Көктемге арналған 5 базалық киім

Гардеробыңызда киім толып тұрса да, сыртқа шығарда киетін ештеңе таба алмауыңыз немесе қандай да бір киімді басқа киімдермен үйлестіре алмауыңыз мүмкін. Оның басты себебі – дұрыс базалық гардероб таңдамау. Базалық киімдерден стильді киім үлгісін жасау оңайға түседі. Сондықтан жаңа көктем маусымына алуға болатын 5 базалық киімді ұсынамыз.

1. Тренч. Көктемде жаңбырлы күндер көп болатындықтан бір тренч немесе плащ алып қойған артық етпейді. Классикалық тренчті немен үйлестірсеңіз де стильді көрінеді. Биыл дизайнерлер оның мидакси (тобықтан сәл жоғары) ұзындықтағы және қоңыр-сарғыш түсті түріне мән беруді ұсынады.

2. Денимнен тігілген клеш шалбар. 70-жылдар стиліндегі бұл үлгі жаңа көктем-жаз мерзімінде ең сәнді киімнің біріне айналады. Оның дәстүрлі көк түсіне және қатты денимнен тігілген түрлеріне мән беріңіз.

3. Гүлді көйлек. Ретро стиліндегі миди немесе мидакси ұзындықтағы нәзік гүлді көйлектер – 2020 жылғы көктемнің нағыз must-have киімі. Мұндай көйлектердің нәзік жұмсақ реңкті түрлерін таңдап, оны күдері ботильонмен немесе тренчпен үйлестіріңіз.

4. Мата кеды. Мата кедылар сәнге қайта оралып, дөрекі кроссовкалардың бәсекелесіне айналып отыр. 50-жылдар стилінде жасалған және жүріске арналған мата кедыларды көйлектермен, бермудтармен (балағы тізеден тұратын шалбар) және деним шалбарлармен үйлестіріңіз.

5. Жұмсақ реңкті костюм. Ол шалбарлы костюм немесе белдемшесі бар костюм болуы мүмкін. 2020 жылғы көктемнің базалық костюмі нәзік көгілдір, алқызыл немесе қызғылт сары реңктерде болғаны жөн.