Теңіз жағалауына арналған 3 жұпар

Теңіз жағалауына арналған 3 жұпар
Фото: vk.com

Жаз келіп, көпшілік теңіз жағалауын аңсай бастады. Еңбек демалысына жеткенше асық. Көптен жоспарлаған саяхат, сапарлар да чемодан жинауға шақырып тұр.

Осы мезгілдің ерекшелігіне сай Chanel компаниясы жаңа коллекциясына теңіз жағалауында себуге ыңғайлы әтірлер топтамасын қосты. Les Eaux de Chanel аталатын жұпар: Paris – Deauville, Paris – Biarritz және Paris – Venise деген 3 құтыдан құралған. Довиль, Биарриц және Венеция сынды теңіз жағалауындағы қалалар өз кезінде Коко Шанельдің шабыт көзіндей болған.

Парфюмер Оливье Польж жасап шығарған композициялар демалыс кезінде пайдалануға таптырмас құрамымен ерекшеленеді. Өйткені, әр иіссуда жаздың ыстық аптабында бой сергітетін цитрус ноталары басым.

Мысалы, Paris – Deauville әтірінде базилик пен Сицилия апельсинінің аккорды сезіледі. Бұл 1913 жылы Габриэль Шанель алғашқы дүкенін ашқан Нормандия жағалауының атмосферасын береді.

Paris – Biarritz иіссуынан мұхит энергиясы еседі. Шанель жақсы көрген Биарриц курортын еске салатын әтірде інжір гүлі мен Сицилия мандаринінің ноталары бар.  

Paris – Venise аты айтып тұрғандай Шығыс пен Батысты тоғыстырған Венецияға арналады. Осы контраст ащы флердоранж майы мен тәтті ваниль арқылы берілген.

А. Оралқызы