Гардеробты жаңартуда қажет болатын кеңестер

Гардеробты жаңартуда қажет болатын кеңестер
Фото: ru.freepik.com

Үнемі үйден шығарда "киетін ештеңе жоқ" деп ашуланасыз ба? Ендеше, гардеробыңызды реттеп, жаңартыңыз. Ол үшін стилистердің кеңесіне құлақ түріңіз.

Бір ғана кешке арналған киім сатып алмаңыз. Корпоратив, туған күн, той секілді маңызды кештерде кез келген әйел әдемі әрі ерекше көрінгісі келеді. Сондықтан дүкенге барып, ең ерекше көйлекті тауып, сатып алады да оны бір рет қана киеді. Содан соң ол шкафта ілініп тұрады. Сол үшін кешкі киімнен күндізгі киім үлгісіне оңай өзгертуге болатын әмбебап киім қараңыз.

Бір жаңа киім сатып алдыңыз ба, бір ескі киімді тастаңыз. Егер киім тігуге жарамаса, қандай да бір деталі өзгертуге келмесе, түсі кетсе және сыймай қалса, ол киімнен құтылыңыз. Оны бір күні киемін деп шкафтың түбіне жинап қоймаңыз. Мына ережені қолданыңыз: егер киімді 3 жыл бойы кимесеңіз, ойланбастан, оны басқаға беріңіз.

Сіңліңізбен немесе құрбыңызбен киім ауыстырыңыз. Өзіңіз кимейтін киімдерді шығарып қойыңыз, сіңліңіз (немесе әпкеңіз) солардың ішінен өзіне ұнағанын таңдасын. Сіз де солай оның шығарған киімдерінің арасынан ұнап тұрғанын алыңыз. Себебі екеуіңізде де жағдайы жақсы, бірақ қандай да бір себеппен киілмейтін тұрған киім болуы мүмкін.

Жаңа үлгідегі киімдерді киіп көріңіз. Адам миы таныс нәрселерді жақсы көреді де, таныс еместен қорқады. Сондықтан шоппинг кезінде бейсаналы түрде гардеробыңызда бар киімдерге ұқсас түрлерін іздейсіз. Сол үшін келесі шоппинг кезінде көйлек, белдемше және шалбардың жаңа үлгілерін киіп көріңіз. Олар ілініп тұрғанда біртүрлі көрінсе де, міндетті түрде киіп көріңіз. Киімнің негізгі қалай тұратынын тек киіп көру арқылы ғана білесіз.

Гардеробыңызды реттеңіз. Шкафтағы барлық киімді (аксессуарлармен қоса) шығарыңыз. Барлық киімдерді бір-бірімен үйлестіріп көріңіз. Мысалы, бір жейдені барлық шалбар және белдемшемен киіп көріңіз. Киім үлгісіне белдікті пайдаланыңыз. Егер қандай да бір киімді ештеңемен үйлестіре алмасаңыз, ғаламтордан соған ұқсас киім тауып, басқалар оны немен кигенін қараңыз.

А. Жапатова