Ою-өрнектерді орынымен қолдану амалдары

Ою-өрнектерді қолдануда қиып түсіру, ойып қиыстырып түсіру, кестелеп түсіру, сызу арқылы түрлі жіппен тоқып түсіру, басып түсіру, ойып түсіру, сызып түсіру, металл бұйымдарға жапсыру, тоқымалау, соқпалау, термелеу, дәнекерлеу түрлерімен істетіледі.

Қиып түсіру. Ең әуелі оюды қиып алып, оны істелетін бұйымдардың үстіне жапсырып орналастырады. Мысалы, түрлі бұлдардан оюды қиып алған соң, оны киіз үстіне жапсырып, шетін жиектейді.

Ойып қиыстыру. Киізді алуан түрлі етіп бояп, олардан өз алдына оюды қиып алып, одан кейін түрлі оюды бір-біріне қиюластырып орналастырады.

Кестелеп түсіру. Түрлі киім, үй жиһаздарына түрлі жіптермен бізкесте сияқты тәсілдермен түсіреді. Сызу арқылы түрлі жіппен тоқып түсіру. Киіз немесе басқа бұйымдарға әуелі ою-өрнекті сызып алып, сол сызылған ортаны түрлі үйлесімді жібек және жүннен істелген бояулы жіптермен толтырып шығады.

Басып түсіру. Киіздің үстіне түсірілетін ою үлгісін ағашқа (қалыпқа) түсіріп алған соң, түрлі бояуды ыдысқа қайнатып қойытылады да, қалыпты бояуға малып басу арқылы бояуды киізге сіңіру тәсілімен түсіретін өрнек. Мұны халқымыз "текемет" дейді.

Ойып, батырып түсіру. Ойып түсіретін өрнектер темір, алтын, күмістерге өрнекті шеберлер арнаулы шапқылар, қаламшалар арқылы ұрып түсірумен бірге, шегіп, тырнап, қырнап түсіреді. Әсіресе, тері бұйымдарға "түскиіз", "оқшантай", "қын" сияқты бұйымдарға кейде қалыпты жасап, кейде өрнек түсірілген қатты бұйымдармен ұру арқылы түсіреді.

Сызып түсіру. Бұл зергерлік бұйымдардың бетіне сүйектерге, қаламша, болат, темір ұшымен ою-өрнек сызып түсіреді.

Метал бұйымдарға түсіру. Метал бұйымдардың бетіне ою-өрнекті ұрып, батыру арқылы немесе металдардан ою-өрнекті қиып алып, оларды ағашқа, тері бұйымдардың бетіне шегелеу арқылы түсіреді.

Бұйымдарды тіпті де әрлендіру үшін мыс, жез, қорғасын, күміс, алтындар мен темірлерді бір-біріне қаралау, ақтау, булау тәсілі арқылы ою-өрнектің ажарын аша түседі. Міне, бұлар ою-өрнек түсірудің түрлі амалдары.

Байахмет Жұмабайұлының "Ою өрнек әлемі" кітабынан