Саясаткер дресс-коды: Классикалық Converse

Джо Байден күні кеше ғана жеңіске жетсе де, жаңа президент аппаратының мүшесі Камала Харрис АҚШ-тың вице-президенті қызметін атқарушы алғашқы қара нәсілді әйел ретінде тарихқа еніп үлгерді. Оған қатысты тағы бір ерекше дерек — жұмысқа үнемі классикалық Converse киюі.

Камаланың аталған кеды маркасына деген сүйіспеншілігі 2019 жылы Демократиялық партия атынан президенттікке үміткерлігін ұсынған кезде байқалды: "Мен үнемі Converse кроссовкаларын киіп жүремін. Әсіресе, Chuck Taylors коллекциясын ұнатамын. Оның қара былғары, ақ, баулы, баусыз т.б. түрлерін түгел сатып алғам", - деді ол The Cut басылымына берген сұхбатында.

Жеңіске жетерден сәл-ақ алдын Камала Харрис Висконсин штатында аталған марка өнімін киіп, ұшақтан түсіп бара жатқан видеосымен бөлісті. Саясаткер пост астына: "Бауымды байлап, жеңіске бет алдым" (түпнұсқада: Laced up and ready to win), - деп жазған екен.