Adidas Американың 50 штаты бейнеленген кроссовкалар шығарды

Adidas Американың 50 штаты бейнеленген кроссовкалар шығарды
Фото: vk.com

Спорттық өнімдер шығаратын компаниялардың ішіндегі ең алып империя Adidas пен Refinery29 сайты бірлесе отырып Boost the Nation жобасын іске қосты. Олар 10 суретші әйелге Американың 50 штатын бейнелейтін кроссовка үлгісін жасауға ұсыныс тастаған. Оған негіз ретінде Ultra Boost X моделі алыныпты.

Жаңа үлгідегі кроссовкалардың әрқайсысы белгілі бір штаттың ландшафы, мәдениеті мен ерекшеліктерінен сыр шертеді. Айрықша аяқ киім модельдерін жасау барысында суретшілер акрил бояуларын, моншақтар, жіптер, жасанды гүлдер, топырақ пен балшық пайдаланған.

"Әр штатта аса маңызды және өзгелерінде кездеспейтін дүниелер бар. Оларды сол ерекшеліктер үшін бөлек-бөлек әлем ретінде қарастырумен қатар, тұтас бір жаратылыс ретінде де құрметтеу керек",– дейді жобаға қатысушы Лиззи Дарден. Ол кроссовкаларда Мэн штатын бейнелеу үшін сол мекенге тән басты ерекшелік – лобстер аулау шаруашылығын көрсеткен. Джен Муссари болса, Нью-Джерси штатының пиццасын сары былғары мата арқылы бейнелеген.

Суретте көрсетілген кроссовкаларды Adidas сайтында арнайы өткізілетін онлайн-бәссаудада алуға болады. Түскен қаржы Women Win аталатын гендерлік теңдік жолында еңбек етіп келе жатқан жобы қорына өткізіледі.

А. Оралқызы