Студенттік сән дегеніміз не?

Студенттік сән дегеніміз не?
Фото: amur.kz

Мектепті аяқтаған түлектер өздерін еркін әрі ересек сезінеді. Олар өз ерекшелігімен көзге түскісі келеді, соның ішіне киіну стилі де кіреді. Сонымен, студенттік сән дегеніміз не?

Орта және жоғары оқу орындарына түскен түлектер жаңа киімдер алуға ерекше мән береді. Студенттік сән әркім үшін жеке болып келеді. Әрине, бірінші кезекте оқытушы үшін болашақ маманның ақыл-ойы мен кәсіби мүмкіндіктері маңызды, алайда олар студенттің сыртқы келбеті ұқыпты болуына да мән береді. Себебі таза киінген студент әрқашан жағымды әсер қалдырады. Студенттік сән көп қаражат жұмсауды талап етпейді. Бастысы, студент гардеробындағы киімдер бір-бірімен жақсы үйлесіп, бір-бірінің орнын ауыстыра алса болғаны. Талғам мен студенттік сән үйлеспейтін түсінік. Көптеген студенттер топ ішінен ерекшелену үшін өте ашық киімдер киіп (кей бойжеткендер өте қысқа киім киіп), өздеріне негативті қатынас тудырады. Макияж бен шаш үлгісі де маңызды рөл атқарады, олар салмақты болғаны жөн.

Мына кеңестерге құлақ түріңіз:

– Сабаққа өте ашық макияжбен бармаған жөн;
– Киім жағдайға сәйкес болғаны жақсы. Киім үлгісіндегі жылтыр детальдардан бас тартып та қымбат әрі сәнді көрінуге болады;
– Әрқашан өзіңізге күтім жасауды ұмытпаңыз. Мысалы, жуылмаған шаш пен лас аяқ киім сізді бірден тартымсыз етеді.
– Барлық адамда бірдей туа біткен талғам бола бермейді. Алайда өзіңізбен жұмыс істеп, талғамды дамыту керек. Сән туралы мағлұматтар оқып, өзіңізге керегін түртіп жүріңіз.

Қазір кез келген дүкеннен соңғы сәнді тенденцияға сай, жастарға арналған киімдер табуға болады. Классикалық стильге ескі пішінді әрі күңгірт түсті киімдер ғана кіреді деп ойламаңыз. Киім үлгісі қатаң, ал түстік гаммасы түрлілігімен айқындалса болады. Мысалы, пенжакты түсті әрі ерекше жейдемен үйлестіріңіз. Бірінші курста өкшелі туфлилерден гөрі ыңғайлы әрі қарапайым окфордтарға жол беріңіз. Гардеробыңызда іскерлік стильде кемінде бір киім үлгісі болуы қажет.

Көптеген жоғары оқу орындарында қатаң дресс-код қойылмайды, сондықтан кэжуал стильді батыл кие аласыз. Алайда сол стильдің бір тармағы самрт-кэжуалды таңдаған жөн. Бұл стиль өзіне классика элементтерін және кэжуал стиль киімдерін қосады. Студенттерге сай келетін сән бағытының тағы бір түрі — преппи (preppy) стилі. Бұл стильдің негізіне үш базалық түсінік бар: жайлылық, салтанаттылық және жинақылық. Преппи стилінде киінетін студенттің гардеробында ромб суреті бар тоқылған жеңсіз киім, кең тұратын пенжек, түрлі түсті колготки және галстук болуы керек. Әрине, мұндай киімдерді көбінесе еуропалық колледж студенттері киеді, алайда бұл стильдің сәнді әрі жинақы көрінетіні анық.

А. Жапатова