Сәнді трикотаж

Сәнді трикотаж
Фото: infovoronezh.ru

Жылдан-жылға сәнді топтамалардан трикотаж жиірек кездеседі. 2019-2020 жылдардың сәнді трикотажы қандай? Жаңа мерзімде қандай жылы киімдер алуға болатынын жазамыз.

Жемпірлер мен свитерлер

Жұмсақ, жайлы және денеге жағымды трикотаж 2019-2020 жылы oversize стиліне толықтай көшті. Бұл тенденция жемпірлер мен свитерлер топтамасына көбірек тараған. Кей жемпірлердің кеңдігі соншалық оның сыртынан сондай кең пальто немесе күртке ғана кие аласыз.

Бұл мерзімде ұзын және/немесе көлемді жеңге мән беру ұсынылады. Бұл трендті тек ұзын жемпірлерден емес, сонымен қатар қысқа жемпірлерден де байқауға болады.

Ал түсіне келер болсақ, кез келген талғамға арналған таңдау бар: оның біртүсті түрлерінен ерекше принтті және жабыстырмалары бар түрлеріне дейін кездестіруге болады. Соның ішінде, свитерлерге мультфильм кейіпкерлері, лого, жазулар, "аргайл", скандинавиялық өрнектер мен этника кеңінен қолданылады.

Водолазкалар

Трикотаж водолазка – кез келген сәнқой қыздың күзгі және қысқы гардеробының must have киімі. Ол базалық киімге жатады, сондықтан оны басқа киімдермен үйлестіру қиындық тудырмайды. Водолазка бір қарағанда "іш пыстырарлық" киім секілді көрінгенімен, онымен стильді әрі түрлі киім үлгілерін жасауға болады.

Қара, сарғыш және ақ водолазка – классикалық стильді ұнататын қыздардың көңілінен шығатын дәстүрлі түрлері. Водолазканың мұндай түрлері шкавыңыздағы кез келген киіммен жараса кетеді: қысқа және плиссе белдемшелерден бастап джинс шалбарлар мен палаццо шалбарларға дейін таңдауға болады.

Ал ашық әрі қанық түсті үйлесімдерді жақсы көретін қыздар оның жасыл, алқызыл, қызыл, күлгін, қыша және неон түстеріне мән берсе болады. Дизайнерлер водолазканы белдемшенің немесе шалбардың ішіне салып киюді ұсынады. Сондай-ақ, водолазканың сыртынан жейде не көйлек киюге де болады.

Кардигандар

Кардигандар да бұл мерзімде көлемді болып келеді. Дизайнерлер оны водолазканың немесе трикотаж көйлектің сыртынан киіп, белін жалпақ белдікпен бууды ұсынады.

Трикотаж көйлек

Дене пішінін айқындап тұратын трикотаж көйлек – күз-қыс мерзімі гардеробының міндетті киімдерінің бірі. Сән көрсетілімдерінен әртүрлі ұзындықтағы және мойны бар/жоқ түрлері кездесті. Сонымен қатар, шам жеңдер (фонарь) сәнде болады.

Костюмдер

Трикотаж total look сәнге айналды. Трикотаж костюмдер өте әдемі көрінеді және денеңізді жылулықта ұстайды. Дизайнерлер трикотаждан жасалған шалбарлы костюм, жемпір мен шалбар, жемпір мен белдемше және кардиганы бар үштіктер ұсынып отыр.

А. Жапатова