Supreme тарихы: Көше киімінің бренді қалай танымал болды?

Supreme тарихы: Көше киімінің бренді қалай танымал болды?
Фото: unsplash.com

Джеймс Джеббиа скейтерлерге арналған дүкен ашуды ойлағанда ол сән индустриясында төңкеріс жасауды немесе мегабренд құруды жоспарлаған да жоқ еді. Ол тек Нью-Йоркте дамып келе жатқан мәдениетті қолдағысы келді. Алайда дүкенмен бірге Supreme деп аталатын көше киімінің бренді пайда болды, ал ол көше мәдениетіндегі ең сұранысты және эксклюзивті брендке айналып, жоғары сәннен орын алды. Қазір адамдардың киімінен жиі байқайтын Supreme логосы қалай пайда болды және ол қалай хайпқа айналды?

Supreme брендінің негізін қалаушы Джеймс Джеббиа АҚШ-та дүниеге келген, бірақ ол бір жасқа толғанда оның отбасы Ұлыбританияға көшіп келеді. Джеймстің скейтерлік мәдениетке және көше стиліне деген қызығушылығы жасөсіпірім шағында пайда болады. Ол Duracell фабрикасында жұмыс жасап, тапқан ақшасын Лондонға баруға жұмсаған. Ол Лондонда әркез бір скейтерлік дүкенге соғатын болған: ол дүкен өзінің тазалығымен және жақсы тауарымен ерекшеленген. Бұл шағын дүкен Supreme алғашқы дүкенінің үлгісіне айналды.

Джеймс 19 жасында Нью-Йоркке көшіп келіп, алдымен тәжірибе жинап, содан соң өзінің Union деген алғашқы дүкенін ашады. Бастапқыда дүкенде британ брендтері сатылады, содан соң көше киімі брендінің негізін қалаушы Шон Стуссимен бірге жұмыс істейді. Бірақ бұл серіктестік ұзаққа созылмайды. Нью-Йорктегі көше мәдениетімен шабыттанған Джеймс скейтерлерге арналған өзінің жеке дүкенін ашып, сонымен бірге Supreme брендін шығарады.

1994 жыл. Скейтерлік дүкеннің ашылуы

Джеймстің алғашқы Supreme дүкені 1994 жылы сәуір айында тыныш нью-йорктік Лафайетт көшесінде ашылады. Оның жанында антиквариат сатушылары, өрт сөндіру станциясы және суретші Кит Харингтің дүкенінен басқа ештеңе жоқ болатын.

1990-жылдары Шығыс жағалауында скейтбординг аса танымалдыққа ие болмады, ал скейтерлік дүкендерді саусақпен санап алуға болатын. Сондықтан жаңа дүкен жергілікті скейтерлердің сүйікті жеріне айналды. Джеймс Джеббиа сол балаларды жұмысқа алып, уақыт өте дүкеннің айналасы скейтерлердің екінші үйіндей болып кетті.

Заңсыз әрекеттер

1994 жылы футболка мен бірнеше свитшоттан басқа ештеңе шығарып үлгермеген жас бренд өзіне ірі америкалық сән үйінің назарын аудартты. Нью-Йорк көшелерінде актриса Кейт Мосстың суреті бар Calvin Klein компаниясының плакаттарында Supreme логосы жабыстырылған түрлері пайда бола бастайды. Содан соң атақты компания Джеймс Джеббианы жаңа бренд Calvin Klein постерлерін заңсыз қолдануын тоқтатпаса, сотқа беретіндерін айтады. Алайда, бұл іс бейбіт жолмен аяқталып, Supreme Calvin Klein плакаттарын қолдануды тоқтатады. Бір қызығы, 18 жыл өткен соң атақты актриса Кейт Мосс Supreme компаниясының ресми жарнамасына түседі.

Supreme Louis Vuitton монограммасын заңсыз қолдануы

Осыған ұқсас жағдай 2000 жылы да орын алады: Supreme Louis Vuitton компаниясының фирмалық монограммасын өздерінің бокс-логосына қойып, жаңа топтама шығарады. Алайда, бұл кезде де Джеймс бұл белгіні рұқсатсыз қолданған болып шығады. Сондықтан Louis Vuitton жаңа брендті сотқа беретіндігін айтады, бірақ бұл жолы да компаниялар бейбіт шешімге келіп, Supreme жаңа топтаманы сатылымнан алып тастайды.

Supreme x Louis Vuitton 2017

2017 жылы Supreme x Louis Vuitton топтамалары ақыры ресми түрде шықты, ол көше сәні мен жоғары сәннің бірігуіндегі ең маңызды кезеңге айналды.  

1995-1997. Брендтің қалыптасуы

Джеймс бір нәрсені түсінді: егер бақталастардың өнімдерінен тек сапа жағынан емес, сонымен қатар дизайнмен ерекшеленсе, сатып алушы эксклюзив затты алу үшін көбірек ақша төлеуге дайын болады.

Бастапқыда Supreme дүкенінде футболканың тек бірнеше түрі сатылды, бірақ футболкалар танымалдыққа ие болып, Supreme-нің визит картасына айналғаннан кейін бренд свитшот, худи, скейтке арналған тақтайлар шығара бастады. Содан соң фирмалық логосы бар снэпбэктер (күнқағары тік бейсболка) де бірден тарап кетті.

Жоғарыдағы – Барбара Крюгердің жұмысы, төмендегі – Supreme логосы

Джеймс командасымен бірге бокс-лого жасағанда тұжырымдамалық суретші Барбара Крюгердің жұмыстарынан шабыт алған.

1998-2000. Supreme дүкендерінің Жапонияда ашылуы

Брендтің алғашқы қызығушылары Жапониядан келген туристер болды. Жапон туристердің қызығушылығының есебінен 1998 жылы Джеймс Токиода дүкен ашады. Ол Supreme киімдерін сататын екінші ресми дүкен болды. Бұл ең сәтті шешім болды: жапондар брендті белсенді түрде қолдады. Сондықтан Джеймс өз жағынан жауапты реакцияны көп күттірмей, сол жылы Жапонияда (Осака мен Фукуока) тағы екі дүкен ашады.

2000-2007. Алғашқы ірі серіктестік

2000-жылдардың басында Supreme басқа атақты брендтермен бірігіп жұмыс істей бастайды. 2002 жылы Supreme Nike компаниясымен біріккеннен кейін өте ауқымды аудитория жинады. Бұл кезде Supreme эксклюзив түсінде Nike Dunk SB скейтерлік кроссовкалары шығарылды.

Джеймс сол кездің өзінде сұраныстың көпшілігіне қарамастан Supreme топтамасын шектеулі тиражбен шығаруды ойлайды. Жаңа киімдер тек Supreme ресми дүкендеріне жеткізілді. Джеймс брендті дербес құқықта ұстады және делдалдармен бірге жұмыс істеуден бас тартты.

2000-2007 жылдар аралығында Supreme көше киімін шығаратын атақты жапон брендтерімен (A Bathing Ape, Neighborhood және Undercover) және италиялық Fila брендімен бірлесіп топтама шығарды.

Үлкен кезек және полиция қадағалауы

2014 жылдан бастап брендтің танымалдығы одан әрі арта бастайды. Supreme дүкеніне Nike пен Supreme-нің біріккен кроссовкалары сатылымға шығатын күннің алдындағы түннен бастап дүкеннің алдына үлкен кезек жиналды. Ол кезек үш қала кварталына дейін созылды. Кезектегілер өздерін тыныш ұстаса да, адамдардың өте көп жиналуына байланысты полиция қызметкерлері оларды бақылауда ұстады. Кейін бұл жағдай әдеттегі көрініске айналды.

2015-2017. Еуропаға шығу

Supreme еуропалық нарыққа нық кірді. Бренд италиялық Lacoste және британиялық Dr. Martens компанияларымен бірігіп жұмыс істейді. Аса танымалдығына қарамастан Supreme бизнес-үлгісі бұрынғыша іске асады: топтама шектеулі тиражбен шығады және тек ресми дүкендерінде сатылады.

Сонымен қатар, Supreme жылына екі рет маусымдық топтама жасап, сән көрсетілімін жасайды. Бірақ басқа брендтерден оның айырмашылығы – ол топтаманы толықтай дүкенге әкелмейді. Әр бейсенбі сайын Supreme дүкеніне жаңа топтаманың тек бірнеше киімін әкеледі, ал ол туралы мәлімет бір күн қалғанда ғана хабарланады.

Бұл әдіс сатып алушыларды одан әрі қызықтырады, ал тауардың шектеулі саны оның өте жылдам өтіп кетуіне әкеледі.

2017 жыл. Жарты акциясын сату

2017 жылдың қазанында Supreme бренді жеке Carlyle Group акционерлік компаниясымен келісімге отырып, оған өзінің жарты акциясын 500 миллион долларға сатты. Содан соң компанияның толық бағасы белгілі болды: ашылған кезінде 12 мың долларды қажет еткен көше бренді қазір миллиард долларға бағаланады.

Джеймс Джеббиа 2018 жылы АҚШ-тағы сән индустриясының басты CFDA Awards 2018 премиясында "Жылдың үздік дизайнері" атағын алды.

А. Жапатова