкамен және бәтеңкемен үйлестіре бере аласыз.

А. Жапатова