Күзгі тренд: Вестерн

Күзгі тренд: Вестерн
Фото: vk.com

Прериялар, атыс-шабыс, адами құндылықтар, намыс пен махаббат...

Әдетте, вестерн стиліндегі фильмдер осындай тақырып шеңберінде құрылады. Оқиға XIX ғасырдың екінші жартысында Жабайы Батыста, яғни, қазіргі АҚШ-тың батыс штаттарында, Батыс Канада мен Мексика жерінде орын алады.

Алғашында әдеби жанр ретінде пайда болған вестерн кинематография саласында тұтас бір дәуірді қамтыды. Ал, Клинт Иствуд, Джон Уэйн мен Гэри Купер сомдаған кейіпкерлер нағыз классикаға айналды. Көпшіліктің сүйікті режиссері, айрықша дарын иесі Тарантино осы жанрда жұмыс істегенді ұнатады. Оның соңғы екі фильмі вестерн бағытының барлық талаптарына сай келеді.

2016 жылы америкалық HBO көрермен қошеметіне бөленген Westworld ("Жабайы Батыс әлемі") сериалы шықты. Алдағы уақытта осы сериал тақырыбына сай америкалық аттракциондар желісі ашылып, адамдар шынайы өмірде өздерін нағыз ковбой мен оның құрбысы сияқты сезіне алатын болады.

Жабайы Батыс, ковбойлардың құрбылары мен родео... Бұл мәдениет әлдеқашан романтикаға толы жанрға айналып үлгерген.

Кинематография, кескіндеме, музыка және басқа да өнер салалары оған қайта-қайта оралады. Олардың қатарында сән әлемі де бар. Биылғы күздің басты тренді осы вестерн стиліндегі киімдер болмақ.

Батыс мәдениетінен шабыт алушылар қатарынан аты аңызға айналған Dior сән үйінің жаңа дизайнері Мария Грация Кьюри де табылды. Оның аталған компания үшін жасаған алғашқы круизді топтамасы да тұтастай осы стилистикадан тұрады.

Кезекті көрсетілім Калифорния штатының оңтүстік-батысындағы Калабасас қаласында өткен еді. Киімдерді көрмес бұрын, локацияның өзі нағыз дәстүрлі америкалық атмосфераға енгізіп жібереді. Арнайы алаңда қонақтар үшін шатырлар тігіліп, жерге шөп төселген. Аспанды алқызыл түске бояп батқанның күннің фонында көрсетілген жаңа топтама көрерменді вестерндік романтикамен баурап алды.

Дизайнер Жабайы Батыс мәдениетіне тән барша кереметті бір топтамаға жиған секілді көрінеді. Сән бикештері құдды родео десе, ішкен асын жерге қоятын ковбойлардың құрбыларындай. Үстеріне киген ұзын бохо-көйлектер мен қыпша белін ораған былғары белдіктер, джинс шалбарлар мен жеңіл жейделер, прериялардың кешкі суығынан құтқаратын тоқыма пончолар мен атқа мінуге арналған комбинезондар, бәрі-бәрі өздеріне үйлесіп-ақ тұр. Осының барлығы атақты Dior сән үйінің өзіндік ерекше ноталарымен әрленген. Мысалы, "Бар" аталатын классикалық Диор жакеті ұзын белдемшелермен ұтымды үйлестірілген. Кьюри ханымның америкалық жергілікті тұрғындардың дәстүрлі киім үлгісі мен богемалық сән-салтанатынан жасаған фьюжн топтамасы көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Үнемі сәнді көрінуді қалайтын сәнқой бикештер қазірдің өзінде аталған стильдегі киімдер ала берсе қателеспейді.

А. Оралқызы