Әтір таңдай білу

Әтір таңдай білу
Фото: amur.kz

Имиджді қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі – әтір таңдай білу. Егер осыған дейін сүйікті иіс суыңызды таңдамаған болсаңыз, онда бұл қателікті түзейтін кез келді. Ең дұрысы сапалы өнімді алған жөн. Мұндай нәрсені ұзақ уақыт пайдаға жарата аласыз. Ол үшін арнайы салондардағы тәжірибелі мамандар көмектеседі.

Өнімнің бағасы маңызды емес. Басты мәселе – өзіңізге лайықты әтірді таңдау. Әтірді сатып алуға көтеріңкі көңіл күймен, таңертеңгі уақытта барған дұрыс. Себебі дәл осы мезгілде иіс сезу мүшелері жақсы жұмыс істейді. Әтір сатып алар кезде бірер күн бұрын әтір қолданбаған дұрыс. Бұл – иісті дұрыс таңдауға септігін тигізеді. Дүкенде кеңесшімен ақылдасып, 2-3 құтыны байқап көрген жөн. Иістерді таңдағанда, алғашқы үш иісті ғана адам толық сезінеді.

Шамадан тыс иіскей беруге де болмайды. Себебі ондай жағдайда әтірдің бәрі бәрдей иісті болып кетеді. Кейде бас айналып, ауыратын сәттер де кездеседі. Көп әтірді иіскеп таңдағанда, ара-арасында кофені иіскеп тұру да ұсынылады. Адсорбция нәтижесінде кофе бөгде иістердің бәрін жояды да, ары қарай қалаған иіс суыңызды кедергісіз таңдай аласыз.

Иіс суды құтының қақпағына емес, аз бөлігін блоттерге (арнайы картон қағазға) себу керек. Жай қағазға әтір себетін болсаңыз, оның құрамындағы спирт ыдырағанша, ұзақ уақыт кетеді. Иісті бірнеше рет иіскеп көру қажет, сонда ғана оның нағыз иісін ажыратасыз. Алдымен, үстіңгі қабаттағы иісті сезесіз. Ал ортаңғы және негізгі иісті шлейфті кейінірек сезінесіз. Егер иіс ұнаса, оны қолыңызға шашыңыз. Себебі иіс тек дене терісінде, әсіресе жүрек соғысы бар жақта дүрсілмен, дене тынысымен үйлесім тауып, жақсы сезіледі. Қолыңызда сағат болмасын, ол иісті өзгертеді.

Егер ащы тағам жесеңіз, әтірдің иісі өткір боп сезілуі мүмкін. Құрғақ, суық ауа райында иістер аса күшті болмайды. Ал жылы, ылғалды ауа райында керісінше, жақсы әсер береді. Қыз балада көңіл күйге байланысты пайдаланылатын иіс судың түр-түрі болғаны жөн.

Бір иісті ұзақ уақыт қолдану зиян. Өйткені иіске үйреніп, кейінірек оны сезбей қалуыңыз мүмкін. Кейбір адамдарда аллергия пайда болады. әтірлер бір-бірінен құрамындағы парфюмерлік экстракт мөлшеріне қарай ажыратылады. Ол артқан сайын иіссу бағасы да қымбаттай түседі. Әтірлерде ол 35 пайызды құраса, парфюмерлік суларда 10-20 пайыз, иіс суларда 3-5 пайыз. Бірден үлкен құтыдағысын сатып алудың қажеті жоқ.

Әтірді қалай қолдану керек? Бірнеше тамшыны құлақтың артына себеміз. Одан басқа адамның денесінде жылу сақталатын 12 жерге себуге болады. Эсте Лаудер әтірді бүріккішпен шашуға кеңес береді. Ол: «Әтірді бүркіп қап, сол хош иіс бұлтының арасына сүңгіп кірсең, иіссу бүкіл денеге біркелкі таралады»,– деп ұсынады.

@. @assel_assanova