Сау бол, гламур! Сәлем, гранж стилі

Сау бол, гламур! Сәлем, гранж стилі
Фото: pixabay.com

Жылдар жылжып сән әлеміне гранж стилі (ағылшын тілінен аударғанда жағымсыз, олпы-солпы деген мағына) қайта оралуы тегін емес. Адамдар жағдайды, сәнді, тіпті өзін де келеке ете бастады. Олар біркелкі гламур тобырдан, пафостан, стереотиптен шаршады. Өзін еркін ұстап, өзіне де, өзгелерге де өмірде ең бастысы, адамға бақыт сыйлайтын тек эстетика емес екенін айтқысы келеді.

Антигламурлық гранж стилінің отаны – Америка жән рок музыка. Grunge – 90-шы жылдары аса танымал болған Pearl Jam, Nirvana, Soundgarden, The Smashing Pumpkins атты топтардың жемісі. Бұл жастардың жан айқайынан, экономикалық тұрақсыздыққа жауабынан туған. Бір қызығы, сән де мұны жақсы қабылдады. 1993 жылы Марк Джейкобстың дизайнерлік топтамасынан кейін гранж стилі ресми түрде әлемдік подуимға шықты. Көпшілігі бұл коллекцияға қырын қарағанымен, дизайнер осы жұмысы арқылы Еуропа мен Америкада атағы арта түсті. Дресс-код пен шексіз ережелерден шаршаған адамдар гранж стилін қуана қабылдады, сән журналдары да әлемдік фурор туралы жарыса жазып, дизайнерлер осы стильдегі топтамасын көбейте түсті.

Бұл стильдің ерекшелігі бір бойына бірнеше стильді біріктіре білуі: мұнда панк та, этника да, хиппи стилі де араласқан. Әрине, оның ең бірінші міндеті адамға жайлылық пен ыңғайлылық сыйлау. Осы стильді жақтаушылар киім әдемілік үшін емес, жай ғана суықтан қорғап, денемізді жауып тұруға арналған деп есептейді.

Сырт көзге үстімізге ескі-құсқыны жамап алғандай көрінгенімен, бұл да қымбат маталардан тігіледі, брендтік киімдер. Оны танымал адамдар да, қарапайым жандар да киеді, жай ғана өзгелер өзін киіміне қарап бағалағанын ұнатпайды.

Түстік гаммасы негізінен қою түстерден тұрады, бірақ ашық, табиғи түстері де кездеседі.

Матасы – трикотаж, тері, күдері, мақта, шифон.

Бөлшектері – жамау, ескірген, тігістері сөгілген, жіптері едірейген, жиектері аяқталмағандай көрінеді.

Гранж стиліндегі образды қалай қалыптастырамыз?

• Реңі солғын тартқан, қою түсті киім таңдаңыз. Ашық-жарқын түстер бұл стильмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Гранж стилінде киінетіндердің негізгі түстері: қара, ақ, сұр, қою жасыл, қоңыр, қою көк.

• Ұзын шаш өсіріңіз. Шашыңыз олпы-солпы, бірақ таза көрінуі керек. Оны өріп не моншақпен сәндесеңіз болады.

• Фланель жейде табыңыз. Бұл гранж стилінің маңызды бөлшегі. Оны түймесін ілдіріп те, ағытып та, белге орап та тағуға болады.

• Шалбарыңыз да гранж стиліне сай таңдалғанына көз жеткізіңіз. Ол ескіргендей өң беруі керек. Қап тәріздес үлгісі дұрыс. Комбинезон алсаңыз да қателеспейсіз.

• Ал аяқ киім мейлінше көлемді, ауыр көрінгені жөн.

@. @assel_assanova