Қазақстан Олимпиада ойындарында

Қазақстан Олимпиада ойындарында

Лондонда өткен ХХХ Олимпиада ойындары Қазақстан үшін ең сәтті өткені анық. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарына 5 рет қатысқан. 5 рет Қазақстан делегациясы Олимпиада ашылуларында бой көрсетті және әр кезде әртүрлі формада шықты. Лондон Олимпиадасына арнап тігілген форманың сұрықсыз, талғамсыздығын айтып, біраз адам дүрліккен болатын. Алайда бұл біздің биік тұғырдан көрінуімізге еш кедергі бола алмады. Бастапқы кезде форма ұнамаған болса да, кейін еліміздің таныстырылуы кезінде шынымен-ақ көз тартарлық екенін мойындап жатқандар да болды. Еліміздің Атлантада өткен 1996 жылдан бері Олимпиада шеруіне киген формаларын бір еске түсіріп өтейік.

1996 жылы АҚШ-тың Джорджия штатының Атлантада қаласында өткен Олимпиада ойындары

Өкінішке орай, 1996 жылы Интернет пен оның мүмкіншіліктері дамымаған еді. Сол себепті Қазақстан делегациясының формамен түскені интернетте жоқ болып шықты. Тек осы екі сурет қазақстандық жарыскер Андрей Тетерюктің әлеуметтік желідегі парақшасынан табылған екен. Спортшылардың арасында Лондон Олимпиадасының жүлдегері Александр Винокуровты байқауға болады. 1996 жылы қазақстандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс, 5 қола медальге қол жеткізген. Ерлер костюмі туымыздың түсіне сәйкес көк, ал галстук күннің сары түсіне икемделген. Төсбелгіде Қазақстан туының өрнектері. Бір жағынан өте қарапайым сияқты.

2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Олимпиада ойындары

Сидней Олимпиадасының салтанатты ашылуына тігілген формаларды сол кездері елімізге алтын сыйлаған үш спортшымыз арқылы көруге болады. Олар: бокстан Олимпиада Чемпионы Бекзат Саттарханов, жеңіл атлектикадан Ольга Шишигина және тағы бір ардагер боксшымыз Ермахан Ыбрайымов. Жалпы 2000 жылы қазақстандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс медальға қол жеткізге болатын. Бұл жолы да спортшылардың киімдері Атлантадан аса ерекшеленбеген сыңайлы. 

Грецияның Афины қаласында өткен 2004 жылғы Олимпиада ойындары

Бұл жылы да спортшыларымыздың костюмдерінің түсі өзгермесе де қыздардың формаларында ою пайда болып, ұлттық нақышта, сәнді болған сияқты. 2004 жылғы Олимпиада Қазақстан үшін аса жемісті бола қоймады. Қазақстан аңсаған алтынды жалғыз боксшымыз Бахтияр Артаев сыйлаған болатын. Сонымен қатар 4 күміс және 3 қола медальге қол жеткіздік. Онсайыстан осы жылы да өнер көрсеткен Дмитрий Карпов (суретте ең бойшаң спортшы) Афины Олимпиадасында қол жүлдеге ие болған.

2008 жылы Қытай астанасы Пекинде өткен Олимпиада ойындары

Бұл жолы әдеттегі көк костюм ақ костюмге ауысқан екен. Ал туымыздың сары түсі цитрусты қызғылт сарыға ауысқаны бір жағынан тапқырлық болар. Қыздардың қызғылт сары белдемшелері мен шляпалары көзге бірден түседі. Ал мойынға байланған көк лента мен галстук туымыздың символикаларының нақышында. Бұл Олимпиадада да аса үлкен нәтижеге жете қоймадық. 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль.

2012 жылғы Ұлыбритания астанасы Лондонда өткен Олимпиада ойындары

Лондондық форманы бәріміз жаттап үлгерген шығармыз. Форма айналасында дау-дамай көп болса да, спортшыларымыз салтанатты ашылу кезінде басқа елдермен салыстырғанда өте сәнді көрінді.   

Олимпиада ашылуына әр жылдары киілген формаларды салыстыра отыра қай форма сізге ұнады? 

Суреттер: locman.kz, astanafans.com, voxpopuli.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina