Jacquemus – 10: Прованстағы поэтикалық кездесу

Jacquemus – 10: Прованстағы поэтикалық кездесу
Фото: Vogue

Сән інжілін бірнеше онжылдық бойы басқарып келген Анна Винтур high fashion туындыларын өнер деп мойындату үшін көп күш салады. Ел дүрліге күтетін Met Gala да сол мақсатта ұйымдастырыла бастаған еді.

Ал, сәннің хас өнер екенін әдемі өлеңге пара-пар әр туындысымен дәлелдеп жүрген бір жас жігіттің есімі бұрын аталмай келген. Өнер бағалаушылары оған енді ғана зейін сала бастады. Ол Симон Порт Жакмю.

Мұң түсті көздерімен фотосуреттен-ақ жаныңды баурап алатын жігіттің 10-жылдық көрсетілімі де өзге топтамалары секілді поэтикалық сарында өтті. Брамежан ауылының сыртындағы лаванда алаңында  ұйымдастырылған "жыр кеші"  таңға дейін жалғасты.

Көрсетілімде ұсынылған киімдердің басым бөлігінде кең иықты келетін 2020 жылдың негізгі трендіне аса мән берілген. Сән бикештері иығы кең жейде мен қалыпсыз шалбар кигенмен, дизайнердің көрегендігінің арқасында әйелдік қасиетін жоғалтпай, ер адамның үлгісіндегі киімнің өзінде де тым нәзік көрінеді.

Сонымен қатар, кең жиекті бержер қалпақтары мен пончо секілді көйлектер оңтүстік Франция жерін еске түсіреді. Туып-өскен мекенінің ерекшеліктерінен шабыт алу негізінде пайда болған керемет киім үлгілерінің авторы өз жұмысы туралы былай дейді: “Мен поэзия сатамын. Бұл жай дүкендерде сатылатын қарапайым киім емес”.

Жалпы, Жакмюдің бұл әлемге деген қызығушылығы 90-шы жылдары теледидардан Жан Поль Готьені көруінен басталған. Содан ол мектеп бітірген соң 18 жасында сән бағыты бойынша оқуға түседі.

Бірақ, Симон Порт оқып жүрген кезде анасы өмірден өтіп, оқуын тастап кетеді. “Анам қайтыс болған соң мен оқуға уақыт жоғалтпай, бала кезден армандаған ісіме дереу кірісуім керек деп шештім. Алғашқы топтамамды ғаламторға салған едім, оған кенет көңіл бөлініп, ұнатқандар тым көп болды”, - дейді ол.

Минимализмге құштар кутурье өзіндік ерекшелігімен танылып келеді. Ол "қарапайым болу" әкесінің берген ең маңызды кеңесі екенін айтады.

А. Оралқызы