Париждегі сән мұражайында Шанель атындағы зал ашылады

Париждегі сән мұражайында Шанель атындағы зал ашылады
Фото: vk.com

Париждік Гальера (Palais Galliera) мұражайында  2019 жылы алғашқы тұрақты экспозиция ашылады деп жоспарланып отыр. Француз сән әлемінің мақтанышы, Chanel сән үйінің негізін қалаушы Габриэль Шанель атындағы көрме мұражайдың бірінші қабатында, ауданы 700 кв метр залда орналасады.

Жаңа экспозицияда көрермен назарына костюмдер мен аксессуарлар ұсынылады. Бастаманың қаржылай қолдаушысы — Chanel сән үйі. Компания осы мақсатта мұражайға 5,7 миллион евро қаржы бөліп үлгерген.

«Chanel компаниясы сән астанасын қолдауға әрқашан да дайын. Әсіресе, Гальера мұражайында француз сән әлемінің жарқын өкілі Коко Шанельге арналған залдың ашылуы – маңызды қадам. Осылайша адамдар сән тарихына оралуға мүмкіндік алады», — деді компания президенті Бруно Павловски.

А. Оралқызы