Тренд: ерекше шұлықтар

Тренд: ерекше шұлықтар
Фото: vk.com

Басы ашық аяқ киіммен шұлық кию талғамсыздықтың белгісі деп есептейсіз бе? Енді ондай ойдан аулақ болыңыз.

Стильдің жоқтығының өзін стильге баланып жатқан заманда бұл тіпті трендке айналып үлгерген. Жоғары Сән апталықтарының ажырамас бөлігіне болғалы қашан?! Принттісі керек пе, моншақтысы керек пе... Тіпті, алтын жалатылғандары да бар. 

"Бұл Gucci сән үйінің инициативасымен сәнге айналған құбылыс. Осыдан екі жыл бұрын аталған сән үйінің топтамаларында шұлық жоқ болатын. Кейін дизайнерлер оның көзәйнек секілді өте ұтымды тауар екенін білді және сол жолда еңбектенді", - дейді MatchesFashion.com онлайн-ретейлерінің өкілі Челсия Павер.

Ерекше дизайнерлік шұлықтар тез өтіп кетеді. Оны миллениалдар (1981 жылдан кейін туылған ұрпақ, жас кезеңі жаңа мыңжылдықтағы цифрлық технологиялардың жаппай пайдаланылуымен сәйкес келген адамдар) тонналап ала береді. Себебі, тренд. Мысалы, Gucci компаниясының Swarovski тастарымен көмкерілген шұлықтары $ 1000 шамасында тұратыны оларды тоқтатпайды. Off-White пен Gosha Rubchinskiy бұрын тек спортзалда киілген ұзын қонышты шұлықтарды нағыз суперхит дәрежесіне көтерді. Кейін сәнді түрлері Thom Browne, Vetements, Loewe, Fendi, Chanel, Dior және басқа да брендтер топтамаларының көрсетілімдерінде пайда болды.

Сән әлеміне жақын адамдар бұрын тек классикалық киімдермен ғана баруға болатын жерлер мен шаралардың бәріне жаппай спорттық үлгідегі костюмдер киюдің тез арада қалыпты жағдайға айналғанын әлдеқашан байқаған. Ал, шұлық міндетті түрде ерекшелеуші аксессуар іспетті қолданылатын болды. Тіпті, классикамен де.

А. Оралқызы