Қазақстандық жас маникюр шебері халықаралық додада жеңімпаз атанды

Қазақстандық жас маникюр шебері халықаралық додада жеңімпаз атанды

Екібастұздағы мектеп оқушысы Арулат Мұхаметқали Сочиде тырнақ сәндеу бойынша кезекті беделді байқауда жеңіске жетті. Жасөспірім әлемнің 21 елінен ересек маникюр шеберлері бақ сынаған халықаралық өнер олимпиадасының ең жас қатысушысы атанды.

Қазақстандық шебер Instagram желісіндегі жеке парақшасында жеңісі туралы айтып, бұл оның бірінші олимпиадасы екенін атап өтті.

"Мен маникюр шеберлері арасында Олимпиада чемпионы атандым. Екі жыл бұрын мұны армандайтын едім, ал тәлімгерлерім Елена Шанская мен Наталья Соложинаның арқасында арманым орындалды. Осы екі жылда көптеген табысты да сәттерді бастан өткіздім.Бір жерде қателестім, бір жерде ұтымды шешім қабылдадым. Халықаралық чемпионаттарда көз жасыма ерік берген кездерде, қателікке бой алдырған сәт те болды. Бірақ қазір мені қолдайтын мейірімді жандар көп. Олар маған алға ұмтылуға және мұнымен тоқтап қалмауға күш береді”, - деп жазды жеңімпаз.

Екібастұз оқушысы конкурстағы жұмысты орындауға 7 сағатқа жуық уақыт жұмсаған.  “Тырнақ жалғау және сәндеу” номинациясында Арулатқа тең келер ешкім болмады.

"Нәтижесін күткенде қатты қобалжыдым. Әрине, жеңісіме керемет қуаныштымын. Алда мен талпынатын мақсаттар көп. Қазір әр қаладан маникюрді бастаған шеберлер маған хат жазып, үйретуді өтініп жатыр. Мен өз біліміммен бөлісуге дайынмын. Мысалы, бұл жұмысты енді бастаған Юлияға барлық қажетті білімді бергім келеді. Өйткені, маған әлемнің түкпір-түкпірінен келген шеберлер көмектесті. Енді мен де бұл қыздың арманын жүзеге асыруға көмектескім келеді” – деді жас тырнақ шебері.

Еске салайық, Арулат Мұхаметқали көп балалы отбасынан. Ол інісі Бекарыстың еміне ақша табу үшін маникюр жасап бастаған. Екі жасында інісі үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Бала бас-ми жарақатынан сал болып қалған, қазақстандық және шетелдік дәрігерлер оны емдеуге аса құлық танытпаған.  Сәбидің денсаулығына Қырғызстаннан келген дәрігер қолдау көрсеткен. Әр сапар үшін көп балалы отбасы айлап ақша жинауға мәжбүр болады. Інісіне көмектесу үшін Арулат маникюр өнерін меңгерген. Арулат туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтқаннан кейін оған қамқор қазақстандықтар көмектесе бастаған. Қазір Бекарыс Нұр-Сұлтан қаласында үнемі инемен емдеу курстарынан өтіп, емі оң нәтижесін беріп келе жатыр.

Т. Раушанұлы