«Қазақ аруы» Мәскеуде анықталмақ

«Қазақ аруы» Мәскеуде анықталмақ

Мәскеуде тұңғыш рет «Қазақ аруы» байқауы өтетінін “Атамекен” Мәскеудегі қазақстандық студенттер бірлестігі жариялады, деп хабарлайды tengrinews.kz.

Байқауға қазақстандық немесе Қазақстанда бұрынырақта тұрған бойжеткендер қатыса алады.

Қазылар алқасы бірінші кезеңде қыздарды олардың анкетасына қарап таңдайды. Қатысушы әдемі, оқудағы білім көрсеткіші жоғары, хореография сабағының бастапқы курсынан өткен, актерлік шеберлігі бар болуы керек. «Барлық қыздар Қазақстанның тарихын, мәдениетін, дәстүрін біліп, оны дәлелдеп беруі қажет. Өзіне сенетін, тек жақсы мінездемесі бар қыздар ғана байқауға қатыса алады» дейді ұйымдастырушылар.

  «Қазақ аруы» байқауының ақтық сыны келер 2013 жылдың наурыз айында. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, бұл байқаудың мақсаты – жастарды адамгершілік пен мәдениетке баулу, студенттердің шығармашылық еңбек, жұмыстарын насихаттап, салауатты өмір салтына шақыру.
Айта кету керек, 2011 жылы Мәскеуде өткен "Miss Asia Moscow" байқауында қазақстандық Раушан Зинуллина (суретте) Miss Hollywood Smile-2012 («Голливуд күлкісі») аталымы бойынша жеңімпаз атанған еді. 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: oren.ru

А. Құлтай