Vogue Italia: Мұндай ерекше мұқаба бұрын-соңды ешбір журналда жарияланбаған

Vogue Italia: Мұндай ерекше мұқаба бұрын-соңды ешбір журналда жарияланбаған
Фото: vk.com

Vogue Italia журналының наурыз айындағы санының мұқабасында америкалық Лулу есімді модельдің суреті орналастырылған. Оның үстінде Armani сән үйінің көктемгі және жазғы маусымға арналған жаңа топтама. Фотосуретті Нью-Йорк қаласындағы ең беделді сән фотографтарының бірі Стивен Мейзел түсірген. Ол бірнеше жыл бойы Harper's Bazaar, Vanity Fair және W Magazine сынды үздік редакциялар ұжымында еңбек еткен.

Жаңа нөмірдің мұқабасы онлайн дүкеннің скриншот суреті іспетті ойластырылған. Ал, модель болса, басқа сән журналдарындағыдай емес, манекен іспетті. Ол жай ғана киімді жарнамалап тұр. Мұндай ерекше мұқаба бұрын-соңды ешқандай журналда жарияланбаған. Сірә, ер адамның басқаруы редакция жұмысына жаңа леп алып келсе керек.

Естеріңізге сала кетейік, Vogue Italia журналының теңдессіз редакторы Франка Соццани өмірден өткеннен кейін орнына Эмануэле Фарнети есімді ер адам тағайындалған болатын. Оған үміт артушылар аз болмады. Себебі, бұрын сән журналын басқарған ер адамдар көп болмағанымен, олар бірегей тұлға ретінде сән әлемінің жаршысына айналды. Мысалы, париждік Vogue журналын 25 жыл бойы Мишель де Брюнхофф басқарды. Ол ғасырдың ең танымал тұлғаларының бірі болатын. Белгілі кутурье Кристиан Диормен дос болып, Ив Сен Лоранның жолын ашқан да – осы адам. Қазіргі редакторлар ішінен тайландтық Vogue журналын ғана Куллавит Лаосуксри есімді ер адам басқарады.

Ер адам басқаратын сән журналы қатарына енді қосылған Vogue Italia басылымы да Фарнети бастауымен өзіндік ерекшелігін жаңа қырынан қалыптастырып келеді. 

А. Оралқызы