Стильді көрінуге кедергі келтіретін әдеттер

Стильді көрінуге кедергі келтіретін әдеттер
Фото: unsplash.com

Трендтердің ауысып отыруына қарамастан, үнемі әдемі әрі стильді көрінудің ең басты шарты — өз стиліңді табу. Сондай-ақ үйлесімді киім үлгісін жылдам құру үшін гардеробты жақсы жағдайда ұстап тұруға көмектесетін әдеттерді қалыптастыру маңызды. Киімге толы шкафтың алдында не киеріңізді білмей тұруыңыздың бірнеше себебі болуы мүмкін. Ендеше, үнемі стильді және ұқыпты көріну үшін қандай әдеттерден арылу қажет?

Гардеробты жинақы ұстамау

Киімдерді жинап жүрмеу үйді шашып қана қоймай, стильді киінуіңізге де кедергі келтіреді. Себебі шашылып жатқан киімдердің ішінен қажеттіні табу қиын әрі уақыт алады. Сондықтан кей қыздар асыққан кезде қолына түскенін киіп жүре береді. Оған қоса ретсіз және шашылып жатқан киімдер тез қыртыстанады және өзінің ұқыпты түрі мен пішінін жылдам жоғалтады.

Сондықтан гардеробыңызды реттеуге бір күн арнаңыз. Кимейтін киімдерді біреуге беріңіз немесе қайта өңдеуге жіберіңіз. Үй мен көше киімін бөліңіз, киімдерді категория бойынша орналастырыңыз және көбірек киім ілгіш алыңыз. Жағымды ән қосып қойып, жинау процесін медитацияға айналдыруға тырысыңыз. Мэри Кондо қолыңызға қандай да бір затты алып, онымен қоштасу оңай немесе қиын екенін түсінуге кеңес береді. Егер оның жауабы «иә» болса, ол заттан бірден құтылыңыз. Үй жинау әдістерін үйрететін атақты автор гардеробта қалған әр затқа өз орнын табуды ұсынады: ол ретсіздіктен арылуға көмектеседі.

Дене мүсіні мен салмағынан жасқану

Өзіне деген сенімсіздік өмірдің барлық аспектілеріне, соның ішінде гардеробқа да кері әсерін береді. Басқалардың не ойлайтынынан, адамдардың назарынан қорқу немесе ұялу дене мүсінінің кемшіліктерін ғана емес, сондай-ақ артықшылықтарыңызды да жасыратын киімдерді алуға әкеледі. Стильді киім үлгісінің басты құрауышы — өзіне сенімді болу және киімдерді жақсы жағынан көрсете алу қабілеті. Сондықтан өзіне сенімді адам соңғы трендтердің артынан қумай-ақ, кез келген киімдерді көрікті етіп көрсете алады. Салмаққа байланысты комплексті жеңу үшін эксперттер кеңестерін зерттеп, дене пішініңізге сай келетін киімдерді таңдаңыз.

Өз стилінің болмауы

Мінсіз гардеробты құру үшін өз стиліңізді табу керек. Сәнді көріну үшін тек соңғы трендті киімдерді кию маңызды емес. Стиль сезімін үнемі дамытып отыру керек: дене пішініңіздің өзгерісін бақылаңыз және гардеробтың көпшілік бөлігімен үйлесетін киім сатып алыңыз. Сапалы материалдардан тігілген киімдер таңдаңыз және стильді әйелдерден шабыт алыңыз. Бірақ шабыт алу оны қайталау деген сөз емес.

Жас ерекшелігіне байланысты стереотиптерге бағыну

Стильді киімдерді тек жас қыздар киеді деген стереотип ескірді. Соңғы трендтегі шалбарлы костюмдер, спорттық костюмдер, миди ұзындықтағы әдемі көйлектер және тоқымалы жилеттер кез келген жастағы әйелдерге әдемі жарасады.

Аксессуарлар мен әшекейлерден бас тарту

Стильді киім үлгісін толықтыруға немесе аяқтауға дұрыс таңдалған аксессуарлар көмектеседі. Алайда кей әйел адамдар әшекей, шарф немесе ерекше сөмке алудан жиі бас тартады. Оның жиі кездесетін себебі — оларды гардеробына дұрыс үйлестіре алмаудан қорқу. Бұл міндетті жеңілдету үшін киіміңізде бар реңктер мен фактураларды қайталайтын аксессуар таңдаңыз. Сол кезде киім үлгісі бір тұтас болып шығады. Сондай-ақ аксессуарлар мен әшекейлердің көмегімен кеңсе киімін кештерге арналған киімге оңай айналдыруға болады және даралығыңызды ерекшелеуге қолдануға болады.

Импульсивті шоппинг

Көпшілік адам көңіл күйін көтеру үшін немесе «жеңілдік» деген жарнамаға қызығып, жоспарсыз сауда жасайды. Импульсивті шоппинг бюджетіңізбен қатар гардеробыңызға да кері әсер етеді. Қажетсіз киімдер сатып алудан арылу үшін кезекті киім аларда өзіңізге бірнеше сұрақ қойып, жақсылап ойланыңыз: ол киім сізге шынымен де керек пе, ол сіздің гардеробқа үйлесе ме және ол дене пішініңіздің артықшылықтарын айқындай ма?

А. Жапатова