Күзде сәнде болатын киімдер

Күзде сәнде болатын киімдер
Фото: Getty

Күз — киімдерді қабаттап киюге болатын мезгіл. Суық ауа райында бірден бірнеше сүйікті киіміңізді үйлестіріп киюге болады. Әдемі киім үлгілерін жасауға шабыт беретін күзгі трендтерді ұсынамыз.

                                     

Макси көйлек
Қазір қысқа көйлектерге қарағанда миди және макси ұзындықтағы көйлектер сәнде екенін байқаған боларсыз. Сәнқой сұлулар кең тұратын ұзындау көйлекті қонышы ұзын етікпен және былғары күрткемен үйлестіруді ұсынады.

Шалбарлы костюм
Шалбарлы костюмдер бірнеше жыл қатарынан сәнді киім болып келеді. Сондықтан жақсы сапалы шалбарлы костюм алып қойған артық етпейді. Себебі оны үсті-астымен немесе бөлек-бөлек басқа киімдермен үйлестіруге болады. Киім үлгіңіз кеңсе киіміне ұқсағанын қаламасаңыз, оның ішінен ақ жейде емес, жемпір немесе водолазка киіп алыңыз.

                                   

Мектеп формасы
Дизайнерлер өткенді аңсап, 1970-жылдарға тоқталып, сол жақтан жылы тоқыма жилетті «алып келді». Тоқыма жилет биылғы күзде де трендте болады. Оны, әсіресе, классикалық ақ жейдемен үйлестірген әдемі әрі сәнді көрінеді.

                       

Спорттық костюм
Спорттық үлгіде тігілген ыңғайлы киім сәнде әлі ұзақ болмақ. Сондықтан сұр түсті худи мен соған сәйкес джоггер күзгі демалысқа арналған ең жайлы киім болмақ.

                       

Монохром
Тұтас бір түсті немесе бір-біріне жақын реңкті киімдер кию де бірнеше жыл қатарынан ең сәнді үйлесім болып келеді. Дизайнерлер күзде, әсіресе, тұтас қара түсті немесе ақ түсті киімдерді киюді ұсынды.

                                   

 Джинс киімдер
Бір кездері джинс киімдерді бір-бірімен үйлестіріп кию біртүрлі көрінетін. Ал қазір ол сәнді трендке айналды. Сондықтан сүйікті джинс шалбарыңызды джинс күрткемен үйлестіріңіз. Тіпті, киімдердің джинс матасы әртүрлі болса да ештеңе етпейді.

                                     

Комбинезон
Күзгі сәнді трендтің бірі – біртүсті комбинезон. Ыңғайлы, жылы әрі біртүсті комбинезон алсаңыз, сыртқа шығарда киім үлгісін ойластыруға уақыт та кетпейді. Дизайнерлер мұндай комбинезонды ұзын пальтомен үйлестіруге кеңес береді.

А. Жапатова