Тренд: tie-dye принті

Тренд: tie-dye принті
Фото: vk.com

Осы маусымда сән апталығы подиумдарында да, көше сәнқойларының үстінен де  tie-dye принтті киімдер түспеді.

Киімді бұлай әрлеу 1970-ші жылдары хиппи мәдениетімен қатар басталды. Өздерін "Гүл балалары" атаған сол заманның жастары бейбіт өмір символы ретінде кемпірқосақ түстерінің қоспасымен боялған жейделер киген болатын. 

Қоғамның жанға жақпайтын ережелері мен талаптарынан шаршаған жастар 1960-шы жылдары топ құра бастады. Олар Сан-Францискодағы Гейт-Эшбериде бірігіп  Human Be-In Rallies саяси қозғалысын ұйымдастырды. Әсіресе, олар Вьетнамдағы соғысқа қарсы болды. Олар жүрек қалауын қан төгіс, көтеріліспен емес, бейбіт жолмен жеткізді.  Сол қарсылықты көрсетудің бір жолы киім үлгісі еді.

Хиппилер шаштарын гүлдермен сәндеді, киімдеріне гүл принттерін салды. Гүл  олар үшін еркіндік пен махаббаттың символы іспеттес еді.  Мұндай ойға оларды Герберт Уэллстің  "Уақыт машинасы" романының сол кездегі экранизациясы итермелеген болатын.  Гүлді қаруға да қадап қоятын. 1967-нің жазындағы хит әнде: "Сан-Францискоға жиналсаң, гүл тағып бар шашыңа",-деген сөздер бар.

Олардың стилінің негізгі философиясы  – DIY (Do-It-Yourself, яғни "Өзің жасап ал"). Киімге жаңа шығармашылық стиль берудің бір амалы оларды түрлі-түсті бояуға салып қайнату болды. Осылайша атақты tie-dye эффекті кең қолданыла бастады. 

Қазір Милан, Париж, Нью-Йорк пен Лондон көшелерінде осы дәстүр қайта жаңғырды. Сәнқой бикештер tie-dye футболкалар мен свитшоттар, пиджактар мен деним, жібек белдемшелер мен бермудтар киіп жүр. 

А. Оралқызы