Макияж жасаудағы 20 қателік

Макияж жасаудағы 20 қателік
Фото: http://top-antropos.com

Бұл қателіктерді біз басқа аралдарда тұратын қыз-келіншектерден емес, күнделікті қасымызда жүретін әріптес қыздар, сылқым сіңілдеріміз, өзін сұлу санайтын құрбымыздың макияжынан байқадық. Арасында сіз де болып жүрмеңіз…

1. Дайын емес теріге декоративті косметика жағу

Кейбір қыз-келіншектер макияждың алдында ылғалдандырушы базаны жағудың қажеті жоқ деп ойлайды. Бірақ тоналды крем құрғақ терінің жарылған жерлерін көрсетіп тұрады, ал майлы бет одан жылтырап тұрады. Бәрін басынан-ақ құртып алмау үшін алдымен бет терісін дайындаңыз.

2. Косметиканы тым көп пайдалану

Кейбір әйелдер көбірек әрленсем әдемі болып көрінемін деп қателесіп жатады. Шын мәнінде баттасқан макияж тартымды емес, тұрпайы етіп көрсетеді. Қазіргі сән — табиғилық. Соңғы трендтердің бірі − «макияжсыз макияж» әсері.

3. Бет теріне сәйкес келмейтін тоналды негіз

«Күнге қарайған» сұлудың құлақтары, мойны мен кеудесінің ақшыл болғанынан сорақы ештеңе жоқ. Бұдан тек «аққұба» өңді қыздың қара мойынды болуы асып түсер. Мұндайлар көпшілік арасында бірден көзге түседі. Ең дұрыс тоналды негізді таңдап алу үшін сатылатын үлгіні табиғи жарық жағдайында иегіңізге жағып көріңіз.

4. Бояуды ұқыпсыз жағу

Қалай-болса солай жағылса, дұрыс таңдалған тон да бекер іс болады. Тоналды кремді тегіс жағу үшін арнайы бояу жаққышты немесе спонжды пайдаланыңыз. Сол сияқты тым айқын графикалық жағылған қабақ бояулары де өңіңізге әр бермей, керісінше жасыңызды үлкейтіп көрсетеді. Макияждағы линиялар жұмсақ көрініп, жоғары қарай жүргізілуі керек, ал қолданылған түстер өзара үйлесіп тұруы керек.

5. Тым ашық түсті консилерді қолдану

Консилердің көмегімен безеуді не көз астындағы сызықтарды жасыруға болады. Алайда кейбір бикештер тым ашық не тым қою түсті консилер жағып алады. Нәтижесінде жасырамын деген кемшіліктер менмұндалап тұрады. Консилер тері түсімен бірдей не жарты реңге ашық болуы керек. Консилерлер әр түрлі болады: шабдалы реңді консилерді көздің астына жағу керек, ал жасыл түстісімен безеудің үстін бояйды.

6. Асыра мүсіндеу

Мүсіндеу − бет пішінінің кемшіліктерді жасырып, оны түзетуге арналған әдіс. Бұл техника тым күрделі және ол екінің бірінің қолынан келмейді. Әдетте жіберілетін қателер: жараспайтын реңді қолдану, дұрыс емес жағу. Рельефті келбет суреттер мен бейнежазбаларда әдемі көрінеді, бірақ күнделікті өмірде бұл тәсілді жиі пайдалана бермеу керек

7. Кескіндеме (скульптор) орнына бронзерді қолдану

Бронзер хайлайтер сияқты беттің шығыңқы бөліктеріне жағылып, күнге қарайған теріні ерекшелеп көрсетуге арналған. Жирен реңді бронзерді бет пішінін дұрыстау үшін пайдалануға болмайды! Бұл үшін кескіндемебар. Әдетте оның реңі сұрғылт-күңгірт жасыл болады (бояу түстері) және ол жақ сүйегіне, иекке және шаштың өсу линияларына жағу үшін арналған.

8. Далапты шектен тыс жағу

Далапты (румяна) неғұрлым көп жақса, соғұрлым жас көрінемін деу − қателік. Оны дұрыс пайдалану үшін алдымен жымиып, румянаны беттің томпақ бөлігінің үстіңгі жағынан бастап самайға дейін жағып шығыңыз.

9. Опаны бетке түгел жағу

Опа макияжды «бекіту» үшін жағылады. Оны Т-зонаға жағу керек: маңдайға, мұрынға және иекке. Көпшілік қыздар опаны бетке түгел жағып алып, фарфор қуыршаққа ұқсап кетеді. Опа сонымен қатар бетті құрғатып, әжімдеріңіз болса көрсетіп тұрады. Сондықтан отыздан соң опаны одан да азайтқан жөн.

10. Қасты қара қарындашпен бояу

Қасты бояу сәні жылдам өзгеріп тұрады, дегенмен оны қарындашпен бояу қай кезде де жақсы болмаған. Визажистер қасты бояу үшін қарындаштың орнына қабақ бояуларын не арнайы тинттерді қолдануға кеңес береді. Ал қарындашты ғана пайдаланам десеңіз, ол қастың табиғи түсінен бір реңге ашығырақ болуы керек.

11. Қабаққа бояуды түгел жағу

Кейбір әйелдер сексенінші жылдардың сәнін ұмыта алмай, әлі күнге дейін қабақты кірпіктен бастап қасқа дейін бояйды. Қазіргі заманғы макияж ережесі бойынша түсті бояулар тек қабақтың қозғалмалы бөлігіне жағылады. Ал қастың астындағы қозғалмайтын бөлікке хайлайтер қолданылуы керек.

12. Көз түсімен түсімен бірдей қабақ бояуы

Көз бен қабақ бояуының түсі бірдей болмауы керек. Қоңыр көздерге көк және күлгін түсті, көгілдір көздерге қою күлгін, коңыр күрең түсті, ал жасыл көздерге күрең және қою қызғылт түсті бояулар жарасады.

13. Жылтыры көп бояуларды қолдану

Жылтыр бояулар тек кештер мен мерекелік жиындар үшін ғана орынды. Күнделікті кеңседегі жұмыс үшін макияж байсалды реңдерден құралуы керек.

14. Қара «құрсаудағы» көздер

Дұрыс жағылған сүрме көзді ашып, оны әдемі етіп көрсетеді. Кейбір бойжеткендер сүрмені көздің бүкіл контурына жағады, бұл дұрыс емес. Көздің төменгі шырышты бөлігін қара лайнермен бояу оны кішірейтіп көрсетеді. Егер бұл жерді бояғыңыз келсе, тек көздің сыртқы бұрышындағы кірпектер арасын ғана сызып шығыңыз.

15. Кірпіктің түбін боямау

Былай қарағанда, болмашы нәрсе көрінгенімен, бұл жалпы бейнеңізді бұзуы мүмкін. Кірпіктің түбі боялмаса, тепе-теңдік сақталмай, жарасымсыз болып тұрады. Мұның алдын алу үшін кірпіктің түбіне лайнерді немесе қою түсті қабақ бояуын жағыңыз.

16. Ұқыпсызсызықтар

Қабаққа тым ұзын сызық бояу карикатуралық келбет беретінін ұмытпаңыз. Түнгі клуб емес, жұмысқа баратын болсаңыз, сызықты ұқыпты етіп жағыңыз.

17. Сүрмені тым көп жағу

Ұзын әрі қалың кірпіктер – әр әйелдің арманы. Бояу үсті-үстінен жағылса, кірпіктер бір-біріне жабысып қалады. Мұның үстіне сүрме кепкеннен үгіліп түсе бастайды. Сондай-ақ ұқыпсыз жапсырылған жасанды кірпіктер де әдемі көрінбейді.

18. Ерінге арналған сызық пен далаптың үйлеспеуі

Ерінге арналған қарындаш ерін пішінін ерекшелеп, далапты бекітуге арналған. Бірақ ол міндетті түрде далап реңімен сәйкес келуі керек.

19. Ерінге арналған жылтырдың жайылып кетуі

Стилистердің айтуынша ерінге арналған жылтыр 2004 жылдан кейін сәннен қалып қойған. Қазір ол тек ерінге көлем беру үшін аздаған мөлшерде қолданылады. Ерніңізді үлкейтіп көрсету үшін еріннің тура орта тұсына аздап жағыңыз.

20. Құрғақ ерінге күңгірт далап жағу

Күңгірт далаптар керісінше қазір трендте. Бірақ оны теп-тегіс ерінге жағу керек. Ерінге арналған скрабпен терінің өлі қабатын сыдырып тастағаннан кейін ғана күңгірт далап жағыңыз. Әйтпесе күңгірт далаптың ар жағынан құрғаған ерін қабаттары жалбырап тұруы мүмкін.

 

Дәйеккөз:arular.kz

Т. Есқали