Жазғы сән-2016: Кеңсе көйлектері

Жазғы сән-2016: Кеңсе көйлектері
Фото: delovoi-etiket.ru

Жаз мезгілінің көп уақытын кеңседе өткізетін болсаңыз, ауа райы ыстық кезінде жұмысқа не киетініңіз ойландыратын болар. Сән көрсетілімдерінде 2016 жылы жаз мезгіліне арнап дизайнерлер бірнеше  кеңсе киімдерін ұсынды. Әрине, басты назар іскерлік көйлектерге қойылды. Себебі әйел адамның нәзіктігі мен әдемілігін көрсетуде көйлектердің орны бөлек. Ендеше, жазда сәнде болатын кеңсе көйлектеріне көз жүгіртіңіздер.  

Жолақ көйлектер

Жолақ принтке аздап қатаңдық беру үшін тегіс жолақ емес, жартылай бір түсті матамен араласқан түрін таңдасаңыз болады. Жолақ көйлек кеңсе үшін жеңілтек түрде көрінбес үшін оның суық түстерін алуға болады. Мысалы, көк, қара және ақ түсті жолақ көйлектер.

Жейде-көйлек

Ер адамдар стилінде тігілген көйлектерді кеңсеге ойланбастан киюге болады. Мұндай көйлектер көп жағдайда ашық түстерден тігіледі. Соның ішінде, ақ түсті жейде-көйлектер ешқашан сәннен кетпейді. Мұндай үлгідегі көйлектің қайырма жағалы және басынан аяғына дейін ілгекті түрлері өте әдемі көрінеді. Бұл көйлектердің әдетте, жеңі ұзын болып келеді. Егер ауа-райы қатты ыстықтаса, көйлектің жеңін қайырып аласыз. Алайда биылғы сән көрсетілімдерінде мұндай көйлектердің жеңсіз түрлері де болды. 

Кең үлгідегі көйлектер

Пішінсіз болса да кең үлгідегі көйлектердің ерекшелігі бар. Ол ыңғайлы болғандықтан және ыстық күндері қыздардың көпшілігі кең көйлектер кигісі келетіндіктен, танымалдыққа ие болып отыр. Биылғы жазда да мұндай көйлектер сәннен кетер емес. 

"Құмыра" көйлек

Іскерлік "құмыра" көйлектердің танымалдығы қысқа қара көйлектермен бірдей десек те болады. Мұндай көйлектер әйел адамның пішінін айқындап, қатаң әрі әйелдік үлгі тудырады. 

А. Жапатова