Тенденция: вестерн стилі

Тенденция: вестерн стилі
Фото: vk.com

Вестерн стиліндегі киімдер бұл бағыттағы кез келген өнер туындысына қарағанда әлдеқайда жиі тенденцияға айналады. Тіпті, ол трендтен шықпайтын да сияқты. Бәлкім, оның себебі вестерн стилінің ажырамас бөлігі саналатын джинс материалында шығар.

Қалай болғанда да, бұл бағытты ұнататын сәнқой бикештер вестерн стиліндегі киімдерді үйлестіру идеясын кинокартиналардан алады.

Ондай фильмдер оқиғалары көп жағдайда XIX ғасырдың екінші жартысында Жабайы Батыста, яғни, қазіргі АҚШ-тың батыс штаттарында, Батыс Канада мен Мексика жерінде орын алады.

Алғашында әдеби жанр ретінде пайда болған вестерн кинематография саласында тұтас бір дәуірді қамтыды. Ал, Клинт Иствуд, Джон Уэйн мен Гэри Купер сомдаған кейіпкерлер нағыз классикаға айналды.

Көпшіліктің сүйікті режиссері, айрықша дарын иесі Тарантино осы жанрда жұмыс істегенді ұнатады. Оның соңғы екі фильмі вестерн бағытының барлық талаптарына сай келеді.

Өткен жылы америкалық HBO көрермен қошеметіне бөленген Westworld ("Жабайы Батыс әлемі") сериалы шықты. Алдағы уақытта осы сериал тақырыбына сай америкалық аттракциондар желісі ашылып, адамдар шынайы өмірде өздерін нағыз ковбой мен оның құрбысы сияқты сезіне алатын болады.

Бұл мәдениет әлдеқашан романтикаға толы жанрға айналып үлгерген. Кинематография, кескіндеме, музыка және басқа да өнер салалары оған қайта-қайта оралады. Олардың қатарында сән әлемі де бар. Биылғы күздің басты тренді осы вестерн стиліндегі киімдер болып отыр.

Батыс мәдениетінен шабыт алушылар қатарынан аты аңызға айналған сән үйлерінің дизайнері де табылды. Биылғы топтамалар осы стилистикадан тұрады.

Дизайнерлер Жабайы Батыс мәдениетіне тән барша кереметті бір топтамаға жиған секілді көрінеді. Сән бикештері құдды родео десе, ішкен асын жерге қоятын ковбойлардың құрбыларындай. Үстеріне киген ұзын бохо-көйлектер мен қыпша белін ораған былғары белдіктер, джинс шалбарлар мен жеңіл жейделер, прериялардың кешкі суығынан құтқаратын тоқыма пончолар мен атқа мінуге арналған комбинезондар, бәрі-бәрі өздеріне үйлесіп-ақ тұр.

Осының барлығы әр сән үйінің өзіндік ерекше ноталарымен әрленген. Мысалы, "Бар" аталатын классикалық Диор жакеті ұзын белдемшелермен ұтымды үйлестірілген.

Сәнгерлердің америкалық жергілікті тұрғындардың дәстүрлі киім үлгісі мен богемалық сән-салтанатынан жасаған фьюжн топтамасы көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Үнемі сәнді көрінуді қалайтын сәнқой бикештер аталған стильдегі киімдер ала берсе қателеспейді. 

А. Оралқызы