2009–2013 жылдары "Қазақстан Аруы" тәжін киген арулар

2009–2013 жылдары "Қазақстан Аруы" тәжін киген арулар

Құрметті оқырман! 2009–2013 жылдар аралығында "Қазақстан Аруы" тәжін киген арулар мен олардың "Әлем Аруында" бақ сынауы туралы жіктеп жаздық. 

2009 жылы сол кезде 18 жастағы Сымбат Мадиярова "Қазақстан Аруы–2009" тәжін жеңіп алды. Ару 2010 жылы "Әлем Аруында" бақ сынауы керек болатын. Дегенмен Сымбат түсініксіз себептермен бұл конкурсқа қатыспай, оның орнына "Әлем Аруы–2009" және "Жаһан Аруы–2009" байқауында Қазақстан атын Әсел Көшікова қорғады. Осы екі байқауда да сол кезде 27 жастағы Әсел жасы ең үлкен ару ретінде ғана көзге түсе алды.

Сымбат Мадиярова

"Қазақстан Аруы–2010" атағы Жанна Жұмалиеваға бұйырды. "Орал Аруы – 2010" Жанна Жұмалиева – Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің түлегі. Ол 2011 жылы "Әлем Аруы–2011" байқауында Қазақстанның намысын қорғап, сайыстан "Әлем Аруы–2011 Топ Модель" титулына ие болып оралды. 

Жанна Жұмалиева

"Қазақстан Аруы–2011" – Талдықорғанның тумасы Айнұр Төлеуова. 1995 жылы туылған ару Қазақстан ханшайымы ретінде "Әлем Аруы–2012" байқауына қатысуы керек болатын. Дегенмен Айнұрдың бұл байқауға қатысуы үшін жасы сәйкес келмей, әлем арулары бақ сынаған байқауға биыл, 2013 жылы ғана, жасы 18-ге толған шағында қатысты. Айнұрдың орнына былтырғы жылы "Әлем Аруы–2012" байқауында Қазақстан атынан астаналық Евгения Клишина шығып, ол "Әлем Аруы–2012" байқауының ең сұлу 30 аруының қатарына еніп қайтты. 

Айнұр Төлеуова

"Қазақстан Аруы–2012" тәжі шымкенттік Жазира Нұрымбетоваға тиесілі болды. Мамандығы бухгалтер Жазира "Әлем аруы–2013" сайысына қатысады, ал Айнұр Төлеуова болса "Жаһан Аруы–2013" сайысында бақ сынайтын болады деп жоспарланған еді. Бірақ Айнұрдың жасы сай келмей, Айнұр "Әлем Аруы–2013-ке" қатысты. Ал Жазира болса, "Қазақстан Аруы–2013" пен "Әлем Аруы–2013" байқауларының өткізілу мерзімі сай келмей қалып, "Жаһан Аруы–2013-ке" қатыса алмайтын болды. Оның орнына "Жаһан Аруы–2013" байқауына Айгерім Қожахан қатысты. Ал Жазира Нұрымбетова "Әлем Аруы–2014" сайсында ел намысын қорғайтын болады. 

Жазира Нұрымбетова

Өтіп бара жатқан 2013 жылдағы Қазақстанның ең сұлу аруы болып 24 жасар алматылық Айдай Исаева танылды. "Қазақстан Аруы–2013" С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің студенті.

Айдай Исаева

Сурет: np.kz, news.nur.kz, uber.kz, kursiv.kz, kaduman.kazakh.ru, tengrinews.kz, forbes.kz

Басты көрнекі сурет: nemiga.info

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова