Мандарин иісті әтірлер

Мандарин иісті әтірлер
Фото: vk.com

Их зеленые листья приветствуют росу,
Их красная кожура ждет весны.
Положи мандарины на нефритовое блюдо,
И спадут не только их золотые одежды»
Шэнь Юэ

Мандарин (цитрус) иісті әтірлерге тоқталмас бұрын, бұл жемістің мәдениеттегі ерекшеліктеріне тоқтала өтейік. Бұл білім таным көкжиегін кеңейтпесе, зияны тимесі анық. 

Сонымен, ұлы француз жазушысы Стендальдың «Ең керемет қала екеніне ешкім күмән келтірмейтін Париждің өзінде апельсин ағаштары мүлдем өспейді, ал Соррентода олар емін еркін гүлдейді» - деп өкінішпен жазғаны бар. Италияда цитрус теректері табиғи жолмен өсетіні шындық. Стендаль шығармаларынан цитрус жемістері көктем, жылылық, нұрдың символикасы ретінде танылғанын көреміз. Ал, оған дейін апельсин не мандарин Еуропа мәдениетінде тұрақты бір түсініктің баламасы, яғни, бір дүниенің белгісі ретінде қабылданбаған. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, олар алғаш рет 1339 жылы ғана салық тізімдемесінде көрсетілген екен. Онда жемістерді шалғай мекендерден оралған саяхатшы сый ретінде алып келгені айтылған.

Десе де, өнер сарапшылары италиялық Медичи әулетінің таңбасында бейнеленген жемістің апельсинге ұқсайтынын алға тартады. Бұл әулет сізге тансық болса, біраз ақпарат бере кетейік. Жалпы, Медичи әулеті Ренессанс дәуірінің мәдени орталықтарының бірі Флоренцияны басқарған. Осыған орай әулет өкілдері көптеген өнер туындыларының пайда болуына әсер еткені анық. Олар суретшілер, сәулетшілер сынды  өзге де талант иелеріне көмектесіп отырды. Көптеген шедеврлердің мекені болған Уффици Галереясы да XVIII ғасырға дейін осы Медичи әулетіне тиесілі болды. Әулеттің осынша құнды жеке иелігін басқарушы топтың соңғы өкілі Анна Мария Луиза қалаға сыйға тартқаннан бері ол үкімет меншігіне өтті.

Ал, ұлы қылқалам шебері Боттичеллидің теңдессіз «Көктем» туындысындағы жемістер де осы цитрус өсімдігі деген пайым да жоқ емес. Оны Медичилердің бірі арнайы тапсырыспен салғызған болуы керек деген бағыттағы қызықты пікірлер де айтылып жүр.

Еуропада бұл жемістер бертін келе белгілі болса, олардың мекені саналатын Қытайда IV ғасырлық монографиялардың өзінде анық жазылған болып шықты.

Сонымен, жалпылама ақпарат жеткілікті болса, негізгі тақырыбымызға ауысайық.

Mandarino di Amalfi, Tom Ford 

Калис Беккердің парфюмериялық туындысы мандарин туралы фильм көрсеткендей әсер қалдырады. Алғашқы ноталар жарқыраған цитрустық жұпардан бастау алады. Одан кейін баяу ғана  жасыл шөп пен мия иісіне ауысады. Одан әрі кезек апельсин гүлінің нәзік реңктеріне келеді. Уақыт өте келе лимон, бұрыш, базилик, ветивер, розмарин сынды әр түрлі иістер пайда болады. Осы себепті бұл мандаринді жұпар Жерорта теңізі пейзажына еліте алып кетеді.  

Green Mandarin, Acca Kappa

Acca Kappа туындысы жалбыз, ащы цитрусты шөптер, клевер және эвкалипт қосындысын бір құтыға құйғандай хош иісімен естен тандырады. Бір кереметі, Green Mandarin әтірі аяз әсерінен бұрынғыдан бетер күшейе, құлпыра түседі. Нағыз ментолдай сергітеді.

Lime Basil & Mandarin, Jo Malone London

Қазіргі таңда көбейіп кеткен базилик пен мандарин қосындысынан жасалған әтірлер өз бастауын осы Lime Basil & Mandarin жұпарынан алады. Шыны керек, кез келген дүниенің түпнұсқасы қандай сапалы болса, бұл да дәл сондай қасиетке ие.

Cuir Mandarine, David Jourquin

Ащы шөпті пачуоли темекісі, мандарин және лаванда қосындысы – осы әтірдің негізі. Ол аязға соншалық төзімді емес, ал жазда салқын балғындығымен сізді баурап алады.

Itineris, Onyrico

Itineris әтірі белгілі жиһанкез Марко Полоға арналған. Ол мандаринді алғаш рет Қытайға жасаған сапарында көреді, бұл оқиға зерттеушінің «Әр алуан әлем туралы кітап» атты жинағында сипатталған. Itineris сөзін латын тілінен аударғанда «саяхат» деген мағына береді. 

А. Оралқызы