Тренд: Диско стиліндегі көзілдірік

Тренд: Диско стиліндегі көзілдірік
Фото: vk.com

Жаз келер-келместен тұрғындар әдемі көзін күннен қорғаймыз деп көзәйнек киіп алады.

Олардың бет формасына қонымдысын таңдап алуының өзі – бөлек әңгіме. Мінсіз көзәйнек таңдау үшін сәнқой қыздар мен жігіттер осы жаздың трендтерін анықтайды, кейін сол үлгілердің ішінен өзіне үйлесетін қалыптағы біреуін таңдайды.

Биыл да әдеттегідей көзәйнектің неше түрлі нұсқалары сәнге айналған. Бұрын жарияланған материалдардың бірінде оларға тоқталып өткен болатынбыз. Мысалы, 2017 жылдың жазына арналған сән көрсетілімдерінде «Матрица» фильміндегі а-ля Тринити және «Бригада» сериалындағы басты кейіпкер Саша Белый стиліндегі көзәйнектер Balenciaga, Emilio Pucci мен Courrèges топтамаларынан бой көрсетсе, осы стильге қарама-қарсы, яғни, беттің жартысын алып тұратын үлкен көзілдіріктер Miu Miu мен Gucci топтамасына енді.

Бұл нұсқалар көктемнің өзінде кең қолданысқа ие болса, жақын арада жаңа үлгідегі көзілдірік сәнге енді. Ол – Disco Style Sunglasses.

Қазіргі заман жастары үшін әлдеқашан архаизмге айналып үлгерген "дискотека" ұғымы 1970-жылдардың ортасында пайда болды. Диско – жастардың бірге көңіл көтеруі үшін ұйымдастырылатын шара. Ол кездің жігіттері мен қыздары Bee Gees, Arabesque, Boney M секілді поп-музыканттар әндеріне билеп, сүйікті әртістері сияқты киінуге тырысатын. 

Қоңырау формалы джинс шалбар (джинсы клеш), қара жейде мен ақ костюм (ұлдар), люрексті комбинезондар мен биік өкшелі жылтыр аяқ киімдер (қыздар). Диско стилінің негізгі атрибуттары осылар еді. Осындай сәнді образ толыққанды болуы үшін жастар міндетті түрде жиегі әдемі безендірілген көзәйнектер киетін. Биыл сол диско стиліндегі көзәйнектер сәнге қайта еніп отыр. Дизайнерлердің көктем/жаз — 2017 жаңа топтамаларының барлығында Disco Style Sunglasses негізгі аксессуар болды.

А. Оралқызы