Карантин кезінде көретін 3 fashion реалити-шоу

Next in Fashion, Making the Cut және Project Runway жобалары 2000 жылдары сәнге айналған fashion реалити-шоу бағытын қайта жандандырды.

Сән өндірісі қашан да эксклюзивті бағдарламаларымен теле арналарды да, интернетті де жаулап келеді. Мысалы, 2003 жылы жарық көрген America’s next top model шоуы бірден бүкіл рейтингтің көшбасшысы атанды. Бұл бағдарламаны атақты топ модель Тайра Бэнкс жүргізген еді. Ал 2004 жылы Project Runway шоуы Хайди Клум мен Тим Ганның атағының арқасында дәл осындый жетістікке қол жеткізді. Реалити жобада жолы болған қатысушылардың алдынан бүкіл әлемге атақты болу мүмкіндігі ашылатын. Мүмкін, fashion шоулардың адам сенгісіз көрсеткішке қол жеткізуіне себеп болған осы шығар..

Қазіргідей әлем жұртшылығы төрт қабырғаға қамалған уақытта кез келген бағдарламаның дәурені жүріп тұр. Себебі көпшілік уақытын экранға телмірумен өткізеді.

Егер сіз сән өндірісіне қызығушылық танытатын болсаңыз, төмендегі шоуларды тамашалау арқылы осы бағыттын қыр-сырын ұға аласыз.

Making The Cut 

Хайди Клум мен Тим Ганнан құралған культті дуэт атақты жобадан осыдан екі жыл бұрын кеткенімен, реалити-шоу бағытынан бас тартқан жоқ. Олар  27 наурыз күні Amazon Prime платформасынан жаңа шоудың алғашқы маусымын ұсынды. Бұл жабаға шақырылған қонақтар қатарында Vogue Paris журналында бірнеше онжылдықтар бойы бас редактор қызметін атқарған Карин Ройтфельд, модель Наоми Кэмпбелл, блогер Кьяра Фераньи, дизайнер Джозеф Альтузарра мен Николь Ричи бар. Өздеріңіз байқағандай, осы жолы шоу продюсерлері интернет пен әлеуметтік желілерде атақты кейіпкерлерге аса мән берген.

Project Runway

Бұл атақты бағдарламаның жүргізушілері ретінде модель Карли Клосс пен дизайнер Кристиан Сириано таңдалған. Бұл оған қатысты жалғыз өзгеріс емес. Шоудың негізгі жүлдесі де бұрынғысынан екі есе артқан. Мысалы, қазіргі нұсқаның жеңімпазы атанған адам $250 000 алады және бірден Американың сән дизайнерлері Кеңесінің (CFDA) құрамына өтеді.

Project Runway шоуының әділқазылары алқасында Нина Гарсиа мен дизайнер Брендон Максвелл және Teen Vogue журналының бұрынғы редакторы Элен Велтерот бар.   

Next in Fashion  

Қазіргі таңда кең қолданысқа ие Netflix платформасына 'Next in Fashion' атты жаңа жоба шықты. Бағдарлама продюсерлері осыған дейінгі барлық сән шоуларының қателерін ескеруге тырысқан. Жүргізуші ретінде дизайнер Тэн Франс пен it-girl Алекса Чанг таңдалған. Ал әділқазілар алқасы құрамына Ева Чен, Томми Хилфигер, Прабал Гурунг, Филлип Лим мен Кристофер Кейн енген.