Қыз бала тәрбиесі: Стильді киінудің 5 ережесі

Қыз бала тәрбиесі: Стильді киінудің 5 ережесі
Фото: crello.com

Қыздардың сәнге қызығушылығы ерте басталады. Олар мектеп қабырғасынан бастап соңғы трендтегі киімдер туралы әңгімелесе бастауы мүмкін. Қызыңыздың мұндай қызығушылығын жақтырмай жүрмеңіз, керісінше, оған өз стилін қалыптастыруға көмектесіңіз. Сыртқы келбетке байланысты  қызыңызбен бөлісу керек 5 ережені ұсынамыз.

Стильді киім үлгісін құрастыру үшін ұқыптылық керек

Стиль — киімдерді үйлестіру ғана емес, оларды дұрыс кие алу. Мысалы, жақсы үтіктеліп киілген қарапайым киім түйіршектер (катышки) пайда болған брендті киімнен жақсы. Сондықтан қызыңызбен стиль туралы әңгімені ұқыптылық, тазалық және жинақылық деген ұғымдардан бастасаңыз болады. Оның ойында кез келген киімді күту және таза ұстау керек деген түсінік қалыптасуы керек. Сырттан үйге келген бойда киімдерін бірден ілгішке іліп, орнына жинап қоюды әдетке айналдырыңыз. Сол кезде киімнің қыртысталмайтынын, тез тозбайтынын және қажет кезде жылдам табылатынын түсіндіріңіз.

Киім таңдалған жағдайға сай болуы керек

Қызыңыздың стиль сезімін дамыту қиын емес. Онымен гардероб жайлы және әртүрлі жағдайға орынды киім таңдау ережелерімен бөлісіңіз. Мысал ретінде өз киімдеріңізді пайдаланыңыз. Мысалы, оған қара джинс шалбармен үйлесетін бірнеше киім үлгісін киіп көрсетіңіз. Үстінен жакет киіп жұмысқа баруға, ал свитер кисеңіз, құрбыларыңызбен кездесуге баратыныңызды айтыңыз. Оны әдемі жейдеге ауыстырып, әшекейлермен толықтырып, мерекелік кешке баруға болатынын көрсетіңіз.

Сондай-ақ интернет көмегіне жүгінуге болады: алдарыңызға дәмді тіскебасар алып, монитор алдына отырыңыз. Дұрыс киімдер үйлесімін тауып, оны қызыңызбен бірге талқылаңыз. Бірге оның дене пішінінің типін зерттеп, қандай киімдер оған жақсырақ тұратынын қарауға болады. Нәтижесінде, қызыңызбен жақсы уақыт өткізесіз және жаңа білім аласыздар.

Стильді деген қымбат дегенді білдірмейді

Стильді көріну үшін көп ақша жұмсау міндетті емес. Көп киім болмаса да, оларды тиімді үйлестіруге болады. Себебі шкаф киіммен толып тұрса да, киетін ештеңе таба алмай тұратын жағдайлар бар. Сондай-ақ оның өсе келе талғамы өзгеруі мүмкін және көпшілік киім ұнамай қалуы мүмкін екенін ескертіңіз. Қызыңызға киім алуға арнайы бюджет бөліп, оны қалай жұмсайтынын және оның ішіндегі маңыздысын қалай анықтайтынын сұраңыз. Онымен үнемдеу және киім сапасы жайлы да әңгіме қозғаңыз.

Стилің саған сенімділік сыйлауы керек

Адамның тартымдылығы көбіне киімдерге емес, оны қалай киюіне және өзін қалай ұстайтынына байланысты. Өзіне деген сенімділік — қызыңыздың бойына қалыптастыру керек маңызды қасиет. Қызыңыз таңдаған киімін көрсетіп, кеңес сұраса, бірден сынамаңыз. Қызыңыз сізге сене алатынын дәлелдеңіз: мақтаңыз, кеңесіңізді айтыңыз, сабырлықпен түсіндіріңіз, ал егер оның таңдағанымен келіспесеңіз, тек «болмайды» деген сөзбен ғана шектелмей, дәлелдер көрсетіңіз.

Тәжірибе жасаудан қорықпа

Қызыңызбен бірге стильмен тәжірибе жасайтын дәстүр орнатыңыз. Мысалы, қандай да бір киім дүкеніне барып, бұрын ешқашан сатып алмаған киім түрін немесе үлгісін таңдап, киіп көріңіздер. Бір-біріңізге көрсетіңіздер, айнаға қараңыздар, күліңіздер. Олардың арасынан сіз ойламаған бір киім жарасып қалуы да әбден мүмкін. Сол кезде жаңа нәрседен қорықпау керегін үйретесіз.

А. Жапатова